Basty bet
Құтқарушыларға кұрмет көрсетілді
19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халықтың қауіпсіздігіне қалтқысыз еңбек етіп келеді.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжаттың негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді.
19 қазан – Құтқарушылар күні кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында жиын өтіп, оған Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жуалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшылығы мен қызметкерлері шақырылды.
Жиынға қатысып сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, құтқарушылар қызметінің ел өміріндегі маңызына кеңінен тоқталып, аудан құтқарушылары мен Төтенше жағдайлар құрылымы қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтіп, сала үздіктерінің бірқатарына марапат тапсырды.
Атап айтқанда, кәсіби мерекеге арналған шағын жиын барысында Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Ғани Төлегенов аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сала қызметкерлері Құнанбай Темірланұлы және Бақтияр Мағыртай аудан әкімінің Алғысхаттарына ие болса, бірқатар үздіктер «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарын иеленді.
Құтқарушылар күні кәсіби мерекесіне орай Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев та сөз сөйлеп, әріптестерін атаулы датамен құттықтап, ел мен жерге амандық, сонымен бірге, құтқарушылардың қызметіне табыс тілейтінін жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»