Қазгидромет РМК мамандары: «Қазақстанда биыл қыс ерекше жылы болады. Мұндай қыс 20 жылдан аса уақыттан бері болмаған. Алайда, бұл мүлде аномалия емес. Консультативтік-маусымдық ауа райы болжамына сәйкес, 2023-2024 жылдардағы қыс 2001-2002 жылдардағы қыстың сценарийіне сәйкес келеді. Яғни жауын-шашын нормаға жақын немесе одан да көп болады», – деп атап өткен болатын. Мамандар, осындай болжам жасағанымен табиғаттың тосын сыйы бітер ме?! Әсіресе, Жуалыда…
Биылғы ауа райының құбылмалы мінезі тұрғындарға қандай жағдайға болса да дайын болу керектігін ұғындыратындай. Қыстың алғашқы күндері ауа райы жылы болып, көпшілік арасында биыл қыс жылы болады деген ой да қалыптасты. Дегенмен, күннің біресе көктемнің жайма-шуақ күніндей жылы болып, біресе, дауыл соғып, ақ боранның түтеуі биылғы ауа райының мың құбылып тұрғанын байқатады. Бұл, «Боранды» деп аталып кеткен Жуалы өңірінің қатал табиғатына тән құбылыс болса керек.
Дегенмен «Қыс жылы болады» екен деп қысқа қамданбауға болмайды. Желтоқсан айының ортасында аяз қысып, жолдар жабылып, автокөлік қозғалысының да тоқтағаны баршамызға белгілі. Осыдан кейін-ақ, өңірде қыстың қытымыр мінезіне дайындықты пысықтау керектігі анық байқалды.
Қаңтар айының басы жылы болғанымен, соңғы күндері қар жауып, қыстың көркін келтіруде. Мұндай сәттерде тұрғындардың жүріп-тұруына, олардың қауіпсіздігіне бірінші кезекте жағдай жасалуы қажет-ақ.
Аудандағы автомобиль жолдарына қысқы күтіп-баптау жұмыстары «Жуалы-Су» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне жүктелген.
Аталған мекеме ауданның 76-58 шақырым облыстық, 108,12 шақырым аудандық және 51,2 шақырым ауылішілік мәндегі автомобиль жолдарына қысқы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізеді. Мекемеде қар күреуге және автомобиль жолдарына тайғаққа қарсы инертті материалдар себуге арналған 14 дана түрлі техника мен тіркемелері бар. 15 тонна жанар-жағармай және 30 тонна тайғаққа қарсы себілетін техникалық тұз бен 270 тонна құм алдын ала әзірленген. Облыстық, аудандық мәндегі және ауылішілік жолдарға қызмет көрсетуге 16 дана техника мен тіркемелер дайындалған. Олар: екі дана Урал СШР, бір дана автогрейдер, төрт дана МТЗ-892 күрегімен, бір дана МТЗ-82П күрегімен, бір дана МТЗ-82-1 күрегімен, екі дана КаМАЗ жүк көлігі, екі дана XGMA-X6955N қар жарғыш, қар күрегіш, екі дана доңғалақты эксковатор, бір дана УАЗ автокөлігі, төрт РУМ РМТ құм себетін тіркеме.
Мекеменің бас инженері Бақытжан Сүлейменқұловтың айтуынша, мұнда жалпы 135 адам жұмыс істейді, оның 21-і жүргізуші мен механизаторлар.
Бүгінгі таңда мекеме базасындағы техникалардың барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр және қысқы қар тазалау жұмыстарына дайын.
-Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қыстың жылы күндеріне қарап, еш дайындықсыз отыруға болмайды.
Жүргізушілер мен механизаторлар жеткілікті. Техникалар да жөнделіп, қысқы қар тазалау жұмыстарына дайын. Жалпы қысқы уақытта тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін бірінші кезекте, автожолдардың қардан тазалануы маңызды. Ең бірінші кезекте, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының ауылішілік көше жолдарын қардан тазалау жұмыстарына басымдық беріледі. Техникалар мекеменің жауапты шақырымдарына бөлініп, тез арада қар тазалау жұмыстарына кіріседі. Автожолдарды тазалаған жүргізушілердің жұмысын бақылайтын жауапты шебер де бекітілген. Сондықтан жолдардың дұрыс тазалануы үнемі бақылауда, – дейді бас инженер Бақытжан Жомартбекұлы.
Сонымен қатар, сұхбат барысында бас инженерден көптің көкейінде жүрген «құм араласқан тұз неге барлық көшеге себілмейді?» деген сауалға да жауап алған болатынбыз. Ол құм араласқан тұздың да өз себілу тәртібі бар екенін айтады. Яғни, құм көбінесе қозғалысқа қауіпті аймақтарға себілуге тиіс. Көлік қозғалысы көп орталық көшелерге, аудандық орталық аурухананың маңына, орталық базарға, қиылыстарға және ылдиларға құм араласқан тұз себілуі керек. Құм араласқан тұздың жолға шамадан көп себілуі экологияға да өз зиянын тигізбей қоймайды. Маманның айтуынша, ол, біріншіден, жолдың сапасына әсер етсе, екіншіден, оның көше бойындағы өсімдіктерге де залалы бар. Ол залал бірден байқалмаса да, жыл өткен сайын байқалады екен.
Бас инженер Б.Сүлейменқұловтың айтуынша, мекемеде қар тазалау жұмыстарына қажетті техникалардың көбісі ескірген, яғни, мекемеге қосымша техникаларды сатып алудың қажеттігі туындап отыр. Мұнда 2017 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен төрт дана МТЗ-892 Белорусь тракторы мен екі дана XGMA-X6955N ауыр салмақты жүктиегіш техникасы алынған. Ал, бұрынғы техникалар 2006-2012 жылдар аралығында алынса, бүгінгі күні олардың тозығы жетіп отыр. Аталған алты дана техника аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдық округтердің қыс мезгілінде жиі орын алатын қарлы борандарда елді мекен тұрғындарға жол қиындықтарын болдырмау, алдын алу мақсатында облыстық және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын қардан тазалау, таулы аймақтарда қатты су тасқыны кезінде шұғыл жұмыстарды атқаруға бөлінген.
Міне, кәсіпорынның қолданыстағы материалдық-техникалық базасының тозығы жетіп ескіруі, қысқы маусымда облыстық және аудандық мәндегі, Б.Момышұлы ауылішілік автомобиль жолдарын қысқы күтіп-баптау жұмыстарына өзінің кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Аталған жұмыстарды да атқару қолда бар арнайы техникалардың ескіргендігі, сондай-ақ, олардың жетіспейтіндігі айқын сезіліп отыр. Осыдан кейін аудандағы автомобиль жолдарының ақсауына байланысты айтылған тұрғындар шағымының растығына көзің жете түседі.
Мекеменің бас инженері осындай проблемалармен бөлісе отырып, алдағы уақытта кәсіпорынға екі дана МТЗ тракторы, бір дана әмбебап МДК КаМАЗ техникасы, бір дана шынжыр табанды трактор және бір дана әмбебап қалдық шығаруға арналған техниканың қажет екенін де атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпорынға тиесілі техникаларды қоятын арнайы тұрақжайдың жоқтығы, оның тарлығы да жұмыстарға кері әсерін тигізіп отырған көрінеді.
Қолда бар техникамен аудандағы жұмыстарды үйлестіріп отырған мекеменің жұмысына өңір тұрғындарының ішінен сын айтушылар да табылады. Жасыратыны жоқ, ауа райы күрт бұзылып, қалың қар жауа қалса, көшелердің уақтылы қардан тазаланбауы ара-тұра кездесіп тұрады. Осындай кездері тұрғындар наразылық танытып, көшелердің уақтылы қардан тазаланбауын айтып, шағымданып жатады. Тұрғындар кейбір ауылішілік жолдардың дұрыс тазаланбайтынын да айтады. Кей көшелер тек бір ғана автокөлік жүре алатындай ғана тазаланып кететінін қайтерсің?! Бұл жағдай көбінесе, жаяу жүргіншілердің де наразылығын тудырады. Онымен не адам жүре алмайды, не автокөлік тар көшеге сыймайды.
Қар тазалау жұмысы, әсіресе, қыстың күндері маңызға ие. Десе де, бұл жұмыстарды толыққанды атқаруға жауапты мекеме мамандары қанша күш салғанымен, оған материалдық-техникалық базаның ескіргендігі мен жетіспеушілігі мүмкіндік бермей отыр. Осыған сәйкес, аудандағы коммуналдық шаруашылық бағытындағы жұмыстарды жүзеге асырып отырған мекеменің техникалық базасын жаңарту күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде қала бермек.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»