Basty bet
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
№26 Жаңаталап орта мектебінде қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы қазақ аруын қалыптастыру және мектеп білім алушыларының сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздар ортасын құру мақсатында «Қыз Жібек» қыздар клубы жұмыс істейді.
Осыған орай, қыздардың мінез-құлқының, іс-қимылының дүниедегі ең сұлу мәнге ие екендігін дәлелдеу, сол арқылы оқушылардың жандүниесінің сұлу болуына ықпал жасау, яғни оқушылар бойындағы эстетикалық тәрбиені қалыптастыру мақсатында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыптарында сынып сағаттары, дәріс сабақтары және «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Шара барысында мектеп медбикесі Перизат Көшкімбаева қыздарға «Тазалық, тәртіп – басты талап» атты жеке бас гигиенасы туралы кеңес жұмысын жүргізді. Кеңесте қыздарға жалпы ағзадағы өзгерістер, сырт келбеттегі өзгерістер, дұрыс жуыну ережелері, тазалық шарттары туралы түсіндірді. Қыз балалар тақырып бойынша сұрақтарын қойып, ой бөлісті.
Мектеп психологы Ажаркүл Мұратбекова қыз балаларға адамгершілік, адалдық, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысын түсіндіру мақсатында сынып сағатына көпбалалы, үлгілі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген аналарды қонаққа шақырды. Аналар өздерінің өмірлік тәжірибелерінен қыздарға ақыл кеңестерін айтып, жат қылықтардан аулақ болуға шақырды.
Халқымыз ертеден «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, Ұл атадан үйренбей сапар шекпес», деп Қорқыт ата даналық сөзін өсиет етсе немесе «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер», деп халық та бекер айтпаған болар. Анадан мұра болып қалған қазақ қолөнерін жаңғыртып қыздарға үйрету «Клуб» жетекшілерінің негізгі міндеті.
Бос уақытта қыздарды фетр матадан жейде, тақия, тұрмыста пайдаланатын заттарды қазақша нақышта тігуді үйретіп, ісмерлікке баулып отырамыз.
«Қыз жібек» қыздар клубы аяулы аруларымыздың тәрбиелі, парасатты, жан-жақты болып өсуіне ықпалын тигізіп жүрген бірден бір клуб десем артық айтқаным емес. Алдағы уақытта да аталмыш клуб көптеген игі істерге ұйтқы болады деп сенім білдіремін.
Б.САТЫБАЛДИЕВА,
«Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі