Basty bet

Тағдырдың тауқыметін бірге көтерген…

Отбасының мерейлі әрі өнегелі болуы жанұядағы татулық, бірлікпен өлшенеді. Жарастық орнаған шаңырақтың ғұмыры ұзақ.
Адам баласының ажары да, бақыты да – отбасы.
15 сәуір – Ғашықтар күніне орай жас та болса көпке үлгілі қарасаздық Досжан Сейделдаев және жары Тұрсынай Тілешова туралы әңгімелемекпіз.
Досжан Сейделдаев 1984 жылы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы Парасат колледжін құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған. Ал, жары Тұрсынай Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тумасы. Мамандығы – тарих-география пәнінің мұғалімі.
Отағасы екеуінің отандасқандарына 13 жылдай уақыт болған. Олар бүгінде Анель және Аяна есімді қыздардың аяулы ата-анасы. Оның бірі ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте 5 сыныпта оқыса, екіншісі 2 сынып оқушысы. Екеуінің де сабақ үлгерімдері жақсы.
Досжан Сейделдаевтың айтуынша, ол болашақ жарымен агент парақшасы арқылы танысқан екен. Таныстықтарының соңы сезімге ұласып, бір-екі рет кездескеннен соң отау құруға бел байлайды. Осылайша 2010 жылы қос ғашықтың некелері ресми түрде қиылады.
«Мен Тұрсынайдың ашық әрі жайдары мінезіне ғашық болдым. Күлімдеген кезде күн нұрындай жарқырайтын. Бүгінде міне жарына адал, отбасына қамқор ана атанып, жанұямыздың берекесін келтіріп отыр. Аллаға шүкір бақытты отбасымыз», дейді Досжан Бақытханұлы.
– Арқа сүйер азаматым әрқашанда отбасына қамқор, еңбекқор, жанашыр әке, менің жанымның жалауы. Жадырап, жайнап жүретінім де жан жарымның арқасы деп білемін. Сол үшін де айтар алғысым шексіз, – дейді Тұрсынай Тілешова.
Айта кету керек, жанұяның ұйытқысы, аяулы ана Тұрсынай Тілешова 170.2 төменгі аяқ артериясының облитерациялық атеросклерозы және PBA және екі аяқ-қолдың қалқымалы артериясының окклюзиясы, артериялық қан айналымының бұзылуы ауруына шалдыққан. Осылайша ол қос аяғынан айырылып, бүгінде арбаға таңылып отыр. Дегенмен тағдырдың тауқыметіне мойымаған ол, отбасының тірегі Досжан екеуі сүйіспеншілік пен махаббатқа деген беріктігінің арқасында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Тұрсынай үйде отырып та жұмыс жасап отыр. Ол, ауыл тұрғындарына ақылы түрде компьютерлік қызметтің барлық түрін көрсетеді. Одан бөлек, туған күндерге, мерекелерде сүйікті адамыңыздың суретін қойып, көздің жауын алатындай әсем шыныаяқ (кружка) жасаумен айналысады. Бүгінде шыныаяққа тапсырыс берушілердің қатары көбейген. Тек ауыл тұрғындары ғана емес, аудан орталығынан және ауданға қарасты шет ауылдардан да тапсырыс көптеп түсіп жатады. Ал, бұл шыныаяқтарды Шымкент қаласынан сатып алады.
Тапсырысты жеткізіп беруші отағасы – Досжан Сейделдаев.
– Жалпы біз еңбекқорлықты, жан-жақты ізденісте жүргенді ұнатамыз. Қазір заман басқа. Барлық керекті дүниелерді интернет парақшадан оп-оңай тауып алуға болады. Сол сияқты біз де Тұрсынай екеуміз жан-жақты ізденіп, осы кәсіп түрін таңдап алдық. Мұны кәсіп деп айтуға да келмейді. Бұл іске біз жай ғана хобби ретінде қараймыз. Алайда, уақыт өткен сайын тапсырыс көбейіп келеді. Мүмкін Алла бұйыртса бұл кәсіпті одан әрі дамытсақ деген ой да бар, – дейді Досжан.
Иә, бүгінгі кейіпкерлеріміздің бір-біріне деген шынайы сыйластықтарын көзімізбен көргенде ерекше әсерге бөлендік. Қосылған қос өзен секілденіп отырған көпке үлгі боларлық мұндай отбасылар көбейсе, қазақы болмысымызды сақтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін, салиқалы да салмақты ұрпақтың өсері анық.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close