Basty bet
ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫ ҚАСТЕРЛЕУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШ!
Шақпақ ауылдық округінде мектеп түлектерінің бастамасымен еңселі стелла ашылды
«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын ескерсек, өскен ортаны абаттандыру мен көгалдандыру, ауыл-аймақтың сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуға тиіс. Бұл ретте өңірге қарасты ауыл мектептерін әр жылдары бітірген түлектердің дені игілікті істердің бел ортасынан табылуда. Білім ордасынан әр жылдары түлеп ұшып, қазіргі таңда аудан облыс және республиканың көлемінде жоғары қызметтер атқарып жүрген танымал тұлғалар, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің бірлесіп атқарған еңбектері шын мәнінде жоғары бағалауға тұрарлық.
Туған жерді түлету, Табиғат-Анаға деген жанашырлық сезім, сонымен қатар, еңбекқорлық пен іскерлік – өз Отанын сүйетін барлық елжанды азаматтың бойында болуға тиісті маңызды қасиеттердің бірі екені анық. Бұл туралы 2024 жылы Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал» деген жүрекжарды тілегін білдіргені белгілі.
Бәрін айт та, бірін айт. «Туған жерге туыңды тік» жобасының негізінде қасиетті Жуалы ауданында көп жылдан бері бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Оның негізгілері аудан орталығынан шалғайда жатқан алыс ауылдарға тиесілі. Өткен аптада дәл осындай игілікті істің біріне куә болып, қуанып қайтқанымыз бар. Атап айтқанда, «Туған жерге туыңды тік» жобасының аясында ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылына кіреберіс үлкен күре жолдың бойында аталған ауылдық округтің атауы жазылған сәулетті стелла-белгінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Ауыл-аймаққа ерекше көрік беріп тұрған еңселі стелланың бой көтеруіне Шақпақата ауылындағы №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепті (бұрынғы С.М.Киров атындағы орта мектеп) 1985 жылы бітірген түлектер мұрындық болды. Биылғы соңғы қоңырау салтанаты өтетін күні туған ауылдарына асыға сағынып жеткен түлектер ең алдымен осындағы алтын ұя мектептеріне арнайы барып, ұжыммен және түлектермен кездесу өткізді. 40 жылдық кездесудің аясында өздері түлеп ұшқан мектепке ақ тілегін ақтарып, сый-сияпат жасағаннан кейін олар, ауылға кіреберістегі стелланың ашылуына қатысты. Айта кету керек, биыл мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, «Полиция генерал-майоры», жерлесіміз Қайсар Сұлтанбаев бастап келді.
Стелланың ашылуында ең алғаш құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, туған жерге туын тігіп, оның ішінде, қайда жүрсе де туған ауылдарын естен шығармай, қасиетті топыраққа тағзым етіп отырған мектеп түлектерінің игілікті ісінің ары қарай жалғаса беруіне шын жүректен тілектестік білдірді.
– Құрметті ауыл тұрғындары және қадірлі қонақтар!
Бүгін міне, дәстүрлі оқу жылының ресми аяқталуына байланысты өтіп отырған соңғы қоңырау салтанаты күні ауданда тағы бір игілікті істің куәсі болып отырмыз. Сіздерді ең алдымен аудан әкімі Жалғас Әлижанұлының атынан және қасиетті өңір тұрғындарының атынан жаңа стелланың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Шақпақ ауылдық округінің атауы бедерленген бұл жаңа стелланың ашылуы басқа да ауыл-аймақтарға жарқын үлгі. Бұл стелланың ашылуы ауыл мен ауданның сәулеттік келбетін жақсартуға да қосылған жарқын үлес. Ауыл-аймақтың көркеюіне үлкен үлес қосып отырған осындағы №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепті осыдан 40 жыл бұрын бітірген түлектерге алғыс айта отырып, дендеріне саулық, отбасына амандық тілеймін. оның қасиетті Шақпақ ауылдық округінде жалғасын тапқанына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, туған ауылына 40 жылдық кездесуге арнайы шақырылған генерал-майор Қайсар Сұлтанбаевқа даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қолтаңбасы қойылған құнды кітапты тарту етті.
Айта кету керек, жаңа стелланың ашылуында сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев осынау игілікті істің атқарылуына бастамашы және ұйытқы болған жанашыр азаматтарға алғыс білдіріп, аудан даңқының асқақтап, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеп, дами беруіне тілектестік білдірді.
Иә, дана, ойшыл Абай Құнанбайұлының сөзімен айтқанда: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» дегеніндей, жуалылық жерлестері сүйінерге жарар ұлдың бірі, ҚР ІІМ-ның Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, «Полиция генерал-майоры» Қайсар Сұлтанбаев екені белгілі. Жаңа стелланың ашылу салтанатында мектеп түлектерін 40 жылдық кездесуге бастап келген айтулы азамат Қ.Сұлтанбаевқа шақпақаталық ауылдастары жүрекжарды ізгі тілектерін жаудырумен бірге, сый-сияпат жасады.
Жиын соңында сөз сөйлеген генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев жиналған жұртшылыққа, ең бастысы, ел-жұрттың аман, қасиетті Қазақстанның іргесі берік, елде бақ-береке мен ынтымақ-бірліктің берік орнығуына, оның ішінде, жұлдызы биік Жуалы ауданы даңқының асқақ болуына перзенттік тілегін жеткізді. Жиын соңында қонақтар естелік суретке түсіп, кездесуден көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Сөз соңында айта кететін болсақ, Шақпақ ауылдық округінің атауы жазылған стеллада Жуалы ауданының логотипі және бір жағында қыран бүркіттің шағын ескерткіш-белгісі бедерленген. Бұл – Тәуелсіз ел даңқының асқақтығын, ауданның және аталған ауылдық округтің жарқын болашаққа бет түзеп, дамудың даңғыл жолына түскенін білдірсе керек.
Ауыл – елдің бесігі. Осынау қасиетті қара шаңырақты сәби жүрегінде әлдилеп, барынша қадір-қасиетіне жетіп, қасиетті өңірдің өркендеп, дамуына атсалысу – қай-қайсымызға да қасиетті борыш!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»