Basty bet
Саламатты өмір – асханадан басталады
аспаздар және әлеуметтік педагогтар арасында байқау өтті
Өткен аптада аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Саламатты өмір – асханадан басталады» атты байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты – білім беру мекемелеріндегі қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыруға жауапты әлеуметтік педагогтар мен мектеп аспазшыларының кәсіби шеберлігін арттыру, ыстық тамақты ұйымдастырудың тиімді әдістерімен қатар тәжірибемен бөлісу, балалардың сапалы тамақтануын қамтамасыз ету және ең үздік аспазшы мен әлеуметтік педагогты анықтау. Байқаудың бірінші кезеңі 7-18 сәуір аралығы білім беру ұйымдарында (мектепішілік) өтті. Білім беру мекемелеріндегі (бастауыш және негізгі мектептерді қоспағанда) қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыруға жауапты барлық әлеуметтік педагогтар мен мектеп аспазшылары қатысты. Осы кезеңде ең жоғары ұпай жинаған 30 білім мекемесінен 11 аспазшы және 11 әлеуметтік педагог іріктеліп, екінші кезеңге өтті.
Аудандық кезең үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде барлық қатысушылар өздерін үш минуттық видеоролик арқылы таныстырды. Ал екінші бөлімде аспазшылар мектеп асханасындағы оқушыларға берілетін 1 күндік ас мәзірін алдын ала жеребе бойынша таңдап, тағамның жасалу жолын, қолданылған өнімдерді және аспаздық әдістерін түсіндірді. Ал әлеуметтік педагогтар бұл бөлімде Kahoot платформасы арқылы 30 сұраққа жауап берді. Бұл кезеңде жылдам әрі дұрыс жауап беру арқылы, қатысушылардың жауаптары интерактивті тақтада көрініп, жеңімпаздарды жүйе автоматты түрде анықтады.
Ал, үшінші бөлімде барлық аспазшы ортада өз өнерлерін көрсетсе, әлеуметтік педагогтар ұяшықта жасырылған ситуациялық сұрақтарға ауызша жауап берді.
Оларға аудан әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің басшысы Ерназар Жүзбаев, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Мақсұтбек Арзымбетов, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Гүлнұр Раеева, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының консультанты Зейнеп Дәуренова және аудандық білім бөлімінің материалдық қаржы қамтамасыз ету бөлімінің бухгалтері Айша Сугурова қазылық етті.
Іс-шарадағы алғашқы сөз аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаеваға берілді. Ол байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға қатысушылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша әлеуметтік педагогтар арасында бас жүлдені №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогі Жайсакүл Алтынбекова иеленді. І орын Гаухар Сайманова (Күреңбел ОМ), ІІ орын Назым Каналбаеваға (Ш.Мұртаза ат.МГ) бұйырса, ІІІ орынды Ботагөз Сатымқұл (Ақтөбе тірек мектебі) алды.
Ал аспаздар арасында төмендегідей орындар берілді. Бас жүлде және “Ең үздік аспаз” аталымын Сандуғаш Мырзалиева (№9 Абай ат.ОМ) алды. І орын Айнұр Орманкулова (Мыңбұлақ ОМ), ІІ орын Айжан Жапаркулова (№15 Ә.Бөкейхан атындағы МЛ) иеленсе, ІІІ орын Гүльфайруз Ахметоваға ( Ы.Алтынсарин ат.ОМ) бұйырды.
Ал қалған қатысушылардың барлығы Алғысхат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»