Basty bet
Зейнетақы жарналары уақтылы аударылуы тиіс
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үш жақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысына комиссия мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – аудандық білім бөлімі мен аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жуалы-Су» МКК қызметкерлеріне зейнетақы жарнасының уақтылы аударылмауы.
Аталған мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева баяндама жасады.
-Аудандық білім бөлімі мен «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы «Жуалы аудандық комитеті» арасында 2023-2024 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы ұжымдық шарт бойынша 3136 қызметкермен келісім шарт жасалған. Алайда бұл қызметкерлердің арасында бала санымен 53 жасында зейнетке шыққан, декреттік демалыста отырған қызметкерлер бар.
Ай сайын жоғарыда аталған зейнет жасына жеткен қызметкердің зейнетақы жарналары және кейбір төлқұжаттарының мерзімі аяқталған қызметкерлердің де зейнетақы жарналары кері қайтарылып отыр.
Біздің бөлімде зейнетақы жарнасы еңбек ақысы аударылғаннан кейін келесі айдың 10-шы жұлдызына дейін аударылып отырады.
Алайда зейнетақы жарнасын уақтылы аудармай кешіктірген себебіміз, облыстық басқармада ай сайынғы қаражат жылжыту, бөлім басшыларының ауысуы, еңбекке жарамсыз парағына шығуы, қол үлгілерінің қазынашылық басқармасынан өтіп келуіне және тағы басқа себептерге байланысты,- деді Бақыт Шертаева.
Ал, «Жуалы-Су» КМК-ның басшысы да алдағы уақытта мұндай қателіктер болмайтынын, зейнетақы жарнасы уақтылы аударылатынын айтты.
Отырыста тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Комиссия отырысын Анар Ахметова қорытындылап, аталған мекеме басшыларына мәселені зерделеп, орын алған кемшіліктер қайта қайталанбауын тапсырды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»