Basty bet
Президенттің байыпты бастамасы
«Ұлттық қор – балаларға» – ұрпақтың қамын ойлайтын ұтымды бағдарлама
Ұлу жылы ел өмірінде бірқатар айшықты оқиғалардың қолға алынуы, ел экономикасын дамытумен қатар, ұлт пен ұрпақтың дамуына, оның болашағына бірқатар жағдайлар жасаумен ерекшеленгелі отыр. Жылдың басты жаңалығы ретінде – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атап айтуымызға болады. Бұл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекет деңгейінде қолға алынған ұлт болашағы мен ұрпақтың қамын ойлайтын, сонымен қатар жас ұрпақтың болашағына салынған инвестиция ретіндегі ұтымды бағдарлама екені анық. Ұлт пен ұрпақтың қамын бірдей ойлайтын ел ғана осылай жасаса керек.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 420 мыңға жуық бала жарық дүниенің есігін ашады екен. Ұрпақтың көп болуы арқылы ұлттың көсегесін көгертуді көздейтін кеңпейіл қазақ халқы үшін бұл үлкен қуаныш. 2023 жылы Қазақстан халқының саны – 20 милиион адамға жетті. Бұл көзайым қуанышқа халық болып бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз рас. Қуанышымыз қойнымызға сыймай қайтсін?! Талай қысталаң замандарды көріп, небір зобалаңды бастан кешірген қазақ халқының саны көбеюіне барлығымыз тілектес болғанымыз рас. Онсыз да «ат төбеліндей» аз халықты Жаратқанның өзі қолдай беретініне әлі де үмітіміз мол. Ұрпақ көбейсе, ұлттың да саны артып, тиісінше, сапасы да артатыны сөзсіз.
Бір қозы туылса, бір жусан артық шығады. Бұл – жарық дүниеге келген әрбір тіршілік иесінің ырыздық-несібесіз қалмайтынын айқын меңзеп тұрғандай. Біз әдетте «Елдің болашағы – жастар, жас ұрпақ.
Мемлекеттің және қоғамның ертеңгі бет-бейнесі қазіргі жастарға байланысты» деген пікірлерді де көп айтамыз. Біздің елде жас ұрпақтың білім алуына, өмір сүруіне мемлекет тарапынан бірқатар жағдайлар жасалу үстінде. Жас ұрпақтың тәрбиелі де саналы, білімді болып қалыптасуына алғаш рет мектепке дейінгі мекемелерде жағдай жасалса, одан кейін мектепте балаларға орта білім алуға толыққанды жағдайлар жасалған. Мектепті үздік бітірген оқушыларға ары қарай жоғары оқу орнында оқуына да мемлекеттің тарапынан тегін білім алуға білім гранттары қарастырылатынын білеміз. Одан бөлек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолға алынып, үздіктердің үздігіне арналған халықаралық «Болашақ» бағдарламасы да ұлт пен мемлекеттің дамуына жасалып жатқан жағдайлар екеніне дау жоқ.
Ал ұрпақтың болашағын ойласақ, оның қолжетімді білім алуымен қатар, баспанамен қамтамасыз етілуіне де көңіл бөлу мемлекет деңгейіндегі өткір тұрған өзекті мәселе екенін ешкімнен жасыра алмаймыз. Бұл ретте, биыл қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жастарды және жас отбасыларды ішінара болса да баспанамен қамту ісіне өзіндік үлес қосатынына сенім мол. Аталған бағдарламаның Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды бастама болып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Бұл – ел ертеңіне негізделген стратегиялық инвестиция, ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама.
Иә, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы мәселе биыл ғана айтыла бастаған жоқ. Бұл бағдарлама туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Қазақстан халқына арнаған «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтқан болатын. Президенттің бұл бастамасы әділетті қоғамның орнығуы ұлт байлығын тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден басталады деген ойымен толық үйлесіп тұр.
«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пәрменімен қолға алынған аталған бағдарламаның қашан басталатыны және оның қандай мақсатты көздейтіні, сонымен қатар шарттары туралы маңызды түсіндірулер отандық БАҚ-та кеңінен көрініс табу үстінде. Байыпты бастамаға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ресми түрде іске қосылды.
Ресми ақпарат көздеріндегі мәліметтерді сөйлетер болсақ, осыған сәйкес, барлық балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 %-і есептеледі. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. Бала 18 жасқа толғанда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттағы ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады. Баласының бағдарлама қатысушысы болғаны туралы ақпаратты ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинеттен ала алады.
Қосымша айта кететін болсақ, Президент атап өткендей, Әділетті мемлекетті орнықтыру ісінде Ұлттық қор шынымен «ұлттық» деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететін болады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына кімдер қатыса алады деген мәселеге келсек, кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала тіркелген.
Егер 18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп кетсе немесе Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын арнайы шот балаларға автоматты түрде ашылады. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады. Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады. Алайда бұл сома өзгеруі мүмкін – бәрі Ұлттық қордың кірістілігіне байланысты. Айта кетерлігі, шоттағы ақша доллармен есептеледі және 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.
Бағдарлама туралы сөз қозғағанда, азаматтарға мына маңызды екі мәселені түсіндіріп айта кеткен жөн. 18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта ғана пайдалана алады.
Біріншісі – баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі.
Екіншісі – білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады.
Сөз соңында айта кететін болсақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушы балалардың ата-аналары «Электрондық үкімет» порталындағы (egov.kz) немесе «eGov mobile» мобильді қосымшасындағы мәліметтер базасындағы деректердің дұрыстығына баса назар аударып, балаларының тіркелген немесе тіркелмегені туралы ақпаратқа көз жеткізулері қажет. Мәліметтерді дұрыстау процесі қазіргі таңда «eGov mobile» мобильді қосымшасында қолжетімді. Олай етпеген жағдайда, ата-аналар Халыққа қызмет көрсету орталығының (ЦОН) мамандарына жүгініп, балалары туралы ақпараттарды нақтылауға мүмкіндіктері бар.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»