Basty bet
Қызметтің басты өлшемі – әділдік, тәуелсіздік және жауапкершілік
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №183 қаулысымен 24 маусым – «Судья және сот қызметкері күні» болып бекітілді. Сол уақыттан бері елімізде 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні кәсіби мереке ретінде атап өтілуде.
Бұл атаулы күн судьялар қауымдастығы үшін – Заң және әділеттіліктің үстемдігі идеалдарын бекітетіндер мен Заң қорғаушыларына құрмет белгісі ретінде үлкен маңызға ие. Мемлекеттің тәуелсіздігі, қоғамдық жүйе іргетасының мызғымас беріктігі мен тұрақтылығы, ең бастысы – адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғанысы осы игі, жауапты және құрметті міндет, ауқымды әрі күрделі еңбектің нәтижесіне байланысты.
Жуалы аудандық сотында судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы атқарып отырған міндеттеріне үлкен мән беріледі. Әсіресе, қазіргі уақытта қоғамдағы сот жүйесіне деген халықтың оң көзқарасын білдіруге және соттың жағымды имиджін қалыптастыру – негізгі талаптардың бірі болып отыр.
Сот жүйесінде талай жылдар бойы жемісті қызмет атқарған ардагерлердің орны ерекше. Олардың ауқымды әрі күрделі еңбектерінің нәтижесінде, еліміздің сот жүйесі қарқынды дамып, мәртебесі де артты.
Сот жүйесі ардагерінің бірі – бүгінде өмірден озған, бірақ артында үлкен еңбек қалдырған, еліміздің сот жүйесінде ұзақ жылдар тер төгіп, әріптестеріне жарқын үлгі бола білген азамат Құдайберген Үсенбаевтың есімін құрметпен атап өтсек болады.
Құдайберген Егембердіұлы 1954 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. 1987 жылы Жамбыл облыстық сотының бас консультанты, 1991-1993 жылдары Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотының халық судьясы, 1993-1996 жылдары Жамбыл облыстық сотының мүшесі, 1996-2012 жылдары Жамбыл облыстық сотының судьясы, 2012-2016 жылдары Жуалы аудандық сотының төрағасы болып қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылдың 27 қыркүйектегі Жарлығымен 62 жасында құрметті демалысқа шықты.
Құдайберген Егембердіұлының еңбек жолында өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді мінсіз әрі абыроймен атқарғанын жақсы білеміз. Судьялық қызметке аяқ басқаннан бергі уақытта әр іспен жете танысып, талай тағдырдың мәселесін таразылай отырып шешіп, әділ сот шешімін шығарды. Ардагер судья аудандық сот ұжымында өзінің қарапайымдылығымен, адалдығымен танылып, жергілікті халыққа тек жақсы жағынан көрініп, заң үстемдігінің мәртебесін биік ұстана білді. Құдайберген ағамыз өзінің ерекше мейірімді, қарапайым, кең пейілді ашық жүрегімен ақыл-кеңестерін түсіндіре біліп, жұмыста тәртіпті талап ете білген адам.
Құдайберген Егембердіұлы әріптестерінің арасында өзінің табиғатына тән байыптылық пен байсалдылық, пайым-парасаты мен ақыл-ойы кең, заңгерге тән берік ұстаным мен айқын көзқарасы, кәсіби қасиеттері бар білікті маман, қара қылды қақ жарған әділ де батыл судья, заңның темірқазығын ұстанған ерекше жан ретінде есте қалғаны анық.
Ортамызда аман-есен жүрген ардагер судьялар айрықша алғыс пен сый-құрметке әбден лайық. Олар сот жүйесінің қалыптасуына, елдегі құқықтық және демократиялық негіздерінің қайнар көзін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі таңда олардың басым көпшілігі қатардан табылып, өздері жинақтаған мол тәжірибені өскелең буынға беріп, жас мамандардың кәсіби судьяларға айналуына өз ықпалын тигізу үстінде. Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, алғыс айтамыз.
Реформалардың негізігі мақсаты – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайларды, адами капиталдың маңыздылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Төрткүл дүние түрленіп, қоғам өзгеруде. Бірақ біз таңдаған кәсіптің басты өлшемдері – Заңға қызмет етудің бұлжытпайтын шарттары ұстанымға беріктік, әділдік, тәуелсіздік және жауапкершілік сияқты қағидалы ұғымдар өзгеріссіз қала береді.
Сот жүйесінде болып жатқан өзгерістер халықтың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез-келген тұлғаның өз құқығын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашып, сол арқылы азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті.
Мемлекет басшысының еліміздегі сот билігіне, оның тәуелсіздігі мен төрелігінің биік деңгейде, бекем нұсқада болуына барынша назар аударуы – дана бабалардың: «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деп, дауларға төрелік етудің қаншалықты ауыр әрі жауапкершілігі мол екенін анық аңғартқандай.
Биыл үшінші мәрте атап өтілгелі отырған 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекесінде барша әріптестерді құттықтай отырып, қызметте тек мол жеміс пен жарқын жетістіктерге жетуге тілектеспін!
Самат ЕРАЛИЕВ,
Жуалы аудандық Сот
Әкімшісінің басшысы