Basty bet
Кәсіпкерлердің өкпесі орынды
Себебі, екінші деңгейлі банк қызметкерлері сапалы қызмет көрсетпейді
Жақында Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау», «кредиттер бойынша кепілдіктер беру», «жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру», «өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым жүргізу» тетіктері және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламаларын түсіндіру бойынша жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Дамир Досалянов, облыстық «Даму қоры» АҚ өкілі Раушан Қазбекова, облыстық «Аграрлық несие корпорациясының» өкілі Бауыржан Таджибаев, аудандық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев, аудандағы микроқаржылық ұйымдардың өкілдері және жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшылары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды. Облыстан келген түсіндіру тобы қатысушыларға несие, қайтарымсыз грант жөнінде кең көлемде мағлұмат берген соң, кезек сұрақ-жауап кезеңіне берілді.
Өз кезегінде жеке кәсіпкер Нұрдәулет Есдәулетов өткен жылы ашылған орталық саябақтан жеке кәсібін ашқандығын айтып, бүгінде кәсібін жандандырғысы келетінін, осы бағытта мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 5 миллион грант қаржысын қалай алуға болатынын және кәсіп ашуға берілетін жеңілдетілген несиелер туралы сауалын жолдады.
Бұл сұраққа облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Дамир Досалянов жауап берді. Оның сөзінше, ағымдағы жылы инновациялық жобалараға берілетін қайтарымсыз қаражат белгілі бір себептермен тоқтатылған. Себебі, бұл қайтарымсыз қаражатты да кәсіп ашуға емес, өз жеке бас мүдделері үшін пайдаланатындардың қатары көбейгендігін және мұндай заңсыз әрекеттерге барғандар заң жүзінде жазаланатынын және алған қаржысының мемлекетке қайта қайтарылатынын баса айтты.
Жиын барысында жеке кәсіпкер, аудан орталығындағы «Сарыағаш» базарының иесі Мұсатай Апбасов сөз алып, зейнет жасынан асса да кәсіпті жандандыруды көздейтінін, бірақ несие тарихының бұзылғанын және байқаусызда бұзып алған несие тарихын қайта түзейтін мекемелердің жоқтығын айтып күйінді. Сондай-ақ, бөлім, мекеме басшылары және облыстан түсіндірме жұмыстарын жүргізуге келіп отырған мекеме өкілдерінің жұрт алдында құрғақ уәде, тек нұсқаулық пен түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелетінін және шын жанашырлық танытып көмектесуге құлықсыз екендігін айтып, наразылығын білдірді.
Жиынға қатысушылардың басым көпшілігі «Бастау-Бизнес» жобасы аясында берілетін қайтарымсыз грант қаржысы туралы сұрақтарын жолдады. Ал бұл сұрақтардың төңірегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев кезең-кезеңімен жауап беріп отырды.
Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының тұрғыны Айзада Қалимергенова «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз грант қаражатына екі сауынды сиыр аламын деп жүгіріп жүргеніне бірнеше жыл болғанын, алайда бұл салада да «бармақ басты, көз қысты» жағымсыз әрекеттердің орын алатынын және мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарды тек танысы барлар мен жағдайы жақсы азаматтардың ғана алатындығын күйінішпен жеткізді. Егер мемлекеттен берілетін мұндай көмектерді шынымен жағдайы төмен отбасылар алғанда, ауданның экономикасы едәуір дамитындығын алға тартты.
Өзін Қарасаз ауылындағы «Жасұлан» шаруа қожалығының басшысымын деп таныстырған Бибісара Жұлдызбекова мал шаруашылығына «Даму» қорының ешқандай көмегі жоқ екенін кесіп айтты. Себебі, былтыр малдың жем-шөбіне деп 27 пайызбен берілетін 1,5 миллион несиені әрең дегенде алғандығын және мал басын көбейту үшін, қоражай салуға берілетін несиенің кепілдігіне көптеген шектеулер қойып тастағандығын, несие алуға өтініш берерде банк қызметкерлері небір сылтауларды алға тартып және көптеген құжат жинау үшін анда-мұнда сандалтып, әбігерге түсіретіндігін айтып, ашуланды.
Жиын барысында сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев, «Nurai Plaza» бизнес орталығының басшысы Нүрилә Мәлібекова несие алу жөнінде толғандырған бірнеше сұрақтарын жауапты мамандарға жолдап, тиісті жауаптарын алды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»