Basty bet

Қордай ауданында көктемгі егіс науқанына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Көктемнің шуақты күндерімен бірге Қордай ауданында ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды кезең – көктемгі егіс жұмыстары басталуға жақын. Диқандар алдағы уақытта жер жырту, тырмалау, агротехникалық шараларды жүргізіп, болашақ өнімнің негізін қаламақ, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес, Қордайдағы жалпы егістік жер көлемі 137 679 гектарды құрайды. Оның ішінде 97 192 гектары – жыртылатын жер болса, 40 487 гектары – суармалы алқап. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарына 104 972 гектар жер бөлініп, 27 566 гектар пар ретінде қалдырылған.

Егіс құрылымына сәйкес, дәнді және бұршақты дақылдар 66 222 гектарға орналастырылады. Оның ішінде бидай – 19 676 гектарға, арпа – 35 646 гектарға, жүгері – 10 900 гектарға егіледі. Сонымен қатар, қант қызылшасы 80 гектарға, картоп 3 000 гектарға, сафлор 200 гектарға, көкөніс 3 720 гектарға, ал мал азықтық дақылдар 31 400 гектарға жоспарланған.

Биылғы маусымда су тапшылығы мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Бұған дейін Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық кезеңде су жетіспеушілігі болуы мүмкін екенін атап өткен. Алдын ала болжам бойынша, ең ыстық кезеңде Георгиев каналы арқылы өтетін су көлемі секундына 10 текше метрден аспайды.

Осыған байланысты қыс мезгілінде аудан басшылығы мен сала мамандары шаруалармен бірқатар кездесулер өткізіп, суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар, көршілес Қырғызстаннан келетін су көлемінің азаюы және жауын-шашынның төмен болуы топырақтағы ылғал қорына кері әсер етуі мүмкін екені айтылды.

2026 жылға «Қазсушар» РМК Қордай өндірістік бөлімшесі 14 150 гектар алқапты суаруды жоспарлаған. Алайда нақты мүмкіндіктер 13 400 гектарды ғана қамтиды, бұл – ауданның суармалы жерлерінің шамамен 35 пайызы. Жалпы биыл 93 273 гектар жерге егін егіледі деп күтілуде, оның 11 450 гектары суармалы алқап. Су тапшылығын азайту үшін қажет болған жағдайда бұрын іске қосылған 25 ұңғыма пайдаланылмақ.

Ауданда су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауыспалы егіс жүйесін жетілдіру және каналдардың өткізу қабілетін арттыру бағытында жұмыс істеуде.

Тұқым қоры да толық дайындалған. Мәселен, 35 700 гектар жерге себілетін 6 069 тонна арпа тұқымы әзір. Оның 2 440 тоннасы – бірінші, ал 3 629 тоннасы екінші санатқа жатады. Басқа дақылдарға да қажетті тұқым көлемі анықталған: картопқа – 7 500 тонна, жүгеріге – 218 тонна, көкөніске – 37 тонна және өзге дақылдарға жеткілікті мөлшерде дайындалған.

Көктемгі дала жұмыстарына 1 122 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде 641 трактор, 154 соқа, 150 культиватор, 154 сепкіш және 23 комбайн бар. Қазіргі таңда техниканың барлығы толық дайын.

Шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 1 506,5 тонна дизель отыны сұратылып, оның 1 300 тоннасы бөлінген. Сонымен қатар, биыл егістік алқаптарға 18 473,3 тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.

Су тапшылығын азайту мақсатында су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізілуде. Биыл оларды 18 800 гектар жерде қолдану көзделген. Оның ішінде 11 917 гектарға тамшылатып суару, 4 767 гектарға жаңбырлатып суару жүйесі орнатылады.

Егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін бес шаруа қожалығы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 294 миллион теңгеге несие алуға өтінім берген.

Жалпы алғанда, Қордай ауданында көктемгі егіс науқанына дайындық жан-жақты жүргізілуде. Дегенмен су тапшылығы қаупін ескере отырып, шаруалар тиімді технологияларды енгізіп, ресурстарды ұтымды пайдалануға басымдық беріп отыр.

Таңдаулы материалдар

Close