Basty bet

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» мемлекеттік қызметі бойынша мәлімет

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы»( бұдан әрі – Қағида) №227 бұйрығының негізінде жүзеге асырылуда.
2025 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 166 бұйрығымен Қағидаға мынадай өзгерістер енгізілді:
«7. Өтініш қабылдау кезінде мансап орталығы немесе әкім өтініш берушінің қатысуымен “электрондық үкімет” шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне мынадай мәліметтерді алу үшін дербес сұрау салуды қалыптастырады»:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын;
2) қандас мәртебесі туралы;
3) босқын мәртебесі туралы;
4) шетелдік мәртебесі туралы;
5) азаматтығы жоқ адам мәртебесі туралы;
6) отбасының әрбір мүшесіне тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы;
7) жәрдемақыларды беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банктік деректемелер туралы;
8) мүгедектікті белгілеу туралы;
9) баланың (барлық балаларға) тууын (қайтыс болуын) тіркеу туралы;
10) қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы;
11) бала асырап алу туралы;
12) некені (ерлі-зайыптылықты) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркеу жағдайларын қоспағанда, неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) (некені бұзуды) тіркеу туралы;
13) егер он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі асырауындағылар күндізгі оқу нысанының білім алушылары болып табылса – оқу орнында оқу фактісі туралы;
14) табыс туралы (жалақы, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар, жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті жалға беруден, жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті сатудан түскен табыстар);
15) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамның мәртебесі туралы;
16) өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, төлеу немесе тағайындауға өтініш беру фактісінің болуы туралы;
17) жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы;
18) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын отбасының еңбекке қабілетті мүшелері үшін еңбек қызметі туралы (бар болса);
19) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын отбасының еңбекке қабілетті мүшелері үшін білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының (бар болса) болуы туралы;
20) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінер алдындағы үш ай қатарынан алимент туралы және (немесе) берешектің болуы туралы;
21) өтініш берушінің отбасы мүшелерінің бас бостандығынан айыру немесе мәжбүрлеп емдеу орындарында болуы туралы;
22) меншігінде тұрғын үй, үй-жайдың болуы туралы;
23) меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы туралы;
24) меншігінде автокөлік құралының болуы туралы;
25) іздестіру есебіндегі адамның мәртебесі туралы;
26) жүгінген алдындағы тоқсанда отбасының әрбір мүшесіне айына жиынтығында кедейлік шегінен асатын, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді және (немесе) сақтандыру төлемін және (немесе) адамның (отбасының) шоттары арасындағы аударымдарды қоспағанда, адамның (отбасының) банк шоттары бойынша шығыс операцияларының болуы туралы;
27) жүгінген алдындағы тоқсанда отбасының әрбір мүшесіне айына статистика органдары есептейтін екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшерде банктік қарыздың (банктік қарыздардың) (ипотекалық қарыздан басқа) және (немесе) микрокредиттің (микрокредиттердің) болуы туралы;
28) бір отбасына 200 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде жинақ салымының, депозиттің (тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымнан, депозиттен басқа) болуы туралы».
Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) арқылы жүзеге асырылуда, сонымен қатар Әлеуметтік Кодексінде қаралған «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілуде, ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалуда. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. SMS-хабарламаны министрлік арқылы әр отбасы туралы цифрлық ақпаратты зерттей отырып, күнделікті жіберіліп отырады.
Шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларға беріледі.
Шартты ақшалай көмек аз қамтылған отбасындағы еңбек жасындағы азаматтар міндетті түрде мемлекеттің жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған кезде бір мезгілде 1 жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балаларға АӘК тағайындау кезеңіне әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлемге шешім қабылданады.
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінде 11-тарау, 126 б.1 т. сәйкес адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа кіріс пен белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептейді.
Жан басына шаққандағы орташа кірісті есептеу 127 б.2 т. сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық кірісті отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу жолымен есептеледі. Ал, отбасының жиынтық табысын анықтау АӘК-ке өтініш жасалған кезде ұсынылған өтініштің және (немесе) Отбасының цифрлық картасының және (немесе) ұйымдардың деректері негізінде алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалды.
Жамбыл облысы бойынша 2026 жылдың 2- тоқсанына бекітілген 76,5 мың теңге медиандық табыстың 35% пайызы 26,8 мың теңгені құрап, қолданыстағы деңгейден төмен болғандықтан ең төменгі күнгөріс деңгейінің 70% пайызымен есептелінеді.
2026 жылдың 2 тоқсанына бекітілген кедейлік шегі 44798 теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ, материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК көрсетуге мұқтаждығы туралы қорытынды шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы әзірленді. Бұл ретте, Мобильді қосымшаны пайдалану кезінде учаскелік комиссияның мүшесі отбасының материалдық жағдайы бойынша барлық деректерді енгізеді. Алдын ала қорытынды шығарып, учаскелік комиссияның басқа мүшелеріне қол қоюға жібереді. Мобильді қосымшаны енгізудің артықшылығы геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны), жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңтайландыру болып табылады.

Жанна Махмудова,
аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің бас маманы.
Байланыс телефоны: 2-02-06

Таңдаулы материалдар

Close