Basty bet
Түлектер тартуы
Шақпақата ауылындағы орталық стадионда №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектептің 2015 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен «10 жылдық» атты аудандық ашық футбол турнирі өтті.
Турнирдің ашылу салтанаты Мемлекеттік Әнұранмен басталып, мерекелік көңіл-күйге толы іс-шараға Шақпақ ауылдық округінің ардагер спортшылары Қали Байболов пен Елубай Пралиев арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан бөлек, 2015 жылғы түлектер мен ауыл азаматтары Қанат Нұрсейітов пен Қуаныш Момышов қатысып, қолдау көрсетті.
Турнирге Жуалы ауданы мен көршілес Түркістан облысынан 8 команда қатысты. Олар – «Шақпақбаба», «Ақбастау», «Теріс», «Шақпақата», «Амангелді», «Ынтымақ», «Диқан» және «Жуалы жас» командалары. Турнирге 2015 жылғы түлектердің ұстазы Жолдас Ахметов төрешілік етті.
Футбол додасы қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен, түлектер құрбандық шалып, оны ауыл тұрғындарына таратып, сауабы мол игі іске үлес қосты. Бұл бастама турнирдің рухани маңызын арттыра түскені анық.
Алты сағатқа созылған жарыстың қорытындысы бойынша І орын Түркістан облысынан келген «Шақпақбаба» командасына бұйырса, ІІ орынды «Ақбастау» командасы, ал ІІІ орынды «Амангелді» командасы иеленді. Жүлделі орынға ие болған командаларға Дипломдар мен медаль және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, ерекше көзге түскен үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтсақ, “Үздік қақпашы” – Дәулет Бақтиярұлы(«Ынтымақ»), “Үздік қорғаушы” – Теміржан Бексұлтанов («Диқан»), “Үздік жартылай қорғаушы” – Дәулет Аббашев («Шақпақ баба») және “Үздік шабуылшы” – Бекарыс Сұлтанғазы («Амангелді»).
Бұл турнир – тек футбол бәсекесі ғана емес, туған ауылға, ұстазға және достық пен бірлікке деген құрметтің айғағы. 2015 жылғы түлектердің бұл бастамасы – ауыл жастарына үлгі боларлық игі дәстүрге айналмақ. Турнир достық пен татулық аясында өз деңгейінде жоғары өтті.
Ақжан ІЛИЯСҰЛЫ,
Шақпақ ауылдық округі