Basty bet
Қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес
Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта береді.
Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні.
Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады. Осыған орай жыл сайын 23 маусымда бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полицейлер күні атап өтіледі.
1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдаған болатын. Бұл Тәуелсіз Қазақстан Республикасы полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болды.
Ал 2007 жылы 5 маусым күні Президент Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді.
23 маусым – Қазақстан полициясының күні ретінде аталып өтіп келе жатқанына биыл 16 жыл болады. 2007 жылы осы күн Қазақстанда Полиция күні ретінде бекітілген. Бұл күні ішкі істер сапындағы полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, табысты жұмысымен көзге түскен қызметкерлер марапатталады.
Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан полициясы сервистік модельге көшу реформасын бастан өткеріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, учаскелік полиция инспекторының жаңа бейнесін қалыптастыру бағытында бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының мәртебесі заңды түрде артып, өкілеттері кеңейтілді. Полиция өкілдерінің жұмыс формасы да өзгеріп, бұрынғы қатаң тәртіптегі киімнің орнына қимылға оңтайлы, ықшам стильдегі формалар енгізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына айрықша назар аударуы да жайдан жай емес. Себебі, бұл үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін маңызды әрі жауапты саланың бірі.
Бұл туралы Президент: «Келесі мәселе – құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды» деп атап өтті. Бір сөзбен айтқанда, «Қаңтар оқиғасы» тәртіп сақшыларына үлкен сабақ болғаны анық. Ал кез келген уақытта қатерге кәсіби тұрғыда дайын болу – полицияның біліктілігіне байланысты дүние.
Сондықтан құқық қорғаушылар қызмет ететін ішкі істер құрылымын жетілдіру – жаңа заманның талабы. Полиция қызметкерлері қай кезде де қарапайым халықтың қорғаны бола біліп, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуды баса назарға алуы қажет деп білеміз.
Мейірім БАЙДІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
3-курс студенті