Basty bet
Учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін оқыту бойынша семинар-кеңес өткізілді
2022 жылдың 24 мамырында Жуалы аудандық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін оқыту бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Жуалы аудандық референдум комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева семинар-кеңесті ашып, жүргізіп отырды.
«Республикалық референдум: құқықтық негіздері мен референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» оқу-әдістемелік кешен бойынша аудандық референдум комиссиясының хатшысы Бақытжан Данияров баяндама жасады. Ол «Референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, республикалық референдумда дауыс беру және республикалық референдумның дауыс беру қорытындыларын анықтау тәртібі» тақырыптарына кеңінен тоқталып, комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/199 қаулысымен бекітілген «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулық» бойынша учаскелердің дайындығы туралы егжей-тегжейлі талдауымен ұйымдастыру жұмыстарының барысына талқылау жүргізіліп, аудандық референдум комиссиясының мүшелері тарапынан учаскелерді аралау нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары учаскелер төраға/төрайымдарына тапсырылды. Алдағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының 2022 жылғы 6 мамырдағы №32/482 қаулысымен бекітілген «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына» қатаң сәйкестікпен атқару керек екендігі айтылды.
Жуалы аудандық референдум комиссиясы