Basty bet
Жер саласын цифрландыру – басты назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізде жер учаскелерін беру кезегін Үкіметке автоматтандыруды тапсырған болатын. Яғни, жер учаскелеріне құжаттар беру мерзімі 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту тапсырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде алдыңғы жылдан бастап басталып кеткен.
Жалпы жерге құқықтар табыстаудың ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында облыста Тараз қаласынан кейін біздің Жуалы ауданы жердің сауда-саттығын өткізуі электронды форматқа көшірілген.
Былтырдан бері бұл тәжірибе барлық аудандарда өндіріске енгізілуде. Жердің электронды сауда-саттығы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есеп ортылығы» акционерлік қоғамының Мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталы арқылы жүргізілуде.
Жер қатынастары саласы бойынша көрсетілетін 10 мемлекеттік қызметтің 9 немесе 90 пайызы электронды форматта көрсетілуде. Қазіргі кезде жер теліміне кезектілік электронды жүйеге көшірілген. Онымен аудан, қала әкімдіктерінің сайттары арқылы танысуға болады (http://izhs.uzo-zhambyl.kz/).
Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы комиссия отырысының және облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларын орындау мақсатында, «Жамбыл облысының өңірлік геоақпараттық (Геопортал) жүйесін» құру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Жамбыл облысының геопорталын қолдану саласы мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, коммуналдық ұйымдардың және облыстың табиғи монополиялар кәсіпорындарының салалық міндеттер кешенін қарастыруға бағытталған.
Геопортал облыстың инфрақұрылым нысандары туралы ақпаратты орталықтандырылған және жедел басқаруды жүзеге асыруға, өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты әртүрлі картографиялық ақпаратты жинауға, оны жедел өңдеуге және сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз ететін және өңір бойынша барлық кеңістіктік деректер үшін бірыңғай қызмет ететін геоплатформа ретінде қалыптастырылуда.
Геопорталға аудан мен қала құрылысы жобалары, функционалдық, бағалау, қорғау аймақтары, инженерлік желілерді түгендеу шекаралары, бос жер телімдері туралы ақпараттар, ғимараттар мен көше жолдары желісі енгізіліп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары енгізілді.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетімен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ бірлесіп бекіткен «Жергілікті атқарушы органдардың Геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға» сәйкес жеті мемлекеттік қызметті цифрландыру жоспарланған еді. Бүгінгі таңда облыс орталығында бес мемлекеттік қызмет, жер қатынастары саласы бойынша үш және аудандар бойынша екі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер геопорталған енгізіліп, алғашқы тестілеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Өңірлік геоақпараттық жүйені «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесімен» интеграциялау үшін және геопорталға қажетті деректерді алу мақсатында, Smart Bridge интеграциялық платформасы арқылы интеграциялауға қажет етілетін алты сервиске өтінім жіберіліп, бүгінгі күнге серверлік қондырғыға орналастыру және тестілік интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Қадырхан ЖАРАСҰЛЫ,
аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы