Basty bet
Бауырмалдықты нығайтатын рухани бастама
Ел арасында ежелден келе жатқан «Асар» дәстүрі бүгінде жаңаша сипат алып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен жарқын үйлесім тауып отырғаны белгілі. «Асар» жобасы аясында ауыл тұрғындарының арасындағы ұйымшылдық пен өзара көмек жарқын үлгіге айналуда.
Аталған жоба аясында ауданда аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсетілуде. Жергілікті әкімдік пен ауыл жастары, еріктілер бірлесіп, баспанасы ескі әрі тұрмысқа жарамсыз жағдайдағы отбасыларға жаңадан баспана салып берілуде. Сонымен қатар, ауылдағы қарт кісілер мен жалғызбасты аналарға аула тазалау, отын жарып беру, қысқы азық қорын әзірлеу сияқты игі істер тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында биыл «Асар» жобасының аясында ауыл тұрғындарының демеушілігімен жалғызбасты ана С.Нұрманбетованың тұрғын үйінiң шатыры ауыстырылып, әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілді.
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев: «Асар» бағдарламасы тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Бұл – ауыл ішінде ынтымақ пен бауырмалдықты нығайтатын үлкен рухани бастама. «Жақсылықты жұрт болып жасағанда ғана оның шынайы мәні артады. Біз ел бірлігі арқылы талай істі тындыра аламыз»,- дейді ол.
Талапты ауылының тұрғындары көмекке мұқтаж жанға мүмкіндігінше көмек қолын созып, тұрғын үй небәрі бес күннің ішінде қайта жаңарды. Одан бөлек, үйге жаңа «Отау-tv» цифрлық антеннасы қоса орнатылды.
Өткен аптаның сенбі күні тұрғын үйдің аяқталуына байланысты ауыл тұрғындары жиналып, көпшілікке құдайы тамақ таратылып, мұқтаж жанға көмек қолын созған демеушілерге және жастарға көпшілік атынан ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғымбеков және жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Қыдырбек Әбдіханов алғыс білдірді.
Талапты ауылының тұрғындары бірлесіп атқарған бұл игі іс – ұлттың ұлағатты дәстүрін жаңғыртудың әрі әлеуметтік қолдаудың жарқын үлгісі болары анық.
Шынболат ТҰРАРБЕК,
Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының
бас маманы