Basty bet

Цифрлық технологияларды енгізу – заман талабы

«Электрондық үкімет» порталы азаматтарға қызмет алуға мүмкіндік жасауда

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT-қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған орай, аталған бағдарламаның аясында өңір кітапханаларының қоғамдағы кеңістігін дамыту, кітапхана қызметін үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімдеу мақсатында аудандық орталық кітапханаға қарасты ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, қасиетті өңір тұрғындарына қызмет көрсетуде. Цифрландырылған ақпараттық орталықтар өз кезегінде ауыл тұрғындарын көрсетілетін электрондық ақпараттық қызметтің аясын кеңейту, әртүрлі санаттағы тұрғындардың әлеуметтік маңызды ақпараттар мен анықтамаларға қолжетімділігін арттыру мақсатында өз қызметтерін ұсынуда.

Аудан көлемін алып қарайтын болсақ, бүгінгі күнге аудандық орталық кітапханаға қарасты барлығы 21 ауылдық кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған.
Орталықтың атқаратын негізгі қызметіне тоқталатын болсақ, цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауыл тұрғындарына «е.gov.kz» порталы арқылы қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда электрондық қызметтің 20 түрінен анықтама беріледі. Отырады. Ауылдық кітапханаларда ашылған ЦАО-ларда есепті мерзім ішінде (ашылғаннан бергі уақыт аралығында) «е.gov.kz» қызметімен азаматтарға барлығы – 30 мыңнан астам анықтама берілген. Оның ішінде, зейнетақы қоры анықтамасы, жылжымайтын мүлікке қатысты, азаматтың сотталған немесе сотталмағаны туралы, несие тарихы туралы анықтама, ЭЦҚ алуға өтініш беру, дәрігерге тіркелу, жұмыссыздық туралы, баланы балабақшаға кезекке қою, салық берешегі туралы, тұрғылықты жерге тіркеу, тест тапсыруға өтініш, мүгедектігі туралы, неке туралы, мекен-жайлық анықтама және атаулы әлеуеттік көмекке, т.б. анықтамалар берілген. Одан бөлек, азаматтарға ақпараттық орталықтар арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету қызметін де пайдалануға мүмкіндігі бар. Мұндай сапалы қызмет өз кезегінде шалғай ауылдардың тұрғындары аудан орталығына келіп уақыт жоғалтпауға үлкен сеп болуда.
Аудандық орталық кітапханадағы цифрландырылған ақпараттық орталықтардың жұмысына жауапты мамандардың айтуынша, сонымен қатар, бүгінгі таңда орталық қызметкерлері http://zhambyl.cao-zhambyl.kz. сайты арқылы жергілікті тұрғындарды ауыл және ауданның қоғамдық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік өмірінің аясында жан-жақты пайдалы ақпараттармен қамтамасыз ету мүмкіндігіне де ие болып отыр. 2023 жылы Рысбек батыр ауылдық кітапханасында «Коворкинг» және цифрландырылған ақпараттық орталық ашылып, жұмыс істеуде. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде, компьютер және қолжетімді интернет желісімен қамтамасыз етілген.
Тұрғындар үшін электрондық қызмет көрсетудің тиімділігі сол, олар бір анықтама алу үшін аудан орталығына сабылмай-ақ, өз ауылында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталыққа өтініш беріп, керекті қызметін алуға мүмкіндік жасалған. Бұл турасында Б.Момышұлы ауылындағы аудандық орталық кітапхананың ғимаратында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталықтағы «Электрондық үкімет» порталының жұмысына жауапты кітапханашы-маман Ақұлпа Үсейін тұрғындарға цифрлық қызмет көрсету ауқымының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын және оның азаматтарға өте тиімді екенін айтады.
«Цифрлық технологияларды енгізу – заман талабы» дейтін болсақ, қазір цифрландырылған ақпараттық орталықтар ақпарат алмасуға үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Бұл ретте тұрғындардың игілігі артып, кітапхана ісі әрқашан алға баса беретіні сөзсіз.
Отандық ашық ақпарат көздерінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ-ның) электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде Қазақстан 193 елдің ішінде 28 орынға жайғасқан.
Қазақстан Республикасы электрондық үкіметінің порталы – мемлекеттік қызметтер туралы ең қажетті ақпарат алуға бірыңғай қол жеткізу нүктесін қамтамасыз ететін және мемлекеттік қызметтер мен сервистерді электрондық түрде ұсынатын, ақпараттық-анықтамалық интерактивтік веб-портал болып саналады. Қарапайым тілмен жеткізіп көрсек, электрондық үкімет порталы – ол сіз бен біздің күнделікті электрондық цифрлы қолтаңба арқылы өзімізге қажетті мемлекеттік қызметтерді алатын «egov.kz» порталы.
Қызмет алу тұрғысынан алып қарағанда, бүгінде ел тұрғындары өмірінің ажырамас бөлігіне айналған электрондық үкімет порталының шығу тарихына тоқталсақ, «Электрондық үкімет» құру идеясы ең алғаш рет 2004 жылы 19 наурызда ел Президентінің халыққа арнаған жылсайынғы Жолдауында айтылған болатын. Дәл осы жылы оның негізгі кезеңдерін анықтайтын электрондық үкіметті қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. 2006 жылы «egov.kz» веб-порталы іске қосылды. Алғашқыда ол тек мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық-анықтамалық түрдегі материалдардан тұрған еді.
«Электрондық үкімет» дегеніміз не және оның халық үшін қандай пайдасы бар деген мәселеге келетін болсақ, ақпараттық технологиялар біздің күнделікті өмірімізде маңызды рөлге ие болғалы қашан. IT мемлекеттік басқару процесіне үйлесімді енгені соншалық, онсыз бүкіл жүйенің жұмыс істеуін көзге елестету қиын. Мемлекеттік билік органдары мен халық арасындағы сандық өзара іс-қимылды ұйымдастыру әлемдік тәжірибеде электрондық үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады, ол e-Government деп аталады.
«Электрондық үкімет» порталын ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға негізделген және азаматтар мен ұйымдарға, оның ішінде, интернет желісі арқылы қызмет көрсетуге барынша бағытталған мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тетігі деп айтсақ та болады.
«Электрондық үкіметті» енгізу мемлекет үшін сыбайлас жемқорлық сияқты зиянды құбылыстардың азаюына ықпал етіп, мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын арттырумен бірге, мемлекеттік органдарға өтініш қалдыру ісі біршама жеңілдей түсті деп сеніммен айта аламыз.
«Электрондық үкімет» құрудың маңызды себептерінің бірі – мемлекеттің қолда бар барлық ақпараттық ресурстарын, оның нақты бөлігіне қол жеткізу құқықтарын шектей отырып, біртұтас ортақ алаңға біріктіру жолымен «бір терезе» қағидатын енгізу болды. Қазіргі таңда электрондық үкімет жұмысының арқасында мемлекеттік қызметтің түрлері күніне 24 сағат, аптасына жеті күн қолжетімді болып тұр.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы электрондық үкімет десек, өңірімізде бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды негізінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі жүзеге асыру үстінде.
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында орналасқан аталған бөлімнің реттеу залында клиенттерден құжат қабылдайтын 6 терезе, өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағытталған 4 терезе, дайын құжаттарды беретін, азаматарды тіркеу және құжаттандыру бағытындағы терезелермен қатар, арнайы анықтама беретін және клиенттерге кеңес беру үстелі тұрғындарға қызмет көрсету үстінде.
Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімі ағымдағы жылдың 10 айында статистикалық есепке сәйкес, жылжымайтын мүлікке қатысты, халықты құжаттандыру мен тіркеу, еңбек және әлеуметтік қорғау бағытында, мәдениет, ақпарат және байланыс бағытында, жергілікті атқарушы органдардан, басқа да салалардан «Электрондық үкімет» порталы арқылы түрлі құжаттар қабылдап, онымен бірге, клиенттерге кеңестер беріліп, мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілген.
Айта кететін болсақ, «Электрондық үкімет» порталымен қатар, «eGov mobile» мобильді қосымшасының жұмысы туралы тұрғындар арасында түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілу үстінде. Қазіргі таңда аталған мобильді қосымша арқылы электрондық қызметтер қолжетімді бола түсті. Атап айтқанда, құжаттардың цифрлық нұсқасынан бастап, вакцина паспорты, азаматтың әлеуметтік статусы, жер учаскесі және жылжымайтын мүлікке қатысты ақпараттар, сонымен қатар басқа да сервистік қызметтердің барлығы осында орналасқан. Ал қосымшаны әрбір азамат смартфонға жүктеп, кез келген уақытта онлайн түрде қажетті қызметті алуына болады. Бұл бір жағынан азаматтарға қызмет алуға ыңғайлы болса, екінші жағынан уақытты үнемдеуге де үлкен септігін тигізіп отыр. Міне, «Электрондық үкімет» порталының тиімді тұстарының бірі осындай.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close