Basty bet
ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Ауданда аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмеген жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, тұрақты табысы расталмаған адамдар, еңбек шартын рәсімдемей еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдар арасында МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек жарналарды төлеу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында екі жұмысшы топ құрылды.
Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері Б.Момышұлы ауылы және Ақсай, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Қызыларық, Көкбастау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Нұрлыкент ауылындағы тұрғындармен болған кездесуге аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Налекова, бөлімнің сектор меңгерушісі Жаныгүл Махмудова, халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков және ауылдық дәрігерлік амбулаторияның дәрігерлері қатысты.
Түсіндіру жұмыстары барысында халық арасында тиісті жарналарды төлемей жүрген азаматтарға жарналарын аудару қажеттілігі, яғни жарналарды төлеу арқылы олардың мәртебелерін анықтау мүмкіндігі болатындығы айтылды.
Аудан аумағында кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың басым бөлігі еңбек қатынастарын заңдастырмай жұмыс берушілерден қолма-қол жалақы алып жүргендер. Яғни жұмыс берушілер тарапынан осы жалдамалы жұмыскерлеріне тиісті жарналары аударылмайды. Салық органдарында жұмыскерлерінің нақты санын декларацияларында көрсетпейді. Себебі әр жұмыскеріне салық жүктемесі көзделген. Нәтижесінде бұл азаматтар шын мәнісінде жалдамалы жұмыскерлер бола тұра өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтар санатында есептеліп тұр.
Халықаралық Еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес «өз бетінше жұмыспен қамтылғандар» екі санатқа бөлінеді: «нәтижесіз өз бетінше жұмыспен қамтылғандар» (салық органдарында ресми тіркелмей шағын бизнеспен айналысатындар) және «нәтижелі өз бетінше жұмыспен қамтылғандар» ( салық органдарында ресми тіркелген кәсіпкерлер).
Сонымен қатар, ресми тіркелмеген жұмыссыздар ішінде басым бөлігі өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылған санатына жататын азаматтар, яғни олар әртүрлі салаларда (құрылыс-жөндеу маусымдық жұмыстарда, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, жолаушы немесе жүк тасымалдау және т.б.) еңбек етіп, белгілі бір табыс тауып, салық төлемейтін азаматтар. Бұл санаттағы азаматтар міндетті түрде ай сайын Бірыңғай жиынтық төлемдерін (бұдан әрі-БЖТ) төлеуге міндетті. Осы санаттағы азаматтар көбінесе аталған жарналарын тек сырқаттанып, дәрігерлік көмекті тегін алу үшін ауруханаларға емделуге барғанда ғана төлейді. Ал жүйелі түрде ай сайын төлеуден бас тартады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылы бекітілген «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, ел экономикасына және тиісінше міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі өңірлік ұйымдастыру іс-шаралары жоспарына» сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілген. Алайда, 2021 жылдан бастап бұл міндеттерді орындау Орталықтардан талап етілген жоқ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы №4 қаулысымен бекітілген «Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидаларының» 3-тарауына (Бірыңғай жиынтық төлемді бөлу және аудару тәртібі) сәйкес бұл жұмыстарға жауапты төрт мемлекеттік органдар бекітілген: мемлекеттік кірістер басқармалары, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қоры, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры, Денсаулық сақтау министрлігі және ведомстволық бағыныстағы мекемелері.
Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бірыңғай жиынтық төлем жарналарын аударған кезде олар медициналық әлеуметтік сақтандырылғаны жөнінде мәліметтері 3 жұмыс күні ішінде «МӘМС» қорының osm.kz порталында автоматтық түрде тіркелуде.
«е-Халық» ақпараттық жүйелерде барлық азаматтардың әлеуметтік статустарын анықтау және жүйелі түрде осы жұмыстарды жүргізу ауылдық округ әкімдері аппараттарының құзыретінде (барлық санаттар: оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, мүгедектер, қоныс аударғандар, нәтижесіз өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, қайтыс болғандар және тағы басқа санаттар).
Азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығында e-gov.kz порталы арқылы өздерінің әлеуметтік мәртебесін нақтылауда. Мекемелер мен ұйымдар тарапынан төлемдердің аударылуы жөнінде мәліметтер мемлекеттік кірістер басқармасында және ауруханаларда, дәрігерлік ұйымдарда құрылуда.
Кездесу соңында тұрғындар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауаптар алды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»