Basty bet

«Спорт деген бір сиқыр…»

аудан басшысы Жалғас Мұртаза жас спорт саңлақтарына құрмет көрсетті

«Спорт деген бір сиқыр» деп қазақ спорт журналистикасы саласының негізін қалаушы, журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың сөзімен айтатын болсақ, жалпы аталған саланың адам өміріндегі алар орнын сөзбен айтып тауысу мүмкін емес те шығар?!
Ел мен мемлекеттің мерейін асыратын екі сала болса, оның біреуі – дәл осы спорт саласы. Ел мерейін өсіріп, көк байрақты зау биікте желбіретіп, Қазақ дейтін намысты халықтың ұлы мен қыздарының рухын күллі әлемге танытып жүрген де осы үлкен спорт десек, қателесе қоймаспыз.

Спорт пен еңбек – негізінен егіз ұғым. Спортқа бет бұрған адам еңбектенбесе, одан жақсы нәтиженің шығуы да неғайбыл нәрсе. Сондықтан спортты таңдаған жан еңбекті де жанындай жақсы көруі қажет.
Құдайға тәуба. Таулы аймақта орналасқан топырағы қасиетті, жері мен суы дуалы – Жуалы ауданында туып, бүгінде үлкен спортта биік-биік белестерді бағындырған ардагер спортшылар, одан кейін де Батыр Баукең туған аядай ғана ауданның даңқын асырып келе жатқан жас спорт шеберлері де арамызда аз емес. Соңғы жылдары жуалылық саңлақ спортшылар бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерді. Ал жыл басынан бері, оның ішінде, соңғы бір-екі айдың өзінде жеткен жетістіктердің өзі ауыз толтырып айтарлықтай. Әлбетте, мұндай нәтижеге жету үшін аз тердің төгілмегені белгілі. Ал ащы тердің өтеуі тек жарқын жеңіспен ғана өтелмекші.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» дейді дана Абай. Аптаның сәрсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза облыстық, республикалық және түрлі халықаралық турнирлерде топ жарған бірқатар жас спортшыларды қабылдап, оларға жақсы тілегін білдірумен қатар, аудан жұртшылығының атынан сый-сияпат жасады.
-Спорт – елдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтататын сала.
Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Саламатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылардың саны артып келеді.
Былтыр өңірде жалпы тоғыз спорт нысаны пайдалануға берілді. Биыл Б.Момышұлы ауылынан салынып жатқан спорт кешенін пайдалануға беріп, одан соң Қарасаз, Көлтоған және Нұрлыкент ауылдарынан спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталатын болады. Ал 2024-2025 жылдары Күреңбел, Шақпақата, Бәйтерек және Қайрат ауылдарынан ангар типті спорт залдарын салу жоспарланып отыр.
Нәтижесінде ауданда жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі артып, жалпы халықтың 39 пайызын құрап отыр. Аудандағы спорт нысандарының барлығы дерлік ауыл тұрғындарына қолжетімді.
Бүгінде ауданымызды спорт саласында облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық дәрежеде жетістікке жетіп, абырой биігінен көрініп жүрген жас спортшылардың қатары артуда.
Құрметті спорт саласының үздіктері! Біз Сіздерді мақтан тұтамыз. Сіздерге үлкен үміт артамыз.
Келер ұрпақ Сіздер жеткен биіктен көрініп, патриот болып өседі деп сенім білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қуат, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілеймін!
Жеңістеріңіз құтты болсын. Еліміздің көк байрағын жеңісті күндерде желбірете берулеріңізге тілектеспін,- деді Жалғас Мұртаза.
Осылай деген Жалғас Әлижанұлы үлкен спортта қасиетті өңірдің намысын қорғап, абыройын асырып жүрген бірқатар жас спортшыларды Алғысхатпен марапаттап, оларға естелік сыйлықтар тапсырды.
Атап айтқанда, марапатталған спортшылардың арасында – спорт шебері, қазақ күресінен ел чемпионы, самбодан ел чемпионатының қола жүлдегері, «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Жамбыл облыстық іріктец жарысында жеңімпаз атанып, алдағы маусым айында елордада өтетін турнирге жолдама алған балуан Азат Рысбек, қол күресінен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, ҚР чемпионы, пара-армлестлингтен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұржауған Мұқатай (жаттықтырушысы Е.Сыздықбаев), сонымен қатар еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында күресіп жүрген Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері, ҚР жазғы спартакиадасының жеңімпазы Рахат Қалжан, ҚР жазғы спартакиадасының жеңімпазы Санжар Мұхтар және еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ел чемпионаттары мен спартакиадаларының бірнеше дүркін жеңімпазы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, былтыр Бразилияда өткен сурдлимпиада ойындарында екінші орынды иеленген балуан Ғасыр Тұрғынбай бар. Айта кету керек, үш спортшы да Ұлттық құрамының мүшесі.
Сондай-ақ, аудан басшысының қабылдауында футзалдан ұлттық құраманың мүшесі, «Аят» футбол клубының ойыншысы, ел чемпионатының күміс жүлдегері Әбдірәсіл Әбдіманапұлы, бокстан 2009-2010 ж.т. жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас былғары қолғап шеберлері – Мұхамедали Рүстембек, Әділет Устеменко, Артур Ашылбай және Бейбарыс Әшірбай (бапкерлері – Н.Рахманқұл және Н.Бүйенбаев), сонымен қатар кикбокстан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы Әл-Фараби Қалаубек сынды спортшылар болды.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза түрлі деңгейдегі жарыстарда қасиетті өңірдің мерейін асырып жүрген спортшылардың жаттықтырушыларына да Алғысхаттар тапсырып, құрмет көрсетті.
Жаттықтырушылардың арасынан спорт пен өнердің жанашыры, Ақтөбе ауылдық округінде бірқатар спортшыларды күрес түрлерінің қыр-сырына баулып жүрген тәжірибелі бапкер Талғат Тойшыбеков сөйлеп, аудан басшылығына алғыс білдірумен қатар, Жуалы ауданында үлкен спортты дамыту үшін барлық жағдайларды қарастырып, жас спортшыларға көмек-қолдау көрсетудің маңызы зор екенін айтты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close