Инфрақұрылым – ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауылдық елді мекендердің дамуына ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды таза ауыз сумен, сапалы жолмен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Осы мақсатта биыл аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылуда.
Соңғы кезде ауыл ішіндегі таңнан кешке дейін ойнайтын балалар үшін ойын көркін қыздыратын ойын алаңдары барынша жандана түсуде. Осыдан екі-үш жыл бұрын Б.Момышұлы ауылындағы көпқабатты үйлердің аулаларына балаларға арналған ойнайтын алаңша салынған болатын. Сол үрдіс қазіргі таңда өз жалғасын табуда. Жақында ғана ауылдағы Әл-Фараби, Қ.Түрікбаев, Тәуелсіздік және Мұнайшы көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына асфальт жамылғысы төселіп, балалар ойнайтын алаңшалар орнатылып, тұрғындар үлкен қуанышқа бөленген болатын. Себебі, жазда балалар ойнаймыз деп аудан орталығындағы саябаққа келеді. Олардың үйлерімен саябақтың ортасы қаншама қашық жер, олар келіп мұнда шаршағанша ойнап, үйлеріне қайтқанша кеш болатыны тағы бар.
Балалардың демалысын ұйымдастыру әрқашан маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені бала – бақыт, бала – байлық «Өмірдің бір қызығы – бала деген» деген демекші, әр баланың қуанышы мен күлкісін көрудің өзі қуаныш емес пе?!
Осының бәрін ескеріп, ауыл тұрғындарының өтінішін жерге қалдырмаған ауыл әкімшілігі балалар үшін осындай алаңшалар орнатуда. Бірақ ауылда барлық тұрғын үйдің ауласында ойын алаңшалары бар деп толық айтуға болмайды. Алдағы уақытта басқа аулаларға да осындай кішкентай бүлдіршіндер ойнайтын алаңшалар орнатылады деген үмітіміз де жоқ емес…
Біз төрт көшеде орналасқан көпқабатты үйдің ауласына орнатылған жаңа ойын алаңшаларын көзімізбен көріп қайтқан болатынбыз.
Ойын алаңшалары әдемі, көз тартарлық етіп орнатылған. Барлық алаңшада балалар күннің ыстығына қарамай ойнауда. Біз кішкентай бүлдіршіндерді әңгімеге тарттық.
– Біз мұнда келесі көшеден келіп ойнаймыз. Осындай ойын алаңшасын салып бергені өте жақсы болды. Бұл жерде түс мезгілінде бала аз болады. Ал кешкісін балалар көп келіп ойнайды. Біз бұрын ойнау үшін саябаққа баратынбыз. Қазір жақсы болды үйіміздің жанына орнатылғаны,- дейді Мұнайшы көшесінің балалары.
Жақсы істің куәсі болған көпқабатты үй тұрғындарының да қуанышында шек жоқ.
– Ауылда балаларымыз бен немерелерімізге арналып ойын алаңының салынғанына өте ризамыз. Тұрғындардың атынан алғысымызды айта отырып, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деген тілегімді білдіремін. Игі іске атсалысқан азаматтарға көптен-көп рақмет! Енді, балалар мен жасөспірімдер өздеріне арнап салынған алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап, тәртіппен пайдаланады деп сенеміз,- дейді Әл-фараби көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары.
– Біздің үйдің балалары әлі кішкентай. Бұрындары балаларымызды ойнату үшін орталық саябаққа баратынбыз. Немесе осындай алаңша үшін қалаға баратын кезіміз де болған. Бұл тек бүлдіршіндердің ғана қуанышы емес, сонымен қатар ересектердің де қуанышы. Себебі, «Балаларымыз көшеге жүгіріп шығып кете ме, көлік қағып кетер ме екен?» деп ылғи уайымдап отыратын едік. Ал, қазір өзіміздің үйдің жанынан ойын алаңшасының салынғанына дән ризамыз. Сонымен қатар, осындай игі бастаманы қолға алып, жүзеге асырып отырған ауыл әкіміне алғыс айтамыз, – дейді Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғыны Іңкәр Ермекқызы.
Одан бөлек, «Несібелі» тойханасының жанына асфальт жамылғысы төселіп, сквер орнатылған, яғни ауыл тұрғындары келіп отырып, демалып кету үшін орындықтар қойылып, жағдай жасалған. Ал, Бауыржан Момышұлы ауылының төмен жағында орналасқан “Бәйтерек” ескерткішіне де әрлеу жұмыстары жүргізілген.
Осындай иі істерді атқарып жатқан «Green Town» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Нұрлан Бибасаров.
-Біз тапсырысты қабылдап, әр затты сапалы жасауға тырысамыз. Өйткені әр жасалған дүниенің сапалы болғаны дұрыс. Осылайша ауылымыздың көркейуіне өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Салынған балалар ойын алаңшасында ойнап жатқан әр баланың қуанышты жүзін көргеннің өзі бізге күш-қуат береді. Бұл жұмысымз әр қарай жалғасады. Ойын алаңшаларын басқа ауылға, аулаларға орнататын боламыз болашақта,- дейді жеке кәсіпкер Нұрлан Жанасұлы.
Иә әр ауыл осылай көркейіп жатса нұр үстіне нұр болатын еді.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”