Basty bet

Отан отбасынан басталады!

өмірлік қиын жағдайларға тап болған және мұқтаж отбасыларға кешенді көмек көрсету – басты міндеттердің бірі

Отан отбасынан басталады. Ал ондағы жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, жалпы балалардың құқықтарын қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан сақтандыру, қорғау сияқты маңызды мәселелер туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бурабайда ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық.
Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды.

Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда.
Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деп атап өткені белгілі.
Ел болашағы жас ұрпақтың қолында дейтін болсақ, отбасы институтын жетілдірудің маңызы өте зор. Олай болатыны, отбасының іргесі берік болмай, қуатты мемлекет құру мүмкін емес.
Осындай қоғамдағы салмақты мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және аудан әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ның ұйымдастыруымен оқыту тренингі өткізілді.
Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын автоматтандыруға арналған мобильдік қосымшасын енгізу бойынша оқыту тренингіне мобильдік топтың мүшелері, сала мамандары, оның құрамында әлеуметтік қызметкерлер, психологиялық қолдау көрсету мамандары, құқық қорғаушылар және денсаулық сақтау қызметкерлері шақырылды. Сөз басында айта кету керек, бұл шара қоғамда отбасы институтын нығайтуға және отбасын қолдау орталықтарының қызметін цифрландыруға бағытталған маңызды қадамның бірі болғаны анық.
Оқыту тренингінің жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсесінің» басшысы Фарида Сағындық, Ақпараттық жүйелер департаменті әлеуметтік көмек және әлеуметті қолдау жөніндегі әлеуметтік мәселелер басқармасының басшысы Гүлнұр Сапарғали, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның жұмыспен қамту құзырет орталығының бас сарапшысы Нұрболат Парманов және FSM Social өкілі және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші Ғалымжан Хамидолинов қатысып, сөз сөйледі.
Сонымен бірге, жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыстық «Анаға тағзым» Отбасын қолдау орталығының» директоры Элмира Мырза-Ғали, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру бөлімінің бас маманы Нұрбол Досалиев қатысты.
Семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат – халықты әлеуметтік қорғау саласында цифрлық технологияларды қолдану арқылы көмекке мұқтаж отбасыларды уақтылы анықтап, көмек-қолдау көрсету жүйесін жетілдіру. Онда қатысушылар негізінен FCM Social қосымшасының мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеп, оның тиімділігін арттыру бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, оқыту тренингінің барысында отбасы институтын қолдау, әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа тәсілдері, дағдарыстық жағдайлармен жұмыс және мобильді топтардың тиімді қызметін ұйымдастыру мәселелері талқыланып, мамандар кәсіби біліктілігін арттырып, жұмыс барысында жаңа тәжірибе мен тың әдістер енгізуге мүмкіндік бергені анық.
Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы әлеуметтік қолдау шараларының бизнес-процестерін цифрландыру жөніндегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі орынбасарының тапсырмасымен әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың автоматтандырылған өзара іс-қимылына арналған FSM Socium және FSM Social ақпараттық жүйесіне цифрлық платформасын және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу моделін енгізу үшін оқыту тренингін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
– Құрметті семинар-тренингке қатысушылар және қонақтар!
Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы әлеуметтік қолдау шараларының бизнес-процесстерін цифрландыру жөніндегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі орынбасарының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың автоматтандырылған өзара іс-қимылына арналған FSM Socium және FSM Social ақпараттық жүйесіне цифрлық платформасын және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу моделін енгізу бағытында кәсіби мамандардан құрылған жобалау тобы мамыр мен шілде айларының аралығында ел өңірлеріне жұмыс сапарын бастады.
Бүгін аталған жобалау тобы қасиетті Жуалы ауданына арнайы келіп, Сіздерге мобильдік топтардың жұмысын автоматтандыруға арналған FSM Social мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін жан-жақты ашып көрсетіп, тереңірек түсіндіреді. Бұл оқыту тренингі отбасы институтын нығайтуға және ел өңрілерінде құрылып жатқан отбасын қолдау орталықтарының қызметін цифрландыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің әр түрлілігі, оның ішінде, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар санының артуы біз үшін үлкен аландатушылық тудырады. Осыған байланысты ауданда “Отбасын қолдау орталығы” мекемесі ашылып қиын жағдайдағы азаматтарды ерте анықтап, оларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында арнайы мобильдік топ құрылды. Бұл топтың мақсаты – көмекке мұқтаж жандарды уақтылы анықтап, қажетті әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік, медициналық және құқықтық қолдау көрсету болып табылады,- деді Анар Садыққызы.
Оқыту семинар-тренингінің барысында Қазақстан Респуьликасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің» басшысы Фарида Сағындық сөз алып, басқосудың мән-маңызына кеңінен тоқталды.
– Қазір ел өңірлерінде 110-нан астам отбасын қолдау орталығы құрылып, өз жұмысын бастады. Олардың негізгі міндеттері – мемлекеттік отбасы саясатын жүргізу, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға көмек-қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, көмек көрсету, мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру екенін баса айтқым келеді. Бүгінгі іс-шара да отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіруге арналып отыр. Көштің де жүре түзелетіні сияқты, дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою, жұмыстың бірыңғай әдіснамасын құру, оны жүзеге асыру барысында орын алған олқылықтардың орны осындай семинарларда толығатынына сенемін,- деп атап өтті Фарида Сағындық.
Оқыту тренингі ары қарай практикалық жұмыстармен жалғасып, онда кәсіби мамандар қатысушыларға мемлекеттік органдар мен ұйымдардың автоматтандырылған өзара іс- қимылына арналған FSM Socium және FSM Social ақпараттық жүйесіне цифрлық платформасын орнату әдістерімен жан-жақты таныстырды.
Айта кету керек, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер, оның ішінде, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға кешенді көмек көрсету мақсатында ауданда «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі ашылып, жұмыс атқару үстінде. Сондай-ақ, қиын жағдайдағы азаматтарды ерте анықтап, оларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында арнайы мобильдік топ құрылды. Топ жұмысының басты мақсаты – көмекке мұқтаж жандарды уақтылы анықтап, оларға қажетті әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік, медициналық және құқықтық көмек-қолдау көрсету болып табылады.

Таңдаулы материалдар

Close