Basty bet

ӨМІРІҢІЗДІҢ БІР КІРПІШІН ДҰРЫС ҚАЛАУ

Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығын өзі таңдауы және оған құрметпен қарауы керек. Себебі, мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді және адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі.
Адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады. Барлық адам асқақ арман мен биік мақсатқа ие. Әрбірінің өз бағыты, арман қылған бағындырар биігі болады. Ал биік шың адамға оңайлықпен беріспесі анық.
Кемеңгер дана Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тапта, бар қалан», деген қасиетті сөзі өз мақсатына жету үшін біздерге зор мүмкіндіктерге жол ашады. Болашақта үлкен мамандық иесі болатынын армандамайтын бала болмайды. Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әрбір адамды толғандырары сөзсіз.
Ауданда №16 Жуалы колледжінде газбен-электрмен дәнекерлеуші, тракторист-машинист, тігін, аспаз, электромонтер мамандықтары оқытылуда. Сонымен қатар болашақта елімізде химия саласының мамандары, тағамдық өнеркәсіп, медициналық мамандықтар, география мамандары болашақта біршама талап етілетін нанотехнологиялар, сервиспен байланысты мамандықтар сұранысқа ие.
Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Адамның айрықша мән беріп, аса ұқыптылықпен таңдау жасайтын сәтінің бірі. Жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек деген ұғым қоғамдағы әр адамның жадында сақталып қалғаны рас.
Дегенмен, мамандық таңдауда жастардың көп жаңылатыны еліміздегі негізгі проблемалардың біріне айналып отыр. Бұған не себеп? Кім кінәлі? Мамандық таңдау құқығы талапкердің өзіне беріле ме, жоқ әлде қоғам мен қоршаған ортаға негізделген бе? Санамызда сансыз сұрақ сайрап тұр. Ұлға тұсау, қызға бұғау болған заман артта қалды. Қазір әр адам білім алып, белгілі бір маман иесі болып шығуына толық құқығы бар. Белгілі бір мамандықта жоғары оқу орнын аяқтап, дипломы жарамсыз болған жастар да аз емес. Бұған себеп, әу баста дұрыс таңдау жасамау. Салдарынан, бірнеше жылын текке өткізіп, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізе алмайды.
Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар. Адам ең алдымен қоғамға емес, өзіне ұнайтын мамандық таңдағаны жөн. Сонда ғана өзіне де, қоршаған ортаға да пайдасын тигізе алады. Уақыттың көп бөлігі жұмыста өтетіндіктен, бұл іс адамға ләззат әкелуі тиіс. Мамандықты табыс көзі үшін таңдау үлкен қателік. Өзіңізге ұнайтын саланы таңдау, сізге үлкен бақыт әкеледі. Таңдау қаншалықты сәтті болса, өмір жолы да соншалықты қызықты әрі табысты болады. Икеміңе қарай еңбек етсең болғаны.
Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалап, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын білікті маман болу бақыты әрбір жанға бұйырсын!

Назерке МАҚТАБАЕВА,
аудандық «Жастар ресурстық орталығының»
инспектор-психологы

Таңдаулы материалдар

Close