Basty bet

Ұлттың биік ұстыны болған жұлдызды күн

ауданда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді

Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына – 34 жыл толып отыр. Бұл – ел өміріндегі айтулы оқиға және маңызды белес. Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының және халық өмірінің ажырамас бөлігі.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағының арасындағы терең сабақтастықтың жарқын көрінісі. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Биыл Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуде 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның мәні мен мазмұнын айшықтауға, Қазақстан Республикасында заң үстемдігін нығайтып, қоғамда бірлік пен ынтымақ, Отаншылдық сияқты конституциялық құндылықтарды терең орнықтырып, оларды азаматтар арасында кеңінен насихатауға басымдық беріліп отыр.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орайластырылып мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінің алаңында өткен «Рәміздер рухы – Конституция күші!» тақырыбындағы салтанатты жиынға аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың аппараты, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің, әкелер кеңесі мен Аналар алқасының мүшелері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық әкімдікке қарасты бөлімдер мен өңірдегі басқа да мекеме басшылары мен қызметкерлері, сонымен қатар, белсенді жастар қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 34 жыл толуына орай өткізілген «Рәміздер рухы – Конституция күші!» атты мерекелік іс-шара басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы және Мемлекеттік Елтаңба салтанатты жағдайда сахна төрінен орын алды. Әнұран – халқымыздың жүрек үні, ұлт рухының биік көрінісі екені анық. Рәміздер күні мерекесіне байланысты мерекелік көңіл күй қалыптастыру мақсатында республика бойынша Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындау ұсынылып, осыған сәйкес, мерекеге жиналған азаматтар Әнұранды жанды дауыста бірге шырқады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесіне орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық нышандардың қоғам өміріндегі маңызы туралы айтты.
– Құрметті жерлестер!
Баршаңызды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері алғаш рет 1992 жылғы 4 маусымда үш жеке заңмен бекітіліп, бұл құжаттардың ережелері Мемлекет басшысының 1996 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлығында жинақталды.
1992 жылғы 6 маусымда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында Мемлекеттік рәміздерге арналған салтанатты рәсім өтіп, сол күні Президент сарайы мен Парламент үйі ғимараттарының төбесіне Мемлекеттік Ту көтеріліп, Елтаңба қойылды.
1992 жылғы 11 желтоқсанда Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітіліп, мемлекеттік рәміздер мен байрақты басқа елдерде шырқалатын болды. Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні, жалпұлттық мереке ретінде атап өтілуде.
Мемлекеттік тудың авторы – Шәкен Ниязбековтің эскизі 1992 жылы Моңғолия, Германия, Түркия және басқа да елдерден 1 200-ге тарта суретші қатысқан байқауда үздік деп таңдалып алынды. Тудың көк түсі – адалдықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, береке-байлықтың белгісі. Қазақстандағы ең үлкен Ту елордасы Астана қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан.
Әлемдегі ең ірі медиаплатформалардың бірі Reddit қолданушылары қатысқан онлайн-турнирде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының ең әдемі және ең үздік ту деп танылуы – ел азаматтары үшін үлкен мақтаныш.
Биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияның 11- бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді» деп айшықтап жазылғаны белгілі. Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі.
Мемлекеттік рәміздер қазақ халқының рухани құндылықтарын, жерінің байлығы мен тарихының мызғымастығын көрсететін құнды қазына. Өз еліне және туған жеріне деген мақтаныш пен сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Ел тыныш, халқымыз аман, ұлт нышандарының мәртебесі әрдайым биік болсын! Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік жиында қасиетті өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты Алғысхатпен марапаттады.
Зеңгір көк аспанның астында желбіреген көк Туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты нышандарының бірі екені анық. Жиында жүректі тебірентіп, ел азаматтарына Отаншылдық рух сыйлайтын «Көк тудың желбірегені» әнін аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары көпшілікпен бірге орындады. Мерекелік жиында басқа да рухты әндер орындалып, көпшілікке жақсы әсер сыйлады.

Таңдаулы материалдар

Close