Basty bet

Көпір кеңейтілсе, көлік қатынасы да ретке келер еді…

Жол – экономиканың күретамыры. Ол автомобиль жолы болсын, теміржол болсын, ел экономикасында үлкен маңызды рөлге ие. Сондықтан, мемлекет те жол қатынасын арттырып, сол арқылы өзара сауда-ынтымақтастықты еселеп арттыруға ниетті. Бұл бағытта нақты іс-шаралар қолға алынып, республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар жолдар жөнделу үстінде.

Ал теміржол қатынасы автомобиль жолынан да маңызды. Олай болатыны, шойын жол арқылы вагондармен күнделікті жолаушылар және ауыр жүктер тасымалданатынын ескерсек, тәуліктің қай кезеңінде де бұл қозғалыс бір сәтке тынған емес. Қозғалыстың артуы мен жиілігі тиісінше, адам өміріне де қауіп-қатер төндірмей қоймайды. Сондықтан автомобиль жолдарында болсын, теміржол қатынасы саласында болсын, қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға тиіспіз. Олай болатыны, бірінші кезекте адамның өмірі мен қауіпсіздігіне баса назар аударған жөн.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Жуалы ауданы үшін де жол қозғалысындағы қауіпсіздіктің маңызы өте зор. Себебі, ауданның аумағын «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі басып өтеді. Мұндағы көлік нөпірі жыл санап артып келеді. Одан бөлек, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылын және өңірге қарасты бірқатар ауылдарды шойын жолдың үлкен күретамыры – «Түрксіб» (Түркістан-Сібір) теміржол желісі қақ жарып өтіп жатыр. Салынғанына бір ғасырдан астам уақыт болған еліміздегі ең ірі теміржол магистралінің тұтас ел экономикасына тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Аталған жол-қатынас желілерінің ел өміріндегі маңызымен бірге, ондағы қауіпсіздік шараларын да мұқият сақтау негізгі міндеттің бірі. Бұл теміржолшыларға да, тұрғындарға да қатысты маңызды мәселе. Біздің негізгі айтайын дегеніміз – адамдардың жол бойындағы қауіпсіздігінің жайы.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Автомобиль жолдарының бойындағы жол қауіпсіздігі мен онда орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларының статистикасы өз алдына. Ал соңғы кездері теміржолды кесіп өтетін ауыр және жеңіл автокөліктердің қатысуымен болып жатқан жол-көлік оқиғалары көбейіп келеді. Қазақстанның барлық өңірлерінде осындай апаттан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған азамат түрлі дене жарақаттарын алуда. Бұл – отандық ашық ақпарат көздерінен алынған мәлімет.
Адамдардың қауіпсіздігі туралы мәселені Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, жамбылдық жерлесіміз Мұқаш Ескендіров Парламент қабырғасында жиі-жиі көтеріп жүр. Бұл туралы халық қалаулысының атынан былтыр Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға тиісті депутаттық сауал жолданғанын білеміз.
Апаттың аты – апат. Жол – қателікті кешірмейді. Жол апаттарынан ауыр және жеңіл көліктерге, теміржол составтарымен тасымалданатын жүктерге келтіріліп жатқан шығындар шаш етектен екенін айтпай-ақ білуге болады. Мәселен, 2022 жылдың қараша айында Жамбыл облысының Меркі ауданы Қарасу ауылының тұсында теміржол составы жеңіл автокөлікпен соқтығысып, апаттың салдарынан алты адам қайтыс болды. 2023 жылдың қаңтар айында Жетісу облысының Қаратал ауданы Қанабек ауылының тұсындағы теміржол өткелінде пойыз тракторды соғып, оның жүргізушісі оқиға орнында қаза болған. Санамалай берсеңіз, теміржолдың бойындағы мұндай жол-көлік оқиғалары деректері өте көп. Қауіпсіздікті қанша сақтағанымызбен, мұндай тосын оқиғалар азаяр емес. Бұған не себеп?!
-Дәл осындай жағдай Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылын екіге бөліп тұрған теміржол көпірінде де орын алуда. Аталған ауданда 53 мыңның төңірегінде адам тұрады. Жолдың бұл учаскесінде жылдан-жылға автокөлік ағыны жылына бірнеше есеге артып, өткелде бір біріне қарама-қарсы келген көліктер кезекпен өткендеріне қарамастан, теміржолдың екі жағында да көлік кептелісі туындап отыр. Жолдың бұл учаскесінде орын алатын жол-көлік апаттарынан жаяу жүргіншілер түрлі жарақаттар алып, қайғылы жағдайлардың жиі болатыны жасырын емес,- дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров.
Халық қалаулысы Мұқаш Зұлқарнайұлы сонымен бірге, Б.Момышұлы ауылын екіге бөліп тұрған, тұрғындар арасында «тесік көпір» аталып кеткен теміржол асты өткелінің мәселесін Парламентте өтетін Үкімет сағаттарында жиі көтеріп жүр. Бұл – жергілікті сайлаушылардың талап-тілегінен туған өтініштің бірі.
Аталған теміржол өткелінің өңір тұрғындары және автокөлік жүргізушілері үшін проблема туындатып келе жатқанына да ұзақ жылдар болды. Бұл көпірдің материалдық тұрғыдан әбден тозығы жеткенін аудан басшылығымен қатар, тұрғындар да жақсы біледі. Оның үстіне, жыл санап тұрғындардың иелігіндегі автокөліктердің саны да еселеп артып келеді. Сондықтан, «тесік көпірдің» мәселесі аудан үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Көпірді екі көлік қатарынан сыятындай етіп кеңейтудің уақыты әбден жетті…
Қалай айтсақ та, аудан тұрғындары әлдеқашан «бас ауруға» айналған теміржол асты өткелі туралы мәселені бірнеше жылдан бері көтерумен келеді. Аталған мәселе Жуалы ауданына жұмыс сапарлары кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіровтың де назарына бірнеше мәрте салынған болатын.
-Жамбыл облысы әкімінің атынан «Қазақстан теміржолы» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевқа 2021 жылдың 15 мамырында хат жолданған болатын. Нәтижесінде, арнайы комиссия Бауыржан Момышұлы ауылын аралап, көпірдің тозығы жеткендігін, оның пойыз қозғалысына қауіп төндіретінін және көпір маңында көлік кептелісі орын алатынын көзбен көріп, жобалық-сметалық құжат дайындау үшін техникалық тапсырма әзірлеу туралы ұсыныс берген,- дейді халық қалаулысы.
Теміржолдың астынан көлік өтетін көпірдің кеңейтілуін аудан тұрғындары көптен бері күтуде. Бұл стратегиялық тұрғыдан маңызды мәселе болғандықтан, теміржолдың астындағы көпірдің салынуы немесе салынбауы туралы нақты ешқандай ақпарат айта алмаймыз. Әзірге біздің білетініміз, көпірді кеңейту жөніндегі тұрғындардың ұсынысына сәйкес, тиісті шешім қабылданып, жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Сәтін салып, жобаға қажетті қаржы қарастырылған жағдайда, құрылыс басталады деп күтілуде.
Теміржолдың астынан көпір салу жобасының өте күрделі процесс екенін әрі едәуір уақыт пен қаражатты қажет ететінін ескерсек, «тесік көпірдің» мәселесі жақын арада шешіледі деп біржақты пікір айтуға әлі ертерек…

Таңдаулы материалдар

Close