Basty bet
Мыңбұлақтың минералды мөлдір суы
Ақсай алқабындағы артезианнан өндірілген минералды ауызсуы «Ақсай-Жуалы» сауда белгісімен отандық нарыққа жол тартуда
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өзі өмірге келіп, туып-өскен топырағы қасиетті өлке Жуалы туралы:
«Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер, балдай.
Қызғалдақ қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай» деп жырлағаны белгілі. Шынында, аты айдай әлемге мәшһүр қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлын тудырған қасиетті Жуалы өлкесі туралы ел ішінде айтылар аңыз жетерлік. Бірақ соның көбісі ақиқатпен астасып жататыны да жақсы білсек керек. Ауасы жұпар, суы мөлдір, қоңыр самалы жанға шипа осынау өлкенің қадір-қасиетін былайғы жұртшылық та жақсы біледі. «Мыңбұлақ өлкесі» атанған қасиетті Жуалы ауданының табиғаты басқа өңірлерден қарағанда өзгеше. Жазы қоңыр салқын, ал қысы қатал, қарлы-боранды болып келетін өңір туралы ел ішінде айтылар аңыз да, әңгіме де жеткілікті. Түгін тартсаң, майы шығатын дейтін өлкенің еңбекқор диқандары қара жерге тер төгу арқылы егіннен мол өнім жинап, ел ырысын еселеп келеді. «Ақ бидай» өлкесіне деген ел құрметі осыдан басталғаны даусыз…
Жуалы тегіннен тегін «Мыңбұлақ өлкесі» аталмаса керек.
Бастауын ақбас Алатаудың ұшар басындағы мұздықтардан алатын бұл өлкеде суы бал татитын бұлақтар өте көп. Онымен қоса, тереңнен алынатын жерасты артезиан суының қасиеті мол, адам денсаулығына да өте пайдалы. Киелі өлкедегі артезиан суын ел қажетіне жаратуды ойласақ та, бұған дейін оған бел буып іске кіріскен ешкім болған жоқ. Осынау олқылықтың орнын биыл «Ақсай-Жуалы» ЖШС толтырып отыр. Аталған серіктестік Ақсай ауылдық округінің территориясындағы артезиан бұлағының маңынан құтыдағы минералды таза ауызсу өндіретін кәсіпорынның іргесін қалап, оны жақында ғана іске қосты. Қазір осында өндірілген минералды таза ауызсу пластик құтыларға құйылып, отандық нарыққа шығарылып жатыр. Адам ағзасына пайдалы экологиялық таза өнімге сұраныс та жоғары. Құтыдағы мөлдір су әзірге Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына және облыс аудандарына жөнелтілуде. Өндіріс толық қуатына енгенде өнім көлемі ұлғайып, сатылатын нарық та кеңейе түспек.
«Жақсыны – көрмекке» деген. Ауданда жаңадан кәсіпорын ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатса, оған қалайша қуанбайсың?! Бір гектарға жуық аумақты алып жатқан «Ақсай-Жуалы» ЖШС-на қарасты су өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысуға біз де арнайы бардық. Мұнда жұмыс қызу. Үш айдай уақыт бұрын ашылған шағын кәсіпорын толық қуатына қосылғанда мұндағы жұмыстың көлемі екі есе ұлғаятыны сөзсіз. Өндіріске қажетті қондырғылар Ресей Федерациясы Удмуртия Автономды Республикасының Ижевск қаласынан осында әкеліп, іске қосылған. Автоматты жүйеде жұмыс істейтін қондырғы желісінің көмегімен мұнда сағатына үш жарым мың құты минералды су құюға мүмкіндік бар. Ал екінші желі іске қосылғанда өндірілетін өнімнің көлемі едәуір ұлғаятынын айтады кәсіпорын мамандары.
Өндіріске ең қажетті минералды артезиан суы осындағы Ақсай алқабынан 130 метр тереңдіктен жер астынан алынуда. Құты жасауға қажетті шикізат, қақпақ, сауда белгісінің қағаз жапсырмалары, дайын өнімді орауға қажетті шикізаттың барлығы Шымкент қаласынан тасымалдануда. Өндіріске жауапты инженер-қызмет көрсетуші механик маман Қанат Жұмановты өндірістегі уақыттың тығыздығана қарамастан әңгімеге тарттық. Ол өндірістегі жұмыстың автоматты желі арқылы жүріп жатқанын айтады.
– Ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінен минералды су өндіретін кәсіпорын ашу туралы бастаманың осыдан үш-төрт жыл бұрын көтерілгені белгілі. Оған реті әбден келіп тұр. Мұнда жер астынан алынатын артезиан суының қоры мол. Алатаудың ұшар басындағы мұздықтардан еріген мөлдір су жер асты арқылы табиғи сүзгіден өтіп осындағы артезианға келеді. Минералды су өндіруге тиісті орындардан рұқсат та алынған. Артезиан суының құрамы мен сапасы туралы Алматы қаласындағы «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтынан» берілген рұқсат қағазында су сапасының өте жоғары әрі адам ағзасына пайдалы сирек минералдарға бай екені туралы жазылған.
Өндіріс қазір жартылай қуатта жұмыс істеуде. Ресейден әкелінген автоматты желі-қондырғысы арқылы жұмыс біршама жеңіл деп айтуға болады. Ең бірінші желідегі ПЭТ қондырғысы арқылы пластик құты қалыпқа келтіріліп, сол жерде жоғары температурадағы кварцтау және термоөңдеуден өтеді. Автоматты жүйе арқылы ары қарай газдалған минералды су құтыларға құйылып, қақпағы бұралып, өндірілген датасы жазылып, ең соңында сауда белгісі жапсырылғаннан кейін ғана орауға, одан ары қарай дайын өнім ретінде қоймаға жіберіледі. Қазір мұнда «Ақсай-Жуалы» сауда белгісімен минералды судың газдалған және газдалмаған екі түрі өндірілуде,- дейді кәсіпорынның жұмысына жауапты инженер-қызмет көрсетуші механик маман Қанат Жұманов өз сөзінде.
Айтса, айтқандай, дайын өнім шығаруға дейінгі мұндағы жұмыстың процесін өзіміз де көзбен көрдік. Жұмыс қарқыны қызу. Кәсіпорында жарты литрден бастап, 1, 1,5 және 5 литр пластик құтыға құйылған минералды су өндіріледі. Жұмысшы күшіне келетін болсақ, технолог, инженер-механик, операторлар мен жүктеушілер, күзетші, жалпы 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістегі мамандардың дені жергілікті ауылдың азаматтарынан алынған.
Қосымша айта кетсек, минералды су өндіретін бұл кәсіпорын аудандағы маңызды өндірістік жобаның бірі болып табылады. Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан «Ақсай-Жуалы» ЖШС-ын – өңірдегі таза ауызсу өндірісін қолға алған ауқымды әрі заманауи кәсіпорын десек, қателеспейміз. Бұл жоба тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік және экологиялық маңызымен де ерекшеленеді.
2023 жылы құрылысы басталған бұл нысанның жалпы құны – 1,5 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында тәулігіне 10-15 тонна минералды таза ауызсу өндірілуде. Ал жоба толық қуатына шыққан кезде бұл көрсеткіш 50-60 тоннаға дейін артады деп күтілуде. Әрбір бөтелке заманауи желілерде құйылып, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай өңделеді. Бұл өз кезегінде өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Жоба толық іске қосылған кезде жұмысшы саны 50-60 адамға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Бұл жоба болашақта Жуалының брендіне айналып, нарықта өз орны бар отандық өнім ретінде танылатынына сенім мол.