Basty bet

Тағылым мен танымның тойы

көршілес Түлкібас ауданындағы қаламгерге арналған конференциядан

Өткен жұмада көршілес Түлкібас ауданында қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Алдымен аудандық мәдениет үйінде конференция өтті. Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп қатысты.

Іс-шараның басты қонағы Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Шерағаның идеологиядағы сөз майданындағы ерлігі, оның маман таңдауда, оларды тәрбиелеудегі рөлі, шығармаларының тәрбиелік мәні туралы кеңінен әңгімеледі.
Жүргізуші Шерағаның 90 жылдығына арналған конференцияға Президент әкімшілігінен бастап министрлер, сенат депутаттары, қоғам қайраткерлері, ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі елшілер, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жолдаған құттықтаулар легімен таныстырып, уақыт мүмкіндігіне қарай кейбірін оқып беріп отырды. Конференцияға жолданған барлық құттықтау хаттар Шерағаның 90 жылдығына арналған жинаққа енетінін жеткізді.
Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай тұла бойы тұтас қазақ халқына қызмет еткен Шерағаның Камал Смайылов екеуінің бір-біріне жазған “Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда” атты хатына тоқталды.
-Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі болған киелі Түркістан облыс орталығы болуы керек дегенді 1994 жылы Шерағаң айтқан болатын. Яғни, тарихтың тамырын дөп басып, үлкен мақала жазған еді. Желтоқсан айында қазақтың бағына біткен біртуар қаламгерге Түркістан қаласында халықаралық деңгейде конференция өткелі отыр,- деді журналист Ғалымжан Елшібай.
Жүргізуші Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дарқан Қыдырәлінің құттықтауын оқып берді.
-Қайталанбас туындылар қалдырған Халық жазушысы, шындықтың шырағы, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы ел руханияты үшін айтулы мереке.
Қазақ прозасын биік белеске шығарып, әдебиетімізге соны леп, сүрлеулі соқпақ салған жазушының шығармалары қалың оқырманның қастерлі құндылығына айналды. Ол өлмес туындыларымен оқырманның жүрегіне кісілік құндылықтар мен адамгершілік қағидаттарын егіп қана қоймай, олардың тарихи санасының қалыптасуына да әсер етті. Сонымен қатар Шерхан Мұртазаның жазушылық шеберлігі, сөз ұстарту тәсілі өзгеше, ойлау жүйесі өзінен кейінгі қаламгерлер үшін үлгі болып келеді.
Қаламына құт қонған жазушының өмір сүрген заманынан алыстаған сайын оның рухына жақындай түсетініміз анық.
Шерхан Мұртаза әдебиеттің алыбына айналған жазушы ғана емес, керек жерінде кесіп айтып, ұлттың есесін түгелдеген мемлекет қайраткері. Оның Парламент мінберінен күркірей сөйлеп, елдік мұрат пен ұлттық мүдденің қорғаны болғаны күллі қазақ баласының есінде.
Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, халқымыздың ең сүйікті тұлғаларының қатарына орныққан, күллі қазақтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы еліміздің әр өңірінде еске алынып, насихатталып жатқаны алты Алаштың ардақтысына деген риясыз құрметінің белгісі. Халық жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы өнеге мен үлгінің, тағылым мен танымның тойы болсын деп тілеймін!
Құрметпен, Дархан Қыдырәлі.
Шерағаның кіндік қаны тамған туған жері Жуалының ыстық сәлемін, аудан әкімі Жалғас Мұртазаның түлкібастықтарға деген тілегін аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков жеткізді. Халықтың қамын жеген тарихи тұлғаның мерейтойы Шерағаның туған жерінде, өз үйінің ауласында кең көлемде аталып өткенін, оның үйі Шерхан Мұртаза атындағы мемориалдық музей болып ашылғанын мақтанышпен жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы екеуі қаламгердің 90 жылдық мерейтойына арнайы жасалған сыйлықтарды Түлкібас ауданының әкіміне тапсырды.
Бұдан соң Тараз өңірінен келген бірқатар делегаттар сөз сөйледі. Соның ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика кафедрасының профессоры Меруерт Көпбаева Шерхан Мұртазаның шығармаларының тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.
-Шерхан Мұртаза 5 жасында әкесінен айырылып, қаншама қиындық көрді. Бірақ ол қиындыққа жұтылып кеткен жоқ. Керісінше қиындықпен күресіп, тұлға болып қалыптасты. Ал, қазіргі кейбір жастар аз ғана қиындыққа шыдамай жұтылып кетіп жатыр.
Тұлға болып қалыптасу адамның ішкі құндылықтарына байланысты.
“Ай мен Айша” кітабында Шерағаң айтады: “Балалық шақта есімде қалған ең бір әдемі сәт – анамның ертегі, қисса айтып берген сәті” дейді. Анасының ертегі, қиссалары арқылы бала Шерханның қиялы, ой-өрісі дамыды, намысы қайраттанды. Сондықтан бүгінгі жастар кітап оқуы үшін ата-аналар көп ізденуі керек. Сонда ішкі құндылығы мықты ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Қазір “Отбасы хрестоматиясы” деген қоғамдық қор бар. Қор ұрпақ тәрбиесіне арналған көптеген кітаптар шығаруда. Сол кітаптарды оқу керек.
Намыс адамға ерекше керек қасиет. Намысымызды әрдайым биік ұстайық! – деді Меруерт Көпбаева. Ал, осы университеттің доценті Темірбай Мұқашев өзінің сөзінің соңында ел боламыз десек, әрқайсымыз Шерағаның “Бір кем дүниесін”, “Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда” деген еңбектерін оқуымыз тиіс деген ұсынысын жеткізді.
Тараз қаласындағы Шераға білім алған №5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның Шерхан Мұртаза атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің мұғалімі, педагог-шебер Нағима Ниязбекқызы мектепте Халық жазушысының 90 жылдық мерейтойына ұйымдастырылған шаралардан оқушылардың алған әсерлерін қуанышпен жеткізді.
-Шерағаның шығармаларын насихаттауға арналған байқау соңынан оқушылар оқыған туындыларынан алған әсерлері туралы жазды. Соның ішінде оқушылар Шерағаның “Ай мен Айша” шығармасы бізге өмірімізге шүкіршілік етуге үйретті. Тоқшылық, баршылықта өмір сүріп жүрсек те, кейде ренжіп, бұлданатынымызға іштей қатты ұялдық дейді жастар,- дей келіп, балалардың болашағы үшін нәтижелі ұйымдастырылған игі істеріміз көп болсын деген тілегімен сөзін аяқтады.
Конференция соңынан осы шараның өтуіне тікелей мұрындық болған “Шерхан Мұртаза” атындағы қордың төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Қайрат Айтбай Шерағаның інісі Әлижан Мұртазаны құрметпен ортаға шақырып, Шерағаның ұлы Батылжан мен қызы Алманың түлкібастықтарға деген алғысы мен Құттықтауын оқып берді.
Конференцияны қорытындылаған жүргізуші бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл бір әулеттің намысын ту етіп ұстай алатын, Шерхандай азаматты дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Айша анамыздай арлы, намысты, ақылды қыздарымыз көп болсын!
Президентіміздің жаңа қадамы құтты болсын! Президентімізге қолдау білдіріп, ауызбіршілігімізді, елдігімізді көрсетейік деген тілегімен ақтады.
Конференция Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әншілерінің шағын концертіне ұласты.
Әрі қарай Көксағыз ауылында мешіт ашылып, жиналған жамағат жұма намаз оқыды. Артынан Құдайы тамақ таратылды.
Түс қайта іс-шара мәдиени шараларға ұласты.
Шерхан Мұртаза – таусылмайтын қазына. Сондықтан Шерағаның шығармаларын оқиық, көңілге тоқиық! “Арманы асқақ асыл ел ұрпақ қамын ойлайды” демекші, жас ұрпаққа үлгі болар игі істеріміз лайым көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close