Basty bet

Кітап – адамның жан дүниесін байытатын рухани қазына

Кітап – адам санасын жетілдіретін, рухани дүниесін байытатын, ойлау қабілетін дамытатын ең құнды қазына. Алайда бүгінгі қоғамда әлеуметтік желі мен цифрлық ақпарат тасқыны күшейген сайын, кітап оқу дағдысы әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Бұрын сабақтан кейін кітапханаға барып, кітап сөрелерінен сүйікті кітабын іздейтін оқушыны жиі көретін едік. Қазір ондай балаларды сирек кездестіреміз. Оқушының қолындағы смартфон кітаптың орнын басып, дамудың емес, уақыт өткізудің құралына айналуда.

Цифрлы ғасыр баланың ойлау жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Жылдам ақпаратқа үйренген бүгінгі жас буын ұзақ мәтін оқуға шыдамсыз, ой елегінен өткізуге құлықсыз. Бір минуттық видеоларға тәуелділік тұрақты оқуды тежеп, сөздік қорды жұтаңдатады. Соның салдарынан жас буында ойын жүйелі жеткізбеу, талдау, салыстыру, қорытынды жасау дағдыларының төмендеуі байқалуда. Ал кітап – терең ойландырып, ізденуге жетелейтін баға жетпес тәрбие құралы.
Ұялы телефонды жастанып, әлеуметтік желілерден бас көтермейтін бүгінгі баланың қолына кітап ұстатып көріңізші? Кейбірі оны оқудан бұрын жүк көріп, бетін ашуға ерінеді. Бұл жағдай қазір тұтас қоғамның алаңына айналып отыр.
Баланы кітап оқуға баулу үшін тек сөзбен насихат жеткіліксіз. Үйде ата-ана кітап оқып үлгі болмаса, мұғалім тек міндет ретінде талап етсе, баладан кітапқа махаббат күтудің өзі қисынсыз. Кітапхана да бүгінгі заман талабына сай жаңарып, жас оқырман үшін тартымды ортаға айналуы тиіс. Оқу клубтары, авторлармен кездесулер, кітап викториналары, әдеби кештер – балаларды кітап әлеміне тартудың тиімді жолдары. Сонда ғана кітапхана шаң басқан қойма емес, жанды мәдени орта ретінде қабылданады.
Қоғамда қазіргі кітап оқу мәселесіне қатысты екіұдай пікір бар. Бірі жастардың әлі де кітапты жақсы оқып, рухани байып келе жатқанын алға тартады. Екінші жағынан, жастардың кітаптан алыстап, ақпаратқа тез қол жеткізетін цифрлық ортаға тәуелді болып бара жатқанын айтып алаңдайды.
Кітапханашылардың айтуынша, соңғы жылдары оқырмандар сұранысы айтарлықтай өзгерген, 2025 жылғы оқылым талдауларына сүйенсек, жастар арасында өзін-өзі дамытуға арналған психологиялық әдебиеттер, мотивациялық және тұлғалық даму кітаптары көш бастап тұр. Сонымен қатар тарихи романдар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын қазақ әдебиеті, шетел классикалары мен заманауи қазақ жазушыларының шығармалары да жоғары сұраныста. Әсіресе, 14-25жас аралығындағы оқырмандар шетел әдебиетіне көптеп бет бұруда. Қазақ қаламгерлері ішінде Төлен Әбдік, Әлібек Байбол және Дария Жұбатырованың кітаптары жиі сұраныста.
Сондай-ақ, жастар арасында электронды кітапқа деген қызығушылық артқанымен, қағаз кітаптың беделі әлі биік. Оқырмандардың шамамен 52% әлі де баспа нұсқасын таңдаса, қалған бөлігі электронды форматын қолдануда. Электронды ақпараттың кең таралуы мен әлеуметтік желілердің үстемдігіне қарамастан, кітап адам санасын байытатын, ойлау қабілетін дамытатын, рухани дүниесін жетілдіретін құнды құрал болып қала береді. Сол себепті елімізде жастар мен оқырмандар арасында кітапқа қызығушылықты арттыру мақсатында әртүрлі акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Ең танымал акциялардың бірі – «Бір ел – бір кітап». 2007 жылдан бастап республикалық деңгейде өткізілетін бұл іс-шараның басты мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлт руханиятының дамуына үлес қосу. Сонымен қатар, «Ауылға кітап» акциясы ауылдық жерлердегі кітапханалардың қорын жаңартуға бағытталған. Мысалы, Түркістан облысында ұйымдастырылған «Алтын қорға үлес қос: Ауыл кітапханаларына 20 000 кітап» жобасы аясында, ауылдық мектептер мен кітапханаларға жаңа әдебиеттер жеткізілді. Мұндай акциялар оқырмандарды ауыл кітапханаларымен байланыстыруға және жергілікті жастарды оқу мәдениетіне тартуға мүмкіндік береді.
Қайырымдылық сипатындағы «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы да елде кеңінен танымал. Бұл шара арқылы кітапханалар заманауи басылымдармен толықтырылып, жастар мен оқушыларға қызықты әрі жаңа әдебиеттер ұсынылды. Мысалы, Шиелі ауданында 1500 кітап білім беру ұйымдарына табысталып, оқырмандар арасында қызығушылықты арттыруға үлес қосылды. Аталған кітап акциялары жастарды оқуға шақыруда, кітапханаларды жаңартуда және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Кітап – ақпарат алу құралы ғана емес, тұлға қалыптастыратын тәрбие мектебі. Кітап оқыған адам – сөзге бай, ойы терең, өз пікірін анық жеткізе алатын, рухани бай адам болып қалыптасады. Кітаптың әр парағында – қадір, әр сөйлемінде – ғұмыр бар, сол себепті кітап ешқашан ескірмейді. Өйткені адамзат ақылы толыспайынша, кітапқа мұқтаж.

Аяжан қазыбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close