Basty bet
Жаңа жолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Апта басында «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс ХLVІІ (47-ші) конференциясы ұйымдастырылып, онда бірқатар маңызды мәселе қаралып, шешім қабылданды.
Конференцияға партияның Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, «AMANAT» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, партия аудандық филиалы «Жастар рухы» Жастар Қанатының мүшелері және жергілікті БАҚ өкілдері шақырылды. Конференция жұмысына «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев қатысты.
Кезектен тыс конференцияға төрағалық еткен Марат Нарымбеков жиынның күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды. Атап айтқанда, жиынның күн тәртібіне үш мәселе ұсынылған. Бірінші – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы, екінші – Саяси Кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы, үшінші – «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс XXXVI (36-шы) конференциясына делегаттар сайлау туралы.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс XLVIІ (47-ші) конференциясының мандат комиссиясы «AMANAT» партиясы Жарғысының 8.3.1-тармақшасына сәйкес, бастауыш партия ұйымдарымен конференцияға делегаттарды сайлау бойынша өткізген конференция хаттамаларын зерделеді. «AMANAT» партиясының аудандық филиалының кезектен тыс XLVIІ (47-ші) конференциясына барлығы 61 делегат сайланған. Саяси партиялар туралы қолданыстағы заңнаманың жене «AMANAT» партиясы Жарғысының талаптарына сәйкес, конференцияға партияның 4 756 мүшесін біріктіретін 19 бастауыш партия ұйымының өкілдері сайланды. Конференция делегаттарының 55% әйелдер, 35 жасқа дейінгі делегаттар – 39%.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков баяндама жасады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жариялағанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауында негізгі межелі міндет ретінде Қазақстанды таяу үш жылда цифрлық мемлекетке айналдыру мәселесі туралы айтылғаны белгілі. Осыған сәйкес, Президенттің тапсырмасымен жаңадан Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылмақ. Аталған ведомствоның алдында атқарылуға тиіс қыруар міндеттердің тұрғанын аңғару қиын емес.
Президент Жолдауының басты мазмұны – жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның орны мен әлеуетін айқындау, оны тиімді пайдалану арқылы экономиканы, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік салаларды түбегейлі цифрландыру. Биылғы Жолдауда негізгі басымдық елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерге беріліп отыр. Жылдың бас құжатында халықтың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат етіп, әсіресе, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін одан ары жетілдіріп, жастарға қолдау көрсету, ел экономикасының драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласын жаңа заманға сай дамыту, сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдауға айрықша басымдық берілген. Бұл өз кезегінде ел экономикасының тұрақты дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жол ашатын маңызды қадамдар. Сонымен қатар, Жолдауда жаңа технологияларды енгізу, жасанды интеллектті дамыту білім беру саласын жаңғыру мәселелері де көрініс тапқан. Бұл жаңа бастамалар жастардың заманауи білім алып, елдің өркендеуіне үлес қосуға зор мүмкіндіктер береді. Жалпы Президент Жолдауында атап өтілген бағдарлар нақты әрі жүйелі түрде жүзеге асатынына сенім мол. Халық үшін жасалып жатқан әрбір қадам сенім мен үмітті арттырады,- деді Марат Аманғалиұлы.
Келесі кезекте Президенттің жаңа Жолдауы талқыланып, онда алғаш болып конференция делегаты, аудандық мәслихаттың депутаты және партия мүшесі Эльмира Абишева, партия мүшесі «Жастар рухы» ЖҚ-ның төрағасы Рауан Сапарбай сөз сөйлеп, пікір білдірді.
Конференцияның күн тәртібінде – «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, онда «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атынан аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Ұлан Айхожаев мемлекеттік қызметке ауысуына және «Күреңбел» БПҰ-ның төрағасы Марат Елепбаевтың, партия мүшесі Бахытжан Бекболат, «Нұрлыкент» БПҰ төрағасы Сандуғаш Тәуекелованың ауданнан тыс жерге кетуіне байланысты олар партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамынан шығарылып, Саяси кеңестің құрамына аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының атқарушы хатшысы Рауан Сапарбай, «Қайрат» БПҰ төрағасы Марат Қуанышбеков, «ЭЖТМ» БПҰ төрағасы Құрманай Муслимова және партия ардагері Мақсұтбек Арзымбетов қабылданды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс XXXVI (36-шы) конференциясына делегаттар сайланды. Жиында «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, оған аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының атқарушы хатшысы Р.Сапарбай мүше болып сайланды.
Конференцияны партия аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков қорытындылап, партия мүшелері мен делегаттарды Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыруға атсалысуға шақырып, елдің болашағы жарқын болуына тілектестік білдірді.
***
Жобалардың сапалы орындалу барысы қаралды
«AMANAT» партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының отырысы өтті. Фракция отырысында 2 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе – партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» Сайлауалды бағдарламасының Жуалы ауданында орындалу бағыты бойынша аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев есеп берді.
Жалпы жол картада 56-тармақ белгіленген. Мәселен, ауданға қарасты Бақалы, Көлбастау ауылдарына ауызсу жүйелерін тарту, Билікөл ауылдық округін табиғи газбен жабдықтау, сонымен қатар, Көлтоған, Қарасаз және Нұрлыкент ауылдарында спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы сияқты маңызды жобалар енген.
Баяндамадан кейін фракция мүшелері ауданда жүргізіліп жатқан әрбір құрылыс нысанының сапасына назар аудару қажеттігін баса назар аударып, кейбір кемшін тұстарды жою жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, жиында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімі басшысының м.а. Гүлшат Наурызова аудандағы әлеуметтік санаттағы азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жөнінде баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл мүмкіндігі шектеулі 118 азамат протез-ортопедиялық құралмен қамтылған. 198 азаматқа санаторлы-курорттық емделуге жолдама берілсе, мүгедектігі бар 94 азаматқа 2 инватакси қызмет етуде. Жиын қорытындасында аталған саланың маңыздылығын ескеріп, әрбір өтінішке ыждағаттылықпен қарау міндеті тапсырылды.
Отырыста қаулы жобасы ұсынылып, қабылданды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»