Basty bet

Аудан орталығында да жұмыс қарқынды

биыл Б.Момышұлы ауылында бірнеше көше орта жөндеуден өтеді

Ауыл – елдің бесігі. Ауыл дамыса, мемлекет те гүлденеді. Ауыл тұрмысын жақсарту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, сол арқылы осындағы инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін қайта жаңғырту ісі Жуалы ауданының орталығы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген ауылда да сәтімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, биыл жыл басынан ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту, көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолы мен көше жиектеріне суағар темір-бетон лотоктар салу, т.б. жоспарланған жұмыстар кестеге сай атқарылу үстінде.
2024 жылы атқарылған жұмыстарға тағы бір тоқталсақ, былтыр «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында орталықтағы әл-Фараби, Көктем көшелері (мердігері «ЖамбылДорМостСтрой» ЖШС), онымен қоса, Наурыз, Ш.Уәлиханов, Ақжол көшелері (мердігері «МерейСтройИнвест» ЖШС) жөнделсе, А.Оразбаева көшесі орта жөндеуден өтті (мердігері «КонструкцияТемірБетон» ЖШС). Сонымен қатар, аталған бағдарламаның аясында Б.Момышұлы ауылындағы М.Мәметова және Ы.Алтынсарин көшелерінің қиылысына орта жөндеу (мердігері «Қаратау жолдары» ЖШС) жөнделсе, В.Латикант көшесі де орта жөндеуден өтіп отыр. Ал былтыр төртінші деңгейлі бюджет қаражатының есебінен Б.Момышұлы ауылындағы 31 көше мен бұрылыстарға көше жарығын орнату жұмыстары жүргізілгенін де айта кеткен жөн.
Ал 2025 жылы аудан орталығында атқарылатын жұмыстардың да ауқымы кең. Биыл «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында Б.Момышұлы ауылындағы басты көшелердің бірі Жамбыл көшесіне бұрылыстарымен бірге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазір жол жөндеу құрылыс жұмыстары қызу атқарылу үстінде. Ұзындығы екі шақырымға жуықтайтын орталық көшенің жоба құны – 195 161,4 мың теңге. Жұмысқа жауапты мердігер мекеме – «ПМК-109» ЖШС. Екі апта бұрын аталған көше жолының бір бөлігінің табаны тегістеліп, асфальт жабынын төсеу жұмыстары атқарылды. Көше құрылысының басында асфальт төсеп және тегістеуге арналған екі бірдей арнайы ауыр техника, таптауға арналған әртүрлі салмақтағы катоктар, автогудронатор, оған қосымша жүк көліктері, т.б. қызу қарқынмен жұмыс атқару үстінде. Жұмысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдері жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады. Айта кету керек, құрылысқа негізінен отандық сапалы материалдар қолданылуда. Ендігі кезекте орталық алаңды қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстары қызу атқарылып, қазір бордюр орнату, асфальт жабыны төселетін алаң аумағын тегістеп, таптау, мұнымен қатар, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмыстары да атқарылып жатыр. Сәтін салса, бұл бағыттағы жұмыстар келер аптада аяқталады деп сенеміз. Ең басты мәселе – жол құрылысының сапасы. Аудан және ауыл әкімшіліктерінің тарапынан, т.б. жауапты мекемелерден қатаң бақылау болса, жұмыс қорытындысы да сапалы болады деген үмітіміз бар.
Онымен қоса, Жамбыл көшесінде жаяу жүргіншілер жолы да қайта жөнделіп жатыр. Орталық алаң тұсындағы жаяу жүргіншілер жолының ескірген табаны сүріліп, орнына жаңадан брусчатка төселу үстінде. Жолдың жиегіне қойылған сәнді бордюрлер де ауылдың сәнін аша түсетіні анық.
Қазіргі уақытта аудан орталығында құрылыс жұмыстары аяқталған көшелердің қатарында – Боранды, Желтоқсан, Әйтеке би, З.Елшібаев және Жанқожа батыр көшелері бар. Одан бөлек, биыл жоспарға сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен – Б.Сафинов, Б.Үсенов, Ш.Уәлиханов көшелерінің бұрылысы және Ұлан көшесінің орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылында газдандыру және ауызсу жүйелері толықтай орталықтандырылғанын да айтқан жөн.
Биыл аудан орталығында және жекелеген ауылдық округтерде ауылішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарының қарқын алып, оған қомақты қаражат бөлініп отырғанын ескерсек, бұл ретте аудан және ауыл әкімшілігінің тарапынан құрылысқа тұрақты бақылау жасау артық етпейді деген тілекті де қоса жеткізгіміз келеді…

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close