Basty bet

Аудан тұрғындарына сібір жарасына қарсы екпе егілуде

Мемлекетіміздің басты байлығы – адам, оның денсаулығы мен өмірі және қауіпсіздігі. Сондықтан елдегі эпидемиологиялық ахуал да үнемі басты назарда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған әрбір Жолдауында аурудың алдын алу мен медициналық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуын басты назарда ұстап, Үкіметке нақты тапсырмалар беріп келеді.
Аудандағы бүгінгі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда, жыл басынан бері қызылша ауруымен 34 күдікті жағдай тіркеліп, оның 13-і расталған. Ал, өткен жылы қызылша ауруымен 64 адам ауырған.
БАҚ құралдарында айтылып жатқандай, соңғы жылдары түрлі жұқпалы аурулармен ауырған тұрғындар саны артып келеді. Бұл тұрғындарды алаңдатарлық жағдай. Сондықтан аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Искаков Марат Ілиясұлымен басқарманың эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бағытындағы жұмысы туралы сұхбаттасқан едік.
-Марат Ілиясұлы, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының негізгі қызмет түрлері қандай?
-Халықтың эпидемиологиялық сауаттылығы саласындағы денсаулық сақтау, аурудың алдын алу қызметтерін атқару.
Басқармада үш бөлім бар. Олар: қызметті жоспарлау және талдау бөлімі; эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімі; санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау бөлімі; техникалық, регламеттерді бақылау бөлімі. Әр бөлім өзіне тиісті бағдарламалар бойынша жұмыс жасайды. Мәселен, эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімі инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу бойынша екпемен басқарылатын аурулардың алдын алумен айналысады. Сонымен бірге аудандағы 86 денсаулық сақтау мекемесінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай, сай еместігі туралы қорытынды береді.
-Соңғы жылдары елімізде түрлі жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны артуда. Дәрігер ретінде мұның себебі неде деп ойлайсыз?
-Тарихымыздан белетініміздей, медицина саласы дамымай тұрғанда түрлі жұқпалы аурулармен ауырған қаншама адамдар өлім құшқан. Ата-әжелеріміздің әңгімесінен де бір үйдің бірнеше баласы ауырып, қайтыс болып кеткенін естідік. Кейін медицина саласы дамып, ауруға қарсы екпе ойлап тапқаннан кейін ғана ол аурулар ауыздықталған.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары балаларына екпе салуға түбегейлі қарсылық білдірген жас ата-аналардың қатары көбейіп келеді. Екпе егу – баланың денсаулығы, болашағы үшін маңызды. Себебі, жұқпалы аурулардың салдары өте қауіпті. Бүгінгі таңда жұқпалы ауруларды жұқтырған, оның ішінде, қызылшамен ауырған балалардың 85 пайызы епке алмаған балалар. Екпе егу – аурудың алдын алудың жалғыз жолы. Сондықтан жұқпалы ауру жұқтырған адамдардың көбеюінің негізгі себебі де осындай жағдайларға байланысты деп есептеймін.
-Ауданның бүгінгі эпидемиологиялық ахуалы қандай?
-Аудандағы эмидемиологиялық ахуал дәл қазіргі уақытта тұрақты.
-Ауданда 2023 жылы бірнеше кісі Сібір жарасы ауруымен ауырып, ем қабылдады. Өткен жылы орын алған жағдайлар биыл да қайталанбауы үшін Сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолға алынуда?
-Өткен жылғы жалпы жағдайға тоқталсам, қызылша ауруымен 64 кісі, бруцеллез ауруымен 2022 жылы 5, 2023 жылы – 9, эхинококкоз – 1/1, дерматомикоз (паразитті аурулар) 34/36, сібір жарасы 2/9, жедел ішек инфекциялары 3/3 жағдай орын алды.
Сібір жарасы бойынша ауданда 45 ауру ошағы бар. Яғни, біздің аудан облыста ең көп ауру ошағы бар аймақ болып саналады. Сондықтан Сібір жарасы ауруының алдын алу мақсатында ауданға 800 екпе алынды. Олар қазіргі таңда аудандық аурухананың қоймасында тұр. Бұл екпе негізінен малмен байланыста жұмыс жасайтын адамдарға, яғни қасапшылар, ет сатушылар, малшылар, ветеринарлар тағы да басқа адамдарға салынуда. Осы сәтті пайдаланып, аудан тұрғындарын өздері мен отбасының денсаулығы үшін Сібір жарасына қарсы екпені тездетіп келіп салдыруларын сұранамын.
Ал, қызылша ауруына қарсы екпе 1 жас пен 6 жаста салынады. Алайда елімізде ауру жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты 6 ай мен 10 ай 29 күн болған 516 балаға, 2-4 жастағы балалардан 2611 балаға, 206 мемлекеттік қызметкерлерге, 579 екпе статусы белгісіз адамдарға жалпы 3 692 адамға салынды.
Ұлттық екпе егу күнтізбесіне сәйкес, түрлі жұқпалы ауруларға екпе егу уақыты әртүрлі. Алайда ауданда 24 ата-ана балаларына екпе салдыруға түбегейлі қарсы. Бүгінгі таңда олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
-Алдағы жоспарларыңыз.
-Алға қойылған жоспар көп. Оның негізгісі – жоспарлы санитариялық ағарту жұмыстарын жандандыру, халыққа түсіндіру, екпелердің уақтылы салынуын қадағалау, қысқасы, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу.
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close