Basty bet

Балалар арасында көру қабілетінің бұзылуы

«Бұрын мектепте бір-екі көзілдірік таққан оқушы болатын еді. Оны бәрі қызық көретін. Қазір көзілдірік тақпаған бір-екі баланы кездестіреміз. Басқалар соларды қызықтайды», – дейді танымал әзілкештің бірі. Зілді әзіл. Бүгінде көру қабілеті бұзылған балалар қоғамның ортақ мәселесіне айналып барады.
Көз аурулары тұқым қуалауы немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсерінің нәтижесінде жүре пайда болуы мүмкін. Мәселен, құрамында канцерогендердің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болады. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге сәбіз жатады. Жақсы көру үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет, ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар, көздің сау болуы үшін С, В, В12 витаминдерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді.
Бала өсе келе көз ауруларына шалдықпауы үшін мына ережелерді есте ұстаған жөн. Көзге ең пайдалы түс жасыл. Сондықтан бала бөлмесінің түсқағазын, пердесін, жиһаздарын жасыл түстен таңдауға кеңес берер едім. Сондай-ақ бүлдіршін жартылай қараңғы бөлмеде ұйықтауы керек. Оның ойыншықтарына баса назар аударыңыз. Қатты, үшкір, ағаш, темір заттарды балалардың қолына бермеуге тырысыңыз. Бала жазу үстеліне отырғанда жарық олардың сол жағынан түсіп тұруы керек. Көз жанарының басты күтімі көздің гигиенасына баса назар аударып, түрлі жаттығуларды жасауды естен шығармағанымыз жөн. Ұл-қызымыздан жақсы жетістік күтсек, оны қинамай, алдымен денсаулығына дұрыс көңіл бөлу қажет.
Марат Искаков,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close