Basty bet

«МЕКТЕПКЕ ҚАУІПСІЗ ЖОЛ»:

Vision Zero аясындағы жас көшбасшының жаңа бастамасы

Мен, Амантай Алина Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 10 сынып оқушысымын. Биылғы оқу жылы басталар тұста өз жетекшімнен beginit бағдарламасы туралы алғаш естіген сәттен бастап, менің қоршаған әлемге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді деп айтсам, қателеспеймін. Бұл жобаның мені әлеуметтік жауапкершілігі жоғары көшбасшы ретінде қалыптастыруға үлкен ықпал еткенін де қуанышпен жеткізгім келеді.
Төрт ай бойы осы бағдарлама аясында көшбасшылық пен қоғамға қызмет ету тақырыптарында пайдалы дәрістер тыңдап, біршама тәжірибе жинақтадым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Қырғызстанның бірнеше өңірінен жиналған мыңдаған оқушы арасынан іріктелген мен 70 үздік финалистің қатарына ендім. Бұл жетістік – мен үшін үлкен мақтаныш әрі жоғары жауапкершілік жүктейді.
Қазіргі таңда мен финал кезеңінің тапсырмасына сәйкес, «Safe way to school» атты өзекті әлеуметтік жобаның аясында жұмыс жасаудамын. Бұл жобаның басты мақсаты – оқушылардың мектепке барар жолдағы қауіпсіздігін арттыру әрі қамтамасыз ету болып табылады. Статистика мәліметтері көрсеткендей, кәмелет жасына толмағандардың өліміне себеп болатын негізгі факторлардың бірі – жол-көлік оқиғалары. Балалардың бойы аласа, кішкентай болғандықтан, олар кейде жүргізушілерге көрінбей қалып та жатады. Бұған қоса тротуардың, жаяу жүргіншілер өткелінің, сондай-ақ, жол үстінде жасанды кедір-бұдырлардың болмауы мен көліктердің бей-берекет қозғалысы бұл мәселені одан әрі күрделендіре түсуде.
Міне, осы мәселелерді шешуге бағытталған «Vision Zero» концепциясын негізге ала отырып, мен өз үйімнің маңындағы 500 метр радиусты зерттеп көрдім. Алдымен көршілерімнен сауалнама алып, оған қоса Google Form арқылы деректер жинадым. Кейін Яндекс картаның көмегімен жол қауіпсіздігіне қатысты нақты проблемалық аймақтарды белгілеп, екінші зерттеуімді жүргіздім.
Жұмыс барысын толықтырып айта кететін болсам, жобаның аясында учаскелік полиция инспекторы Асылжан Оразбаевпен, «Аманат» партиясының атынан сайланған қалалық мәслихат депутаты Кенжеғали Қошқарбаевпен және Ата-аналар комитетінің төрайымымен кездесу ұйымдастырдым. Қазіргі таңда өз үйімнің айналасындағы қауіпсіздік мәселелерін Vision Zero тұжырымдамасына сүйене отырып терең зерттеп, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құзырлы орындарға нақты шешімдер ұсыну үстіндемін.

Алина Амантай,
дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 10 сынып оқушысы.
Тараз қаласы

Таңдаулы материалдар

Close