Basty bet
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
Басты мақсат – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мейлінше алдын алу. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін баяулатады, сайып келгенде, елдің даму болашағына үлкен қауіп төндіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті. Көк байрағымыз күн сөнгенше желбіресін десек, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арман еткен асыл мұратын мансұқтауға, қызыл қаны мен қара тері қатар сіңген аманатын аяқасты қылуға жол беруге болмайды. Адалдық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру қажет. Ең бірінші кезекте, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын жүзеге асыру бағытында сыбайлас жемқорлықтың алғы шарттарын жою, оны туындататын себептер мен жағдайларды болдырмау және деңгейін төмендету басты міндетіміз. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі мемлекет беделіне нұқсан келтіретін зұлымдықпен ымырасыз күресу болып табылады. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, бұл дерттің одан әрі асқынбауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
Әрбір азамат өзінің құқықтарын меңгеріп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет. Бұл орайда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарымен бірге, жаңа орта қалыптастыру да өз үлесін қоса алады.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлемді әбігерге салған бұл індетпен күресте құқықтық сауаттылықты арттыру мейлінше оң әсерін тигізеді. Өйткені жағдайдан хабардар, сауатты адам өз құқығын ешкімге таптатпайды. Әрі заң үстемдігін сыйлайтын, қолданыстағы заңнама баптарымен етене таныс тұрғындар өз мәселесін, әуелгі кезекте, құқықтық шеңберде шешуге мүдделі болады. Мұндайда азаматтар жең ұшынан жалғасудан саналы түрде бас тартып, аранын ашқан жемқорлықты айналып өтуге тырысады.
Сондықтан азаматтардың құқықтық сауатын көтеру үшін заң баптарын түсіндіру мақсатында жұмыс ретін көрсету бойынша үнемі жиын, басқосулар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында танымдық материалдарды үздіксіз жариялап тұру назардан тыс қалып көрген емес.Соның ішінде, мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы мен Әдеп кодексі талаптарын бұзудың алдын алу бойынша құқықтық оқыту, түсіндірме жұмыстары үнемі өткізіліп тұрады.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бағытындағы шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мемлекеттік органдардың ресми интернет ресурстарында үнемі жарияланады. Әлбетте, осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істер аудан тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді деген ойдамын.
Жаңару мен жаңғыру жолындағы Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын ел болуы әрқайсысымыздың өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес – баянды болашақтың жарқын кепілі. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі пәрменді де қарқынды түрде жалғастыра беретін боламыз.
Қайнарбек БЕДЕЛБЕКОВ,
Жетітөбе ауылдық
округінің әкімі