Basty bet

Мемлекеттік қызметшінің әдепті болуы – міндет пен талап

Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білім жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі бар. Яғни, қызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральды адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді.
Бұл қызметте атқаратын негізгі функциялар Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Әдеп кодексіне сәйкес атқарылуда. Әдеп Кодексі – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады.
Ақсай ауылдық округінің мемлекеттік қызметкерлері қызметтік этиканы сақтауы, әдеп стандарттары, мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киім киюі бойынша тиісті жұмыстар бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес атқарылуда.
«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Осы ретте, ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілетін анонимді сауалнаманың пайдасы бар. Біздің мекемеде де осы сауалнаманы Әдеп уәкілінің бекітілген жұмыс жоспарындағы реттілігі бойынша жүргізді, соның қорытындысы бойынша қызметкерлердің арасындағы, қызметкер мен басшылардың арасындағы қарым-қатынас, сенімділік, әдеп нормаларын сақтау жағдайлары талқыланды.
Әр қызметкер іс жүзінде өзінің пайдалы екенін және керек екендігін ұдайы дәлелдеп отыруға тиіс. Азаматтармен өзара қарым-қатынас тиімді аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі. Біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынамыз.
Мемлекеттік қызметші үнемі өзіне мынадай сұрақтарды қоюы керек: Мен өз әріптестеріме және ауыл тұрғындарына әділетті әрі адал қарым-қатынас жасаймын ба?
Осы сұрақтардың жауабы ретінде мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы керек және жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз міндеті деп санауы тиіс.
Сонда ғана мемлекеттік қызметтің абыройы артып, халықтың да мемлекеттік қызметке деген сенімі өседі.

Қазыбек БЕЙСЕҚҰЛОВ,
Ақсай ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close