Basty bet
МӘМС: Үш жылда не өзгерді?
Елде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне төрт жылдың төңірегі болыпты. Содан бері денсаулық сақтау саласына бюджеттен қаралатын қаржы екі есе артты. Ал сапа ше? Сапа екі есе жақсарды деп айта аламыз ба? Шын мәнісінде, медициналық сақтандыру қаншалықты тиімді? Ел-жұрт ай сайын сақтандыруға аударып отырған жарнаның игілігін көріп жүр ме? Қазір сақтандырылмаған 3 миллионнан астам азамат бар көрінеді. Олар қалай емделеді? Осы сипаттағы көптің көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын білу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджанмен әңгімелескен едік.
– МӘМС жүйесінің енгізілгеніне 3 жылдан асты. Десек те, сақтандырылған азаматтардың әлеуметтік желіде жазған сын-пікірін оқып, халықты «сапалы медициналық көмекпен қамту жағы ақсап тұр екен ғой» деген ойда қаласың. Ел игілігі үшін іске асқан жүйеде шикілік болмауға тиіс еді. Сіздіңше мәселе неде?
– Өзіңіз айтқан үш жарым жылдың екі жарым жылы ковидпен күреске кетті. Бұл кезде халық медициналық сақтандырудың пайдасын көре алмады, айырмашылықты да сезінген жоқ. Өйткені сол бір қиын-қыстау кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі де, медициналық сақтандыру қоры да, жергілікті атқарушы органдар да пандемиямен алысты.
Қазірдің өзінде МӘМС жүйесінің игілігін көріп, тиімділігіне көз жеткізген адам көп. Өйткені қымбат медициналық технологияларға деген қолжетімділіктің артқанын көріп отырмыз. Қаржы екі жарым есе өсті. Соған сай жоғары технологиялық жүрек-қан тамырлары, нейрохирургиялық операцияларға, трансплантацияларға бұрынғымен салыстырғанда 4 есе көп қаржы құйылып жатыр. Операциялар мөлшері 5 есе артты. Интервенциялық кардиологияны айтатын болсақ, былтырдың өзінде стенттеу арқылы 25 мың адам өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ бұрын буынды ауыстыру операциясы елімізде мүлде жасалмайтын. Халық бағасы қымбат қызметті шетелге барып өз қалтасынан төлеп жасататын. Қазір қымбат операциялардың орташа бағасы 6 миллион теңге тұрады. Операциядан кейін азаматтар оңалтудан өтеді. Сақтандырылған азаматтар төлеген жарна көлеміне қарамай, медициналық көрсеткіштері болса, барлық қызметті МӘМС аясында ала алады.
Мысалы экстракорпоральды ұрықтандыруды (ЭКҰ) алайық. Медициналық сақтандыру қоры енгізілмес бұрын, ел бойынша жылына 1 мың квота бөлінетін. Қазір ол 7 есе артып, 7 мыңға жетіп отыр. Екі жылда 14 мың квота беріліп, нәтижесінде 3 200 бала дүниеге келді. Өздеріңіз білесіздер, баласыз үйде береке де болмайды. Сондықтан бұл да бір жетістік деп есептейміз. 2019 жылы МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін 190 мыңдай КТ, МРТ қызметтері көрсетілді. Ал былтырғы жылдың нәтижесі бойынша қазақстандықтар 1 млн 300 мың КТ мен МРТ-ны МӘМС шеңберінде өткен.
– Бірақ медициналық қызметті МӘМС аясында тегін алу үшін күту керек қой. Кейде 2-3 ай күтуге тура келеді. Ал ақылы болса, сол күні-ақ жасап беруге дайын. Бұған не дейсіз?
– 2-3 ай күту керек деген жалған ақпаратты таратқан адамдар соңғы рет қашан дәрігер қабылдауында болды екен? Учаскелік дәрігерлер әрі асса апта ішінде, ал бейінді мамандар 3-4 күннің ішінде қабылдайды. Кейбір медициналық ұйымдарда керек мамандар немесе құрал-жабдықтар болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігер бірлесіп жұмыс істейтін ұйымға жолдама беріп, барлық тексеруді тегін өткізуі керек. Қандай да бір қызметті ақылы өт десе, келісім бермеген абзал. Мұндай түсініксіз жағдайларда емхананың «Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгіну керек. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласқан дұрыс.
Медициналық мекемеге бөлінген қаржыны жеткізу, оны дұрыс пайдалану сол мекеменің бас дәрігері мен менеджеріне байланысты. Мысалы, көп ауруды МӘМС жүйесіне жүгінбей, мемлекет ұсынған тегін кепілді көлем аясында емдеуге болады.
– Елде 3 миллионнан астам адам сақтандырылмаған. Яғни олар емделмейді деген сөз бе?
– Бұл жаңсақ пікір. Олар МӘМС жүйесіне кірмесе де, мемлекет кепілдік берген медициналық көмекке тегін жүгіне алады. Оған жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар – ЖИТС, туберкулез, онкология кіреді. Сонымен қатар 25 динамикалық бақылауға жататын аурулар – жүрек аурулары, инфаркт, инсульт сияқты ауру түрлері бар. Осының барлығын азаматтар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде алады. Иә, елімізде 3 миллионнан астам азамат сақтандырылмаған. Алайда көпшілік мұның барлығы МӘМС-тің олқылығы деп қарайды. Мен мұны жалпы жүйенің мәселесі дер де едім. Ел азаматтарын медициналық сақтандырумен толық қамтуға кімдер жауапты? Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Айтарым, осы 3 миллион адамның барлығы жұмыссыз жүрген жоқ. Арасында жұмыс істеп, салық төлемейтіндер бар. Егер азаматтың табыс көзі болса, заңды түрде табысынан салық пен жарна төлеуге міндетті. Оларды салық органдары тексеру қажет. Ал жұмыспен қамту жергілікті билік пен Еңбек министрлігінің құзыретіне кіреді. Байқасақ, үнемі осыншама жұмыс орны ашылды деп есеп беріп жатады. Жұмыс орындары көптеп ашылса, неліктен сақтандырылмаған азаматтардың саны азаймай тұр?
Көптеген кәсіпкер салық төлеуден жалтарып, жалақыны заңсыз түрде, яғни қолма-қол төлейді. Айталық, елімізде тағы кең дамыған саланың бірі – такси қызметі. Қазақстанда жұмыс істейтін такси жүргізушілері МӘМС үшін төлем жасамайды. Бірақ әлеуметтік желілерде бір айлық табысым 1 миллион теңге деп мақтанып жатады. Сонда олар айына
1 750 теңге төлеуге құлықсыз. Бас ауырып, балтыр сыздаған кезде ғана, «МӘМС-ке төлемді қалай жасайын?» деп байбалам салатын азаматтар бар. Қордың бірден-бір мақсаты – барлық азаматтың төлеген жарнасын ескере отырып, медициналық көмекке жүгінетін азаматтың емін төлеу.
Ал еш жерде жұмыс істемейтін, табыс көзі жоқ азаматтар тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына барып, «жұмыссыз» ретінде тіркелуі керек. Ресми тіркелген соң, олар 15 жеңілдік санатына кіреді де, МӘМС аясында медициналық көмек алады. Жұмыспен қамту орталығы оларға 3 ай бойы түрлі жұмысты ұсынады. Егер ол өз еркімен сол вакансиялардың біреуін таңдап, жұмысқа шықпайтын болса, дербес төлеуші ретінде өзіне жарна төлей алады. Осы азаматтарға алдын ала алдағы 1 жылға, әр айға 3 500 теңгеден төлеп, мәртебе алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен бірге ауыл азаматтары ай сайын бірыңғай жиынтық төлем – 1 750 теңге төлеп, мәртебе ала алады.
– Ауылдағылардың көбінде тұрақты табысы жоқ. Мәртебесі «сақтандырылмаған» соң, басым көпшілігі дәрігердің қабылдауына да бармайды. МӘМС енгізілгелі ауылдағы медицина жақсарды деп айта аласыз ба?
– МӘМС енгізілгелі бері ауылдық медицинаны жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, жылжымалы медициналық кешен миллиондаған адамға сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік туғызды. Кардиолог, акушер-гинеколог, неврапатолог, скрининг, диагностикалық, лабораториялық тексерулер жүргізіп жатыр. Сонымен бірге қазір Президенттің бастамасымен «Ауылдағы денсаулықты жаңғырту» атты ұлттық жоба әзірлену үстінде. Алдағы екі жылда 700-ге таяу медициналық нысан салынады. Сонымен қатар 32 ауданаралық мультидисциплинарлық аурухана жанданады. Инфаркт, инсульт сырқаттарына қажетті жабдықтар болады. Ангиограф, КТ, МРТ, эксперт кластағы ультра дыбыстық зерттеу анализаторлары, соның барлығы ауыл азаматтарына қолжетімді болмақ. Тағы бір айта кететін жайт, ұлттық жобаның ішіне жас мамандарды тарту да кіреді. Осы тұста жергілікті атқарушы органдар тынбай жұмыс істеуі керек. Мамандарға үстеме ақша беріп, жағдайын жасап, жас маманды ұстап қалуға тырысуға тиіс.
– Кейінгі кездері медициналық сақтандыру қоры мониторинг жасау кезінде «жалған жазба» жасаған мекемелерді анықтады деген ақпаратты жиі көз шалатын болды. Неліктен «жалған жазба» жасаған медициналық ұйымдарға айыппұлдан бөлек, қатаң жаза қолданылмайды?
– Медициналық мекемелер «жалған жазбаларды» стандартқа сай етіп толтырады. Оны тек пациенттер шағымданған кезде я болмаса бір адам бір көмекті күніне 5-6 рет алды деп көрсеткенде ғана жүйеден көре аламыз. Мәселен, бір пациент томографияны бір күнде 3 рет өтті деп көрсетеді. Ақшаны дұрыс пайдаланбай, оны мақсатты бағытқа жұмсамаған кезде адамдар қажетті медициналық көмекті ұзақ күтеді. Пациент қабылдауға келгенде «Кешіріңіз, бюджет таусылып қалды», деп сылтау айтатыны да осыдан. Кейінгі екі жылда осындай жағдайлардың қайталанғанын ескере отырып, құзыретті органдарға қылмыстық іс қозғау үшін ақпарат жолдадық. Сол себепті азаматтар барып алмаған медициналық қызметі көрсетілді деген жазбаны анықтаған бойда Қорға жүгіну керек. Көптеген азамат «жалған қабылдаулар» туралы әлеуметтік желіге жазады. Бірақ ондағы хабарламалар мен пікірлер ресми тексеруге негіз бола алмайды. Жалған қабылдау дерегі расталған жағдайда Қор медициналық ұйымға үш есе мөлшерде айыппұл салады. Бұл қаражат қордың шотына қайтарылады да, ақша қайтадан сақтандырылған азаматтарға, шын мәнінде, көрсетілген медициналық қызметтерді төлеуге жұмсалады.
– Осы күнге дейін үзбей төлем жасап, бірақ бірде-бір рет емханаға қаралмаған азаматтарға ақшасын қайтарып беру қарастырылған ба?
– МӘМС жүйесі жинақтаушы емес және жеке шоттарды қарастырмайды. Ол ынтымақтастық принципі бойынша жұмыс істейді, яғни әр сақтандырылған азамат тіркелген жері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға жүгінген кезде өзінің ауруы бойынша немесе алғашқы диагноз қою үшін – консультациялық-диагностикалық қызметтерден бастап хирургиялық араласуға дейін төлеген жарнасы мен медициналық қызметтердің құнына қарамастан қажетті медициналық қызметтердің барлық спектрін алуға мүмкіндік алады.
Егер жүйеде жеке шоттар қарастырылған болса, көптеген сақтандырылған пациенттің алатын медициналық қызметтер көлемі шектеулі болар еді және сапалы жоспарлы медициналық көмекті толық көлемде ала алмас еді. Яғни пациенттердің ауруы асқынып, науқастар соңына дейін емделе алмауы мүмкін.
МӘМС үшін үзбей төлем жасап келе жатқан азаматтар, ең алдымен, заң бойынша өз міндетін орындайды. Сақтандырылған азаматтар өз құқығын біліп, ақылы қызметтерге жүгінбеуі керек. Ал төлеген жарналар заң жүзінде қайтарылмайды. Жүйенің мақсаты – ынтымақтастық көмек беру. Егер сақтандырылған азамат бұл жарнаны пайдаланбаса, медициналық қызметке мұқтаж адамдарға жұмсалады. Мысалы, қазақта бірігу мақсатында айтылатын «Асар» дәстүрі бар. МӘМС те асардың бір түрі. Өйткені азаматтардың төлейтін жарна көлемі де әрқалай. Бірақ баршаның бірдей медициналық көмек алуға құқығы бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»