Basty bet

Қамбаға құйылған алтын дән – агросаланың әлеуеті

өңірде егін орағы басталып, күздік бидайдың әр гектарынан орта есеппен – 25, ал жаздық арпаның алқабынан – 22-23 центнерден өнім жиналуда

Ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіпкешенін дамыту ісінде аграрлы өңірлердің бірі – Жуалы ауданының шаруалары ұзақ жылдан өнімді еңбек етіп келеді. Агросаланың ісін ілгерілетіп, жер егу арқылы егін шаруашылығын дамытып, төрт түліктің, оның ішінде, асыл тұқымды малдың басын арттырумен бірге, сала жұмысының өндірісіне жаңа технологияларды батыл енгізіп жатқан да дәл осы өңірдің еңбекқор шаруалары.

Биылғы шөп ору науқанын сәтті аяқтаған өңір шаруалары жақында мал азығын молынан дайындап болып, ендігі кезекте егін орағына қызу кірісті. Ауданға қарасты барлық ауылдық округте егін жинау науқаны басталып, өңір шаруалары дерлік масағы толысып, дәні сарғайып піскен берекелі егін алқаптарына орақ салып, қазір арпа алқаптарымен қатар, күздік бидай алқаптары да орылу үстінде.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі – 216 306 гектар болса, оның ішінде – 95 435 гектары егістік егуге арналған жерлердің үлесінде.
2026 жылдың өнімі үшін – 55 635,0 гектар егістік егіліп, жоспар – 101,1 пайызға орындалған. Ендігі кезекте нақты егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көлеміне тоқталсақ, жаздық арпа дақылы – 28 290 гектар алқапқа орналастырылса, дәндік жүгері – 710, күнбағыс – 400, мақсары дақылы – 18 500, қант қызылшасы – 100, картоп – 2 600 гектарға, көкөніс – 710, бақша дақылдары – 15, сүрлемдік жүгері – 710, сонымен қатар, биыл өңір шаруаларының тарапынан барлығы – 4 500 гектар алқапқа жаңадан көпжылдық шөп егілген. Сонымен бірге, былтырғы күзгі дала жұмыстарын атқару кезінде биылғы жылдың өнімі үшін барлығы – 11 223,0 гектар алқапқа күздік бидайдың дәні сіңірілгенін айтады ауыл шаруашылығы саласының жұмысына жауапты бөлімнің мамандары.
Ауыл шаруашылығы саласының сан салалы жұмысын ілгері бастырып, жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында 2026 жылы аудан орталығындағы «Жуалы» несие серіктестігінен «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруа қожалық – 120,600 млн теңге көлемінде несие қаражатын алып, өңірдегі агросаланың жұмысын қарқынды жалғастыруда. Одан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 13 шаруашылық – 360,3 млн теңгеге 24 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, өңірде «АграрлыНесиеКорпорациясы» АҚ-нан «Агробизнес» және «Кең дала-2» бағдарламаларымен алдын ала өтініш беріп, несие қаражатына қол жеткізген жекелеген шаруашылықтар бар.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жұмыс атқарып, өз кезегінде қасиетті өңірде мал және егін шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан іргелі агроқұрылымдар аз емес. Солардың алдыңғы қатарында ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында орналасқан «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аудандағы мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын ең ірі агроқұрылымдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Аталған серіктестік ұзақ жылдан бері мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да жоғары деңгейде дамыту ісіне барынша күш салып отыр. Негізінен, иелігінде сауынды сиырдың басын көбейтіп, сонымен бірге, ірі қара малын бордақылап, шикізатты терең өңдеумен айналысатын агроқұрылымда жемшөп мәселесі толықтай шешілген деуге болады.
Шаруашылыққа тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің – 1 868 гектары егістік жер саналады. Бұған дейін оның – 1 000 гектарына заманауи жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылып, егін шаруашылығынан мол өнімге қол жеткізілуде. Жалпы биыл агроқұрылымдағы екі мың гектарға жуық егістік жер көлемінің – 553 гектарына күздік бидай егілсе, 555 гектарға көпжылдық шөптен мал азығына жоңышқа, 439 гектарына мақсары, пішендеме дайындауға арналған сүрлемдік жүгері – 134 гектарға, эспарцет – 129, ал егістік жерлердің 55 гектарына қара бидай егіліп, тиісті агротехникалық іс-шаралар арқылы күтіп-бапталуда.
Жүйелі жұмыс арқылы тірлігі алға басқан іргелі серіктестікте жүргізіліп жатқан негізгі науқандық жұмыстарға тоқталатын болсақ, биыл мұнда мал азығын дайындау жұмыстары сапалы атқарылып, жауапты науқанға барлығы 15 бірлік арнайы техника және 20 жұмысшы маманның жұмылдырылғанын газеттің алдыңғы айларда жарық көрген санында жазғандықтан, оған қайта тоқталмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, серіктестікте биылғы мал қыстату науқанына қажетті мал азығының берік қоры жасақталды.
«Гамбург» ЖШС-ында мал азығын дайындау жұмыстары толық аяқталып, ендігі кезекте серіктестіктің тәжірибелі механизаторлар бригадасы шамамен шілде айының орта тұсында масақты алқаптардың өнімін жинауға кірісіп, қазіргі таңда науқандық жұмыс бел ортасына таяп қалды. Егін жинау жұмыстарына дән жинайтын бірнеше бірлік комбайн, жүк тасымалдауға арналған, одан бөлек, басқа да арнайы техникалармен қатар, жұмысшы күшінен 10 механизатор жұмылдырылған. Ауданға қарасты Нұрлыкент ауылының батысында орын тепкен «Құрама» аталатын таулы аймақта қазір егін жинау жұмыстары қызу жүргізілу үстінде. Мұнда жоғарыда аталған серіктестіктің де егістік алқаптары бар. Агроқұрылымның ауыл шаруашылығы техникалары да сақадай сай. Жауапты науқанның алғашқы екі аптасында шамамен – 300 гектар масақты дәнді дақыл алқабының өнімі жиналғанын айтады серіктестіктің мамандары.
Айта кету керек, «Құрама» таулы аймағында Көкбастау ауылдық округінің «Бақытнұр» шаруа қожалығы да егін жинау жұмыстарын сапалы атқаруда. Аталған шаруашылық 2026 жылдың өнімі үшін – 200 гектардан астам алқапқа күздік бидайдың дәнін сепсе, 130 гектарға жаздық арпа дақылын еккен. Одан бөлек, мал азығына арнап егілген бірнеше гектар көпжылдық шөп алқабы, сонымен қатар, 40 гектарға жуық қызылша және картоп алқабы да бар. Шаруашылықтың дәстүрлі егін орағына 3 бірлік астық дәнін жинауға арналған «Енисей» комбайны, 3 бірлік «КамАЗ» жүк көлігі жұмылдырылған.
«Құрама» аймағындағы егін жинау жұмыстарын көруге барған сапарымызда алқап басынан серіктестіктің басшылары мен агроном мамандарын жолықтыра алмадық. Дегенмен, бізді егін орағы қызу жүріп жатқан алқапқа бастап апарған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев биылғы егін жинау науқанының барысынан толықтай хабардар етті.
– 2026 жылдың өнімі үшін барлығы – 55 635,0 гектар алқапқа егістік егіліп, жоспар 101,1 пайызға орындалған. Көктемгі дала жұмыстары кезінде аудан шаруалары жаздық арпа дақылын – 28 290 гектарға ексе, күздік бидай 11 мың гектардан асып отыр. Өткен аптаның соңындағы есеп бойынша масақты дәнді дақылдардан – 11 223 гектар күздік бидайдың 4 960 гектарының өнімі жиналса, ал өңірдегі арпа алқабының – 12 мың гектарға жуығы орылып үлгерді. Күздік бидайдан алынып отырған орташа өнімділік әр гектардан – 25 центнерден айналса, жаздық арпа алқабының әр гектарынан орта есеппен – 22-23 центнерден өнім жиналып жатыр. Аудан бойынша масақты дақылдарды жинау жұмыстарына – 108 бірлік дән жинайтын комбайн, одан басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған,- дейді Ержан Серкебаев.
Қызу атқарылып жатқан егін орағының барысын өз көзімізбен көргендей, тиісті агротехникалық шаралардың талабын толықтай сақтап егілген күздік бидай алқаптары сабағының бойы басқа алқаптарға қарағанда әлдеқайда биік, масақтарының да әбден жетіліп, толысқаны байқалады. Оның үстіне, биылғы көктем айларында өңірде жауын-шашын жылдағыдан мол түсіп, егістік алқаптарға егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының дер кезінде өніп шығып, масағына дән байлап өсуіне оң ықпал еткені анық. Қолайлы ауа райының әсерінен биыл мал азығына дайындалатын көпжылдық шөптің шығымы да жақсы, арпа-бидайдан алынып жатқан өнім көлемі де шаруалардың көңілінен шығып отыр. Әлбетте, мұның барлығы шаруалардың жүйелі жұмысы мен жыл бойы уақытпен санаспай атқарылған маңдай тердің жемісі. Қазір өңірдегі егін жинау кезінде алқаптан орылып, қамбаға құйылып жатқан алтын дән – агросаланың әлеуетін арттырып, елдің ырысын еселеумен бірге, шаруалардың да еңбегін ақтап, тұрмыстық табысын арттыратыны сөзсіз.
Агротехникалық іс-шараларды қатаң сақтаудан бөлек, алқапқа егілетін сапалы тұқымнан ғана мол өнім алуға болады. Қай кезде де сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Бұл мақсатта аудан шаруалары жыл сайын масақты дәнді дақылдардың тұқымын жаңартуға тұрақты көңіл бөліп келеді. Былтыр күзгі дала жұмыстары және биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде өңір шаруалары отандық ғылыми-зерттеу институттарынан күздік бидай мен жаздық арпаның бірнеше тонна тұқымын сатып алып, оны аудандастыру арқылы тұқымның сапасын арттыруға өз үлестерін қосып отыр. Дала жұмыстары мен науқандық жұмыстарды сапалы атқару ісінде жеткілікті жанар-жағармай қорының да маңызы зор. Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2026 жылдың көктемгі дала жұмыстарына – 2 279,0 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Дизель отынын таратушы оператор болып «Ақ Қайың» ЖШС бекітіліп, өңір шаруаларына қажетті кепілдендірілген жанар-жағармай қоры белгіленген бағада кезең-кезеңімен таратылу үстінде.

Таңдаулы материалдар

Close