Basty bet
Медициналық көмектің сапасын мейлінше жақсарту – басты талап
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Облыс бойынша денсаулық сақтау саласындағы үйлестірушілерді бекіту туралы» 5 ақпан 2024 жылғы №58 бұйрығын орындау мақсатында облыс көлемінде стационарлық көмек бойынша ұйымдастыруға жауапты тұлға ретінде облыстық көп бейінді аурухананың бас дәрігері М.Жұманқұловтың бекітілуіне орай, медициналық-стационарлық қызметтің сапасын арттыру, оның жұмысын жақсартуға күш салу мақсатында арнайы топ құрылып, топ мүшелері сәрсенбі күні ауданға іс сапармен келген болатын.
Марат Жұманқұлов бастаған топ мүшелерінің ауданға сапары төрт негізгі бағыттан тұрады. Марат Сейітбекұлы ең алдымен аудан әкімі Жалғас Мұртазамен кездесіп, тараптар ең алдымен өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы бірқатар проблемаларды, оның ішінде, кадр тапшылығы және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, т.б. мәселелерді өзара талқылады. Екінші кезекте топ жетекшісі «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашевпен бірге өңір ардагерлеріне медициналық көмектерді толықтай әрі қолжетімді көрсетуге күш салу бағытындағы бірқатар сұрақтар талқыға түсті.
Үшінші бағыт – топ мүшелері аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, бас дәрігердің орынбасарларымен бірге ауруханаға қарасты науқастарға стационарлық көмек көрсететін барлық бөлімшелерді аралап, ондағы науқастарға көрсетіліп жатқан тиісті медициналық көмектердің сапасын өз көздерімен көріп, саралау арқылы дәрігер мамандарға әдістемелік көмектер көрсетілді. Іс сапардың төртінші бағытына келсек, аудан пациенттеріне баса назар аудару арқылы тиісті медициналық көмектерді сапалы көрсетуге күш салу бағытында дәрігерлерге консультациялық кеңестер берілді. Айта кету керек, топ мүшелері бұған дейін облыстың Талас және Сарысу аудандарында болып, онда да медициналық көрсетілетін көмектердің сапасына талдау жасаған болатын.
Аудандық орталық аурухананың акт залында іс сапардың қорытындысына арналған жиын өтіп, онда өңірдің денсаулық сақтау саласына, оның ішінде, медициналық көмектің сапасын бұдан да жақсартуға байланысты бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты сөз болды.
Жиынды аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев ашып, сөзді облыстық көп бейінді аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұловқа берді.
-Қазіргі таңда біздің елімізде денсаулық сақтау саласының жұмысын дамытуға, оның ішінде, ауылдық жерлердегі стационарлық көмектердің сапасын арттыруға және оны жақсартуға баса көңіл бөлініп отыр. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Облыс орталығында көрсетілетін көмектердің бірқатары, оның ішінде, оталардың дені осында жасалуы қажет. Оған біздің тараптан тиісті көмек-қолдаулар көрсетіледі. Бүгінгі іс сапардың барысында топ мүшелері бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, осындағы дәрігерлерге тиісті консультациялар берілуде.
Өзіміз көргендей, аурухананың стационарлық көмек көрсететін бөлімшелердің барлығын аралап шықтық. Тиісті медициналық қондырғы және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде деп айта аламыз. Оның ішінде, аурухананың қабылдау бөлімінің жабдықталуы көңілден шығып отыр. Ендігі кезекте осыған сәйкес, науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің де сапасын арттыру қажет. Бұл – басты талап,- деп атап өтті Марат Сейітбекұлы.
Келесі кезекте сөз алған облыстық көп бейінді аурухананың ота жасау бөлімшесінің меңгерушісі, білікті хирург Сағындық Ордабеков стацинонарлық көмектің сапасын жақсарту, науқастарға жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін жұмыс барысында жаңа технологияларды батыл енгізудің қажет екенін баса атап көрсетіп, оған мүмкіндіктердің бар екенін жеткізді.
Айта кету керек, жиын барысында 2023 жылдың стационар жұмысының қорытындысы бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев, сонымен қатар, стационарлық көмектің сапасына талдау жасау, т.б. маңызды мәселелерге байланысты облыстық көп бейінді аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Қазанғапова, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Жандос Сейдахметов және неврология бөлімшесінің меңгерушісі, штаттан тыс невропатолог Айгүл Момуналиева баяндамалар жасады.
Іс сапар барысында облыстық көп бейінді аурухананың білікті хирург дәрігерлерімен видеоэндоскопиялық әдіспен хирургиялық заманауи әдістерін қолдана отырып шеберлік сағатының шеңберінде «Лапароскопиялық тәсілмен холецистоэктомия», «Эндоскопиялық тәсілмен өңештен қан кетуді тоқтату» және «Қалқанша без ауруларына струмэктомия» сияқты оталар жасалып, мамандарға жан-жақты кеңес берілді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»