Basty bet

Тазалық – иманның жартысы

«Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөздің берері көп екенін баршамызға белгілі. Тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Халқымыз қашанда тазалыққа аса мән берген. Дегенмен бүгінде күнделікті көріп жүргеніміздей, тазалық өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

«Тәрбие бастауы – тал бесіктен» демекші, қоршаған ортаның тазалығы әр отбасынан бастау алуы керек. Туған өлкеміздің көркеюі, оның гүлденуі әрбір азаматтың өз қолында. Әрбір отбасы – шағын мемлекет. Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан әрбір жанұяда қоршаған ортаны қорғау, өз өлкесінің тазалығына жауапкершілікпен қарау секілді адами қасиеттер айтылуы керек. Сонда ғана біз қазіргідей айналамыздағы бей-берекет шашылған қоқыстан, жағымсыз көріністерден арылар едік.
Біз мектепте оқып жүрген кезімізде білім ошағында жалпы сенбілік жиі-жиі ұйымдастырылып тұратын. Сенбілікте барлық оқушылар алтын ұя мектебіміздің айналасын тазалауға біркісідей атсалысатынбыз. Әр оқушы сенбілікке қажетті құрал-саймандарды үйінен алып келіп, мектептің айналасын тазалап шығатынбыз.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген өсиет барлығымызға қатысты. Бұл қағиданы ұстанған халқымыз үшін – тал егу маңызды істердің бірі. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштар егіп, күтім жасау да маңызды екенін жақсы білеміз. Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы адамның бойында табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласы оянып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындырса керек.
Міне, біз бала күнімізде әр көктем сайын әрқайсысымыз он тал шыбық алып келіп, мектептің айналасына отырғызуға асығатынбыз. Жаздыгүні сабақтан тыс уақыттары мектеп айналасындағы гүлзарларды күтіп-баптауға шақырылып, ұстаздар бізді білім алумен қатар еңбек етуге де баулыған еді. Ал, үйде ата-анамыз бізді міндетті түрде айналаны, өз ауламызды тазалауға тәрбиеледі.
Сондықтан біздің бойымызда қоршаған ортаға деген жауапкершілік, табиғатты аялай білу деген түсінік, сезім қалыптасты.
Сонымен қатар, отбасымызбен табиғат аясына шығып, демалысқа барған кезде де әкеміздің демалған орынды жинап, тазалап кетуді үйреткені қалай есімізден шығады? Міне, әр отбасында, білім ошағында осындай экологиялық тәрбие болса, біздің қоғамда өз туған жеріне деген жанашырлық, мәдениет орныққан болар еді. Бұл жастайынан тазалыққа бет бұрған өскелең ұрпақ үшін жақсы дағдыға айналары сөзсіз.
Ал, қазіргі таңда өкінішке орай, айналамызда табиғатқа, өз ауылына немқұрайды қарайтын жандар жиі кездеседі. Өйткені, көше бойында жүріп келе жатып, айналаның қаншалықты шашылып жатқанын байқайсың. Шашылған қоқыстар әр жерде кездеседі. Тіпті тазалап кеткен жерге қайта келіп қоқысты үйіп тастап кететіндер де табылады. Оны тастап жатқан бөтен біреу емес, осы өңірдің тұрғындары.
Ауданымызда апта сайын тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап алып кету жұмыстары жолға қойылғанына біршама уақыт болды. Қоғамдық орындарға қойылған қоқыс жәшіктері де бар. Әйтсе де, қоқыстарды бір жерге жинап қоюдан, оны лақтыра салу оңайырақ болып тұр ма? Тіпті өз ауласындағы тазалықты сақтамай, оған немқұрайдылық танытатынымыз қалай? Дүкеннен алып ішкен түрлі сусындардан босаған пластик бөтелкелерді көліктен жолға лақтыра салу, болмаса қолдағы қоқысты жерге тастай салу әдетке айналғаны тағы бар. Осылайша, біздің көзіміз бен санамыз айналамыздағы тазалықты сақтамауға үйреніп бара жатқандай…
Үлкенге қарап, кіші бой түзейді. Артымыздан ерген жас ұрпақтың бойына қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауды үйрету аға буынның міндеті болса керек. Ендеше, бала кезден олардың бойына осынау игілікті істерді бойтұмар етіп тақсақ, ержетіп өркен жаяр кезде өкінбесіміз анық.
Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ертеңгі күніміздің жарқын болуы үшін, ауданымыздың дамуы мен көркеюі үшін тазалықты өзімізден бастайық! Әр ауладағы тазалықты әр отбасының мүшелері ретінде сақтай білуге дағдыланайық. Ауданымыздың тазалығы баршамызға ортақ іс екенін естен шығармайық, ағайын!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close