Basty bet

Барлығы да азаматтар үшін!

«Сервистік әкімдік» қызметінің тиімділігі мол

Еліміздің таяу арадағы экономикалық-әлеуметтік тарихына көз жүгіртетін болсақ, 2017 жылдың 12 желтоқсанында Президенттің пәрменімен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған болатын. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының маңыздылығын айрықша атап өткен болатын.

Елдің дамуына енгізілген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын ерекше атап өтудің де өзіндік мәні бар. Себебі, қазіргі таңда IT саласы дүниежүзі елдерінде үлкен сұранысқа ие. Оның ішінде, ақпараттық технологиялардың қарышты қадаммен жетіліп келе жатқанын айтуымыз қажет.
Қазақстан да өзінің даму кезеңінде мемлекеттік басқарудың бірнеше кезеңінен өткені белгілі. Осы ретте Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің дамуын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Оның үшінші кезеңі 2017 жылдан басталып, қазіргі кезеңді қамтиды. 2015 жылы еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен бес институционалдық реформа жарияланды. Бұл кәсіби мемлекеттік аппаратты, сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталды. Соның нәтижесінде, мемлекеттік бағдарламалардың саны азайтылып, аталған реформаның 94 және 96-қадамдарына сәйкес «Ашық үкімет» қағидасы енгізіле бастады. Негізгі мәселелердің бірі ретінде алға қойылған қағидат – азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне мейлінше қатыстыруды кеңейту, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жанындағы Қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру және олардың рөлдерін арттыру болды.
Басты айта кететін мәселе, 2017 жылы кезекті Конституциялық реформаның нәтижесінде билік тармақтарының арасында құзіреттіліктерді қайта бөлу жүзеге асырылып, Парламенттің рөлі күшейтіліп, оның Үкіметті бақылау мүмкіншілігі артты.
Сайып келгенде, Үкіметтің негізгі мақсаты – азаматтар мен қоғамды басқару емес, керісінше олармен бірлесе отырып басқаруды жүзеге асыру қажет. Халықты мейлінше басқару үрдісіне қатыстыра отырып, Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруымыз және одан әрі дамытуымыз керек. Ең негізгі қағидат – «барлығы да адамдар үшін» болуы қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Берекелі қоғам. Біртұтас ұлт» атты халыққа арнаған Жолдауында да мемлекеттік басқару ісіне көбірек көңіл бөлді. Бұл – өте маңызды. Жалпы Президент Жолдауларында мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін өзгертудің қажеттілігі туралы үнемі айтылып келеді. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында біздің ауданда да бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы мақсат – халыққа барынша қолайлы жағдай туғызу.
Бұл туралы аталған Жолдаудың «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» деп аталатын төртінші бағдарында: «Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырамын. Оған қоса, мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін жақсартып, жауапкершілігін арттырған жөн.
Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс. Үкімет Агенттікпен бірлесіп бүкіл әлемдегі азаматтарымыздың әлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосуы керек»,- деген тапсырма берілді.
Міне, осыған сәйкес, ел өңірлерінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен бұл бағытта маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен бұрнағы жылы Жуалы ауданының орталығынан «Сервистік әкімдік» кеңсесі ашылған болатын. Жаңа форматта қызмет көрсететін сервистік әкімдік «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Онда аудан тұрғындарына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары және сәулет, қала құрылысы және құрылыс, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты тұрғындарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтің барлығы 21 түрі ұсынылуда.
Кеңсе «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни келушілер қажетті қызмет түрін бір жерден ала алады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлық деңгейін төмендету.
Айта кету керек, «Open Ѕрасе» жаңа форматта қызмет көрсететін кеңседе электрондық үкімет порталын да қолдануға болады. Мұндай ашық әкімдіктер біздің ауданда бірқатар ауылдық округтің әкімшілігінен ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.
Цифрландыру процесі ауданның мемлекеттік басқару, ішкі істер және сот салаларының жұмысына да қарқынды ену үстінде. Аудан әкімдігінен, бірқатар ауылдық округтерден (Көкбастау, Нұрлыкент, Шақпақ, Ақтөбе ауылдық округтері) «Сервистік әкімдіктер» мен «Open space» ашылуда. Мұнда тұтынушымен тікелей байланысқа түсетін қызметкердің жұмыс орнының ашықтығы қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері аталған сервистік әкімдіктер арқылы 1 737 тұрғынға 14 қызмет түрі ұсынылған.
Цифрландыру бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуына тоқталатын болсақ, мәселен, аудан тұрғындары үшін жыл басынан бергі үш тоқсанның ішінде 17 973 мемлекетттік қызмет көрсетілген, соның ішінде 14 041-і электрондық негізде.
11 айдың қорытындысымен «Электрондық үкімет» порталы арқылы тұрғындарға 642 қызметтің түрі көрсетіліп, барлығы 61 142 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, тұтынушы «Connection point» секторы арқылы өздігінен қызмет ала алады.
Одан бөлек, мемлекеттік корпорация бірнеше жаңа пилоттық жобаларды жүзеге асыруда. Олар қызмет алушылардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге көмектеседі. Мәселен, баланың туу туралы куәлігін алу, балабақшаға кезекке тұру, мемлекеттен берілетін жәрдемақыларға сұраныс, мекенжайға онлайн тіркелу өтініштерін смс хабарлама арқылы бере алады.
Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әрбір ауылдық округке қарасты кітапхана ғимаратында цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылған. Мұндай орталықтар бүгінде ауданның 14 ауылдық округінде жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызмет алуды барынша жеңілдету деген мәселеге шын мәнінде келер болсақ, «Сервистік әкімдік» кеңсесінде орналасқан аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары тұрғындарға төмендегі бес мемлекеттік қызметтің аясында қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, оның біріншісі – «Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын беру», «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы», үшіншісі – «Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде орналастыруды келісу, «Ағаштарды кесуге рұқсат беру», сондай-ақ, төртіншісі – «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру» туралы мемлекеттік қызметтің түрлері. Мемлекеттік мекемеде үш мемлекеттік қызметші бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары өз салаларына сәйкес, барлығы төрт мемлекеттік көрсетілетін қызметтің түрін көрсетеді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close