Basty bet

Қазақ тілін жетік меңгерген шешен қызы

Шешен ұлтының қызы Малкан Альвиевна аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы іргелі білім шаңырағы саналатын №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны тамамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «Тарих және география» факультетіне құжатын тапсырады. Жайдарлы мінезді шешен қызы 2014 жылы аталған жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тамамдайды.
Еңбек жолын 2017 жылдан бастап өз туған ауылындағы білім ошағында бастайды. Көп ұзамай қызмет жолын біржолата ауыстыруға бел буады. Мемлекеттік қызметке тұруға талаптанып, мемлекеттік тест тапсырады. Сынақтан жақсы нәтиже көрсетіп, 2019 жылдың күзінде Халыққа қызмет көрсету орталығына маман болып жұмысқа қабылданады.
«Құдайға сенген құстай ұшады» демекші, өзі ниеттенген мемлекеттік қызметке орналасып, келесі жылы жуалылық Анзор Ирисханов есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Қазіргі таңда екі перзентті тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі.
Кез келген мекеменің басты күші – білікті мамандары екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда, Малкан өз жұмысын жетік меңгеріп, мекеменің абыройын арттырып, мəртебесін асқақтатып жүретін мамандардың қатарынан табылуда. Білікті маман технологияның бір орында тұрмайтынын, тіпті бір жыл бұрынғы мен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмейтінін айтады.
-Әрине, алғашында қатты жүрексіндім. Осы ретте мекеменің ұйымшыл ұжымы маған тез үйренісіп кетуіме үлкен септігін тигізді. Тәжірбиелі мамандар құжатты қабылдаудан бастап, халықпен қалай жұмыс істеу керектігін, жалпы саланың қыр-сырын үйрете білді. Алдыңғы буынға алғысым шексіз,- дейді ол.
Жалпы, операциялық залда жұмыс істегендіктен, әр күні талонмен қызмет алушыны шақырып, құжат қабылдап, кеңес берумен өтеді. Әр келушіге мүмкіндігінше көмек беруге тырысады. Шыны керек, халықпен жұмыс жасау оңай емес. Әр адамның мінез-құлқы, көңіл күйі әртүрлі болады. Мекемеге келген адамдардың жұмысын бітіріп беруге барын салатын ол, керек құжатын тез арада қолына алып ризашылығын білдіріп, батасын беретін аға-апайларды көргенінде ерекше күйге бөленетінін де айтып қалды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік қызметте жұмыс атқару үшін мемлекеттік тілді білу міндетті екенін ерекше атап өткені бәрімізге белгілі. «Мемлекеттік тілді білу – азаматтық міндетім» деп білетін, мақала кейіпкері қазақ тілінде еркін сөйлейді.
Мемлекеттік тілде еркін сөйлегеніме қуанамын, оған себеп қазақ ауылында туып-өскенмін. Біздің орталықта шалғай ауылдардан ата-апалар келеді. Мені көріп «ойымды қалай жеткізсем?» деп қиналып қалады. Бірақ менің қазақша түсінетімді білген соң қуанып қалады. Сондықтан жүрген жерімде тек қазақша сөйлеймін. Бірінші кезекте бұл қазақ елінде ғұмыр кешіп жатқан мыңдаған өзге ұлт өкілдерін кең-байтақ жеріне сыйдырып отырған қазақ халқының кең пейілділігіне деген алғыс, ризашылығым,- дейді шешен қызы.
Иә, расында біздің басты байлығымыз – ынтымағымыз бен бірлігіміз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бөліп-жармай, бір-бірімізге құрметпен қарайтын зайырлы қоғамда өмір сүрудеміз.
Ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанда тұрып жатқанын мақтан ететін кейіпкеріміздің қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен қазақ тіліне деген ерекше құрметін әңгіме барысында аңғардық.
Оның бұл қасиеті болашақта өзін биік белестерге жетелері анық.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close