Basty bet

Бейбітшілік пен тұрақтылық – басты байлық!

Құрметті аудан жұртшылығы!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жарқын мереке күні біз баға жетпес байлығымыз болған туған елдің игілігі жолындағы ырысты ынтымақты кеңінен дәріптейміз. Бұл мереке ортақ Отанымыз – Қазақстандағы барлық ұлт өкілінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі. Ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім – мемлекеттің ең басты негізі екеніне дау жоқ.
Біздің жетістігіміз бен жеңісіміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастықта жатыр. Түрлі ұлттың өкілі бір шаңырақ пен бір тудың астынан табылып, қасиетті ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасын бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналдыруға үлес қосуда. Тәуелсіздіктің тұғырын бекітуге ел болып атсалысуға тиіспіз!
Түсіністік пен тұрақтылық – қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну қасиетті Отанның бейбітшілігі мен берекесінің ұдайы салтанат құруына септігін тигізеді.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Көпұлтты Қазақстан үшін бұл – қоғам өміріндегі атаулы дата, мерейлі белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналып, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты» деп ерекше атап өтілуі ұлттар достығы мен халықтар қатынасын одан әрі нығайта түседі деп сенемін.
Президенттің байыпты бастамасымен Әділетті қоғам құру жолында қолға алынған жүйелі жаңғыру үрдістері ел бірлігінің нығаюына ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенім мол. Қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – елдің алдында тұрған басты міндет. Саяси тұрақтылық – ең маңызды байлығымыз!
Құрметті жерлестер!
Сіздерге шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы қажырлы еңбектеріңізге мол табыс, әрбір отбасына амандық пен шаттық тілеймін! Бір шаңырақтың астындағы бірлігі бекем халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік орнап, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Ізгі тілекпен,
Жалғас Мұртаза,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close