Basty bet
Жер телімдерінде жаңа баспаналар бой көтеруде
Қазынадан қаржы бөліп, өндірісті өрге бастыру арқылы халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттік бағдарламалардың негізгі өзегі болып табылады. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламалары да бүгінгі күнгі маңызды мәселелерді шешуге бағытталған. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі.
Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілердің саны күн санап артуда. Биылғы жылдың наурыз айындағы мәліметке сүйенер болсақ, Б.Момышұлы ауылының өзінде жер учаскесінің кезегінде 3475 адам тұр, яғни жер теліміне кезекке тұрушылар саны жыл санап көбейіп келеді.
Осы орайда, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Б.Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алабына инфрақұрылым нысандарының құрылысына Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы 2018 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Нәтижесінде «Талас-Құрылыс» ЖШС жеңімпаз болып танылған. 2018 жылдың қыркүйек айында «Талас-Құрылыс» ЖШС-мен 404 320,0 мың теңгеге №51 санды шарт рәсімделіп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Нысан өтпелі болғандықтан, 2018 жылға 180 373,0 мың теңге, 2019 жылға бөлінген 227116,0 мың теңге толық игеріліп, нысан 2019 жылы пайдалануға қабылданған.
Нәтижесінде, Б.Момышұлы ауылындағы 30 гектарды құрайтын «Көктөбе» жаңа тұрғын алабында 11,3 шақырым электр жүйелерінің желісі, 7,162 шақырым су құбыры желісі, 4,235 шақырым газ құбырының, 5,899 шақырым автомобиль жолдары, яғни инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, 2020 жылы пайдалануға берілген.
«Көктөбе» жаңа тұрғын алабында жер кезегіндегі 170 азамат жер телімімен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 125 адам жер телімін алса, қалған азаматтар керекті құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Жер телімі тұрғындарға үш жылға уақытша жер пайдалану құқығына беріледі. Үш жыл ішінде тиісті мекемеге тұрғын үйдің қабылдау актісін өткізгенде ғана жер телімі сол азаматтың жеке меншігіне өтеді. Тұрғындарға берілетін жер учаскесінің көлемі 10 сот.
Ауданымыздағы мұндай жақсы жаңалықты өз көзімізбен көру үшін Көктөбе тұрғын алабына барған болатынбыз. Мұнда қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Бірнеше үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған. Ал, кейбір тұрғындар баспанасының іргетасын қалап, өз тіршілігінің қамын жасауда. Одан бөлек, тұрғын үй салуға енді кірісіп, керекті құрылыс заттарын түсіріп жатқандар да бар. Құрылысты жалдамалы жұмысшылар жүргізуде.
Біз тұрғын алабының иелерімен жолыға алмасақта, телефон арқылы байланысқан едік. Көбісі тегін жер алып, баспанасының құрылысын бастағандарына дән риза.
Солардың бірі ретінде Көктөбе тұрғын алабынан кезекте 15-ші болып тұрған Нағима Балтабаеваның ұлы Руслан Айтбаевпен сөйлескен едік.
-Анам 2005 жылы Б.Момышұлы ауылына жер учаскесінің кезегіне тұрған болатын. Кезегі келіп, Көктөбе тұрғын алабынан №15 жер телімін алды. Біз құрылыс жүргізуге рұқсат алып, үйдің мемлекеттік актісін, жобасын жасатып, құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жерді үш жылға жалға алдық. Ендігі кезекте үйдің қабылдау актісін жасатып, жеке меншікке рәсімдейтін боламыз.
Жер телімін тегін алып, баспана салып жатқанымызға қуаныштымыз. Алдағы уақытта тұрғын алабында тағы да жаңа баспаналар бой көтеріп, қоныстойын бірге тойлаймыз деп ойлаймын. Ең бастысы, мұның барлығы ел игілігі үшін жасалып жатқандығы қуантады, – дейді Руслан Айтбаев.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»