Basty bet
Сөзден нақты іске көшетін уақыт әлдеқашан жетті
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік, басқа да көкейде жүрген проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, сәрсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар, ауыл шаруашылығына, ауызсуға, сонымен қатар, электр жарығымен қамтамасыз етуге жауапты бөлім мен мекемелердің басшылары таулы аймақтағы Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтеріне барып, әлеуметтік нысандардың мәселелеріне қанығып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза Жетітөбе ауылдық округіне жасаған алғашқы жұмыс сапарын Шыңбұлақ ауылынан бастады. Онда ең алғаш ауылдағы тұрмысы төмен көпбалалы отбасы Ардақ Әбілхановтың шаңырағында болды. Ерлі-зайыптылар А.Әбілханов пен Ф.Бегімнің үйіне «Асарлатып үй салу» жобасы аясында қосалқы бөлмелер қосылып, іші-сыртын сылау және орта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы жұмыстарды, оның ішінде, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігімен атқарылып жатқан игі жұмыстарды аудан басшысы оң бағалады.
Айта кету керек, мұның алдында ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен бұл отбасының үй іргелік жеріндегі 1,5 гектар аумаққа алма ағаштарының жас көшеттері отырғызылған болатын. Еңбекқор отбасының мүшелері шағын алма бауды күтіп-баптап, алдағы жылдары жемісінен дәм татуға ниетті.
Ж.Мұртаза келесі кезекте ауылға кіреберіс көшеде (ауыл мектебінің жанынан) бой көтеріп келе жатқан еңселі спорт кешенінің құрылысымен танысты. Жалпы ұзындығы 36, ені 12 метрді құрайтын спорт кешенінің құрылысы ауыл азаматтары және кәсіпкерлер мен меценаттардың ортақ іске күш біріктіруінің нәтижесінде бір ай уақыт бұрын басталып, қазір асарлату арқылы қызу жүргізіліп жатыр. Сәтін салса, жыл соңына дейін пайдалануға берілмекші.
Сондай-ақ, аудан басшысы ауылдық клубтың, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің жай-күйімен де танысты. Мектеп басшысының айтуынша, аталған білім шаңырағы 2006 жылы салынып, қолданысқа берілген. Бүгінде қабырға сылақтарының әр жері түсіп, ғимараттың басқа да бөліктері жөндеуді қажет етіп отыр.
Келесі кезекте Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылындағы бастауыш мектептің, ауылдық медициналық пункттің, Кәріқорған ауылындағы Т.Әкімов атындағы орта мектептің және бұрынғы әмбебеп дүкеннің (ауыл тұрғындары бұл ескі ғимаратты спортзал және мәдени ошақ ретінде жабдықтап беруді бірнеше жылдан бері аудан басшылығынан сұранып келеді) жайына жіті назар аударылды. Әрине, барлығында бірқатар проблемалар бар. Мысалы, Т.Әкімов атындағы орта мектептің де жөні дұрыс жөндеу көрмегеніне 30 жылдан аса уақыт болған. Ең басты проблема ретінде мұндағы жылыту қазандығының дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтуға болады. Соның салдарынан білім ошағында оқитын оқушылар мен мұғалімдер қыстыңкүні бүрсең қағып отырып, сабақ процесін жүргізуге мәжбүр.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза жұмыс сапары барысында Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің шағын сүт өңдейтін цехында да болды. Мұнда сүтті терең өңдейтін шетелдік қондырғылар қойылған. Тәулігіне бес тоннаға дейін сүт қабылдап, оны өңдеуге қауқарлы шағын цехта май, брынза, чечель, ірімшік, айран, құрт сияқты дайын сүт өнімдері шығарылып, тұтынушыларға жөнелтілуде. АШӨК басшылары сүт өндірісін ұлғайту арқылы шағын цехтың жұмысын кеңейтуді мақсат етіп отырғандарын айтады.
Т.Әкімов атындағы орта мектептің акт залында қорытынды кездесу жиын өтіп, оған Жетітөбе ауылдық округіне қарасты барлық ауылдан өкілдер шақырылды.
Кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, Ерғали Өтемісұлы өз сөзінде, бұл кездесудің Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде өткізіліп отырғанын айтып, жиналған қауымды аудан әкімі Жалғас Мұртазаның еңбек жолымен таныстырды.
Аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы кездесуді бұрынғыдай қатып қалған қағидамен (ұзын-сонар баяндама оқып, тұрғындарға түкке қажеті жоқ цифрларды тізбелемей) емес, еркін форматта өткізуді ұсынды. Бірінші кезекте ауылдық округтегі туындап отырған әлеуметтік проблемалардың маңыздылығына және оның шешілу жолдарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округі алты ауылдан тұрса, оның бірқатарына заманауи спорт кешені, мәдениет үйі, мектептерге күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететіндері де бар.
Аудан басшысы өз сөзінде, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» туралы пилоттық жобасына Жетітөбе ауылдық округінің де пилоттық округ ретінде таңдалып алынғанын жеткізіп, жоба аясында ең біріншіден тұрғындардың тұрмыстық табысы артатын болса, (өйткені, жоба аясында округке жарты миллиардтан астам қаражат тартылып, жылдық тиімді мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жоба қатысушыларына шағын несиелер берілмек), екіншіден, тиісінше, өңірдегі бірқатар әлеуметтік проблемалардың да түйінін тарқатуға болатынын баса айтты.
Кездесудің сұрақ-жауап кезеңінде Шыңбұлақ ауылынан тұрғын Жанар Төрткүлбаева ауылішілік жолдарды жөндеудің қажеттілігіне тоқталса, Қоңыртөбе ауылынан Шаяхмет Қайыпов және Сабырбек Түймебаев, ауылдың жоғарғы бөлігіндегі су тоғанын қалпына келтіру, электр жарығын реттеуге арналған трансформаторды қоршау және электр бағандарын ауыстыру, ауылдық округті басып өтетін облыстық мәндегі автомобиль жолының сапасыздығы (бұл жол екі жыл өтпей жатып-ақ әр тұсы ойылып жатыр), ұялы байланыстың нашарлығы сияқты тағы бірнеше өзекті мәселені тізбелеп берді.
Ал Кәріқорған ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаз Шарханбек Қожаназаров өз сөзінде, биыл елімізде аталып өтетін Халық жазушысы, ірі қоғам қайраткері, көрнекті публицист, қасиетті Жуалы жерінің мақтанышы – Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына байланысты аудан көлемінде республикалық аламан айтыстың өткізілуіне аудан басшылығының мұрындық болуы қажет екенін айтып, оған жергілікті кәсіпкер азаматтардың қолдау білдіретініне сенімді екенін жеткізді. Әлбетте, тұрғындар тарапынан көтерілген әрі көп жылдан бері өз шешімін күткен әлеуметтік мәселелердің барлығына аудан басшылығы тарапынан тиісті жауаптар беріліп, оның кейбірінің шешілу жолдары округ тұрғындарымен бірге талқыланды.
Күреңбелдік тұрғындар ауызсудың азабын қашанғы тартады?
Өңір басшысы Жалғас Мұртаза Күреңбел ауылдық округінде жұмыс сапарымен болғанда, округке қарасты Қаратас ауылындағы Қаратас негізгі мектебінің ғимаратына бас сұғып, оқу кабинеттерін аралап көрді. Мектеп директоры Аманғали Тұрдалиевтың сөзінше, шағын ауылдағы бұл мектепте барлығы 47 оқушы білім алуда. Оның ішінде, 14 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Биылғы жаңа оқу жылында алты бала мектепалды даярлық тобына қабылданбақ.
Айта кету керек, Қаратас ауылында көше жолын орта жөндеуден өткізу және ауызсу құбырын тарту мәселесі қалыптасып отыр. 2017 жылы мұнда ауызсу қоры зерттелгенімен, оның қоры жеткіліксіз болып шыққан. Аудан басшысы Ж.Мұртаза аудандық «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевқа ауылды ауызсумен қамтамасыз ету ісінің маңызды әрі уақыт күттірмейтін мәселе екенін айтып, ауыл төңірегінен су қорын тағы бір зерделеуге нақты тапсырма берді.
Округтің орталығы Күреңбел ауылында да ауызсу проблемасы бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, мұндағы ауызсу құбыры өткен ғасырдың 60-шы жылдары жүргізілген. Өлмейтін өмірдің, сынбайтын темірдің жоқ екенін ескерсек, ауызсу тартуға орнатылған асбест құбырлар әр жерден жарылып, жарамсыз күйге түсуде. Содан болу керек, күреңбелдік ағайын тіршілік нәрінен тарығып отыр. Бұдан бұрын да бірнеше рет дәл осы ауызсу мәселесі бойынша тұрғындармен жиындары өткізілсе де, бұл мәселе әлі де өз шешімін табатын түрі көрінбейді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауыл тұрғындарымен болған кездесуінде, Күреңбелдегі ауызсу мәселесімен бұған дейін мұнда екі мәрте келіп, тұрғындармен кездескенін, аталған мәселеден жан-жақты хабардар екенін айтып, мұның нақты шешілу жолдарын да ұсынды.
-Аудандағы 49 елдімекеннің 31-і орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген деген ресми ақпарат бар. Ал, ең өкініштісі, Күреңбел ауылы да осы тізімнің ішінде тұр. Бірақ шын мәнінде олай емес. Күреңбелде таза ауызсу жоқ. Орталықтандырылған ауызсу құбыры болғанымен, ол әбден тозығы жетіп, ескірген. Жалпы ұзындығы сегіз шақырымды құрайтын құбырлардың кейбір тұстары мүлдем жарамсыз күйге түскен. Оны мен өзім аралап көргенде анық байқадым.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың жақында Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аудан басшысы ретінде мен бұл мәселені ол кісінің назарына жеткізіп, оның екі-үш шешілу жолын да ұсындым. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз қажет. Екі мыңнан астам тұрғыны бар Күреңбел ауылына орталықтандырылған ауызсу құбырын жүргізу үшін аймақ басшысынан тікелей тапсырма да алып отырмын. Жақын арада тиісті жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға кірісеміз. Бұл жоба мемлекеттік бағдарламалардың бірі арқылы өз шешімін табатын болады,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»