Basty bet
Ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі
Қазақ байырғы заманда-ақ ән-күйге жақын болған. Бүгінгі таңда еркіндікті аңсаған қазақ халқының көркем өнері өсіп өркендеп келеді. “Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра” деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек-ті. Қазақ халқы әнді, күйді, айтысты, термені, жырды, жалпы музыканы аса жоғары бағалайтын халық. Әр мәдени ошақтардың мәдениет қызметкерлері ауыл жастарының таланттарын биікке шығаруға өз үлестерін қосуы керек. Әр мәдени маманның мақсаты – ауыл жастарына өнердің түрлерін, аспапта ойнап, дауыстап әндетуді, күйді орындауды, биді билеуді таланттар мен талапкерлерге үйретіп, ауыл жастарына үлкен жол ашады. Міне сонда, бұл іс әрбір мәдениет қызметкерлерінің алдындағы міндет екендігін мойындауымыз қажет. Адам баласы өнер арқылы өмірдің қыр-сырын таниды. Жастар өзін-өзі бағалап, кемелденеді. Биікке қол созады. Б.Момышұлы айтқандай, «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы».
Шын дарын және өнер – бұлар өнердегі шыдамдылыққа жетелейтін асыл қасиеттер. Жаңаталап ауылы жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалануға баулу мақсатында Жаңаталап ауылдық клубында төрт үйірме тұрақты жұмыс жасауда. Оларға ауыл жастары қызығушылықпен белсене қатысады. «Көркемсөз оқу шеберлері» үйірмесі, «Қылқалам шеберлері» үйірмесіне 12-17 жас аралығындағы балалар қатысады. Бұл екі үйірме де балаларға арналған. «Асыл аналар», «Қолөнер шеберлері» үйірмелері ауыл тұрғындарына арналған.
Аталған үйірмелер ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап ауыл тұрғындары үшін жұмыс жасауда. Балаларға арналған үйірмеге 10 оқушыдан қатысады. Әр үйірменің өз ерекшелігі бар. Мысалы, «Көркемсөз оқу шеберлері» балалар үйірмесінің балаларды қызықтыру арқылы жаңа таным қалыптастыру, олардың ішінде, ұлттық құндылықтармен таныстыру үлкен мақсаттардың бірі; жұмбақтар шешу, мақал-мәтел сайысына қатыстыру, тақпақ оқу, батырлар туралы мағлұматтар беру.
«Қылқалам шеберлері» үйірмесінің балаларын әртүрлі сурет өнерін дамытуға, қоғамға үлес қосатын азаматтар тәрбиелеу –біздің басты мақсатымыз. Жаңаталап ауылының жастары өте белсенді, өз көзқарастары анық байқалады. Атап айтар болсақ, «Көркемсөз оқу шеберлері» үйірмесінің қатысушысы 5-6 -7-8 сынып оқушылары Карима Әрібжан, Камшат Омарбек, Кәусар Әби, Айбүбі Заманбек, Әсем Әшімхан, Асылзат Әшімхан үйірмеміздің мақтанышы деп айтуға болады. Олар аудандық Абай оқуларына да қатысқан белсенді балалар.
«Қылқалам шеберлері» үйірмесінің белсенді шәкірттері, 5-6 сынып оқушылары – Айсу Көшербай, Кәусар Әби, Әліби Мырзахмет, Айзере Әлімбек аз ғана уақыт ішінде ауыл көрінісі суреттерін тамаша етіп пейзаждады. Сондай-ақ, әртүрлі тақырыптағы суреттерді көркем композицияда орындайды.
Қорытындылай келе, мәдени-тынығу ісінің басты мақсаты – ел мәдениетін, арттыру үшін әр аймақ адамының ұлттық санасы мен сезімін қалыптастыру. Қазақ елінің, туған жерінің құндылықтары мен қасиетін дәріптейтін, жеке тұлға ретінде жастарды тәрбиелеу – біздің азаматтық борышымыз болады.
Айгүл Айхожаева,
Жаңаталап ауылдық клубының
үйірме жетекшісі