Basty bet

Ұлы жеңіс рухы жас ұрпаққа аманат!

Құрметті жұлдызы биік жуалылықтар!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамырдағы Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын аталып өтілетін бұл айтулы даталар – қазақстандықтардың барлық буынын біріктіретін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрамдар.
«Біздің елімізде соғыстың зардабын тартпаған бірді-бір семья жоқ» деп халқымыздың қаһарман перзенті, қасиетті Жуалы жерінің жұлдызын биіктеткен аса ірі тарихи тұлға, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жылға жуық уақыт өтсе де соғыстың салған жарасы әлі де толықтай жазыла қойған жоқ. Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр.
Жеңіс күні – тарихи естеліктер жаңғырып, болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадір-қасиетін өсиет ретінде жеткізетін күн. Бұл мейрам еліміздің ертеңі үшін жанын қиған қаһарман ата-апаларымыздың ерен ерліктерін еске түсіреді. Жеңіске жету жолында аянбай еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерді әскери техникамен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің де зор үлесін ұмытпауымыз керек. Майданға жолданған 10 оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекелерінің қатар келуінің тарихи терең мәні бар. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңімпаздардың әскери дәстүрі мен Отан қорғаушылардың қазіргі буынының сабақтастығын білдіреді. Аталарымыз бен әкелеріміздің озық дәстүрлерін жадымызда сақтау, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа оларды үлгі ету – біздің қасиетті борышымыз.
Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандар рухының алдында бас иіп, тағзым етеміз. Бұл күн – қан майданда парыз бен намысты алға ұстаған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен аталарымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі.
Ұлы Жеңісті жақындатуға отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Ағалардың ардақты ісін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастыратынына сенім білдіремін.
Қадірлі жерлестер!
Қатар келген қос мереке Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін.

Құрметпен,
Жалғас Мұртаза,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close