Basty bet

Кәсіби маман, қырағы қызметкер

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Бұл жүректілік пен батылдықты талап ететін нағыз ер жүректілерге тән мамандық. Өрт сөндірушілер күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүреді. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді, қателесуді кешірмейді. Осындай жауапкершілігі мол мамандықты абыроймен атқарып жүрген азаматтың бірі, төтенше жағдайлар қызметінің маманы – Бахтияр Мағыртай.
Төтенше жағдайлар саласына қызметке орналасу, ең алдымен жүрек қалауы, одан соң сана-сезімнің ұштасуымен көрініс табады. Сондай жан қалауының арқасында аталған саладан өз орнын тапқан жанның бірі – Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Бахтияр Мағыртай. Ол 1997 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында туған. Әкесі Батырбек пен анасы Гүлнардың тұңғыштары.
Жастайынан білімге құштар болған Бахтияр аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны үздік бітіріп, 2014 жылы Ақмола облысының Көкшетау қаласында орналасқан Көкшетау техникалық институтына «Өрт қауіпсіздігі» мамандығымен оқуға түсіп, оны үздік курсант ретінде тамамдаған. Алғашқы еңбек жолын 2018 жылы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері болып бастаған ол кейіннен Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, қазіргі таңда аталған бөлімінің аға анықтаушысы болып абыройлы қызмет атқаруда.
Жалпы Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен, аудандық полиция бөлімі, электр жүйесі және газ шарушылығы қызметкерлерімен бірлесіп, білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен қызметкерлерге, жеке кәсіпкерлерге және аудан тұрғындарына, аудан аумағындағы өрттерді және басқа да ТЖ-ның алдын алу, оған жол бермеу бойынша үгіт-насихат жұмысымен айналысуда. Бұқаралық ақпарат құралдарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түрлі тақырыптарда мақалалар жариялап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Б.Мағыртай бұл жұмыстардың бел ортасынан табылып, өзін кәсіби маман ретінде көрсету үстінде.
Ендігі кезекте маманның атқаратын нақты қызметіне тоқталсақ, Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Бахтияр Батырбекұлының тікелей қатысуымен 2023 жылы аудан көлемінде өрттермен байланысты бір қылмыстық іс, ал 2024 жылы бір қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары сәтті жүргізілгенін айта кеткен жөн. Ал 2025 жылдың 7 айы ішінде ол Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінде тіркелген 97 өрт, жану және авариялық-құтқару жұмыстарының басы-қасында болып, адам өмірі мен денсаулығын және құнды мүліктерін сақтап қалуға тікелей атсалысқан.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 15-16 қаңтар аралығында, 1-8 ақпан күндерінің аралығында қалың қардың жаууы салдарынан орын алған төтенше жағдайлар кезінде әртүрлі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатысқанын да айта кеткенді жөн көрдік.
Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Бахтияр Батырбекұлы өзінің біліктілігі мен кәсіптік деңгейін көтеру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысады. Оның әдепті, мінезі салмақты, қызметкерлер арасында сөзі өтімді және сыйлы екенін де айтқан жөн. Ұжымның және ауданның қоғамдық және спорттық өміріне белсене атсалысуы да оның кәсіби әрі жан-жақты маман екенін көрсетсе керек. Маманның саптық дайындығы жоғары екенін, апаттар салдарын және өрттерді жою кезіндегі тәжірбиесі бар және бұл жағдайларда өзін сауатты қызметкер ретінде көрсетіп, бірнеше рет апаттар салдарын жоюға қатысқанын айтады бөлім басшылығы мен ұжымдастары. Қиындық тудыратын жағдайларға тез арада бейімделіп, оны тұжырымдап және талдап дұрыс шешім қабылдау да кәсіби маманға тән қасиеттер.
Өзінің ісін асқан ұқыптылықпен атқарып, жергілікті халықтың алғысына бөленіп жүрген өз ісінің кәсіби маманы, қырағы қызметкер Бахтияр Батырбекұлы сынды елжанды азаматтар барда Тәуелсіз еліміздің болашағына деген сенімділік те зор болмақ…

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close