Basty bet
Ұстаздық еткен жалықпас…
Қарасаздық ардагер ұстаз, спортшы Алғабек Тоқболатов 1958 жылы бұрынғы Василевка ауылында (Бөкей тауының етегінде) дүниеге келген.
1976 жылы Алматы қаласындағы Қазан институтында дене шынықтыру және еркін күрес жаттықтырушысы мамандықтары бойынша білім алған.
1980 жылы отау құрған ол Қарасаз ауылына көшіп келеді. Содан бері Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және еркін күрес, үстел теннисі ойындарының жаттықтырушысы болып 42 жылдай еңбек етеді.
“Спорт – денсаулық кепілі” ұранын ұстанатын спортшының өзі де, дайындаған шәкірттері де талай рет халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстарға белсенділікпен қатысып, жүлделі орындарға ие болып, талайдың таңдайын қақтырған. Әр жылдары алған жетістіктеріне орай алған дипломдары, Алғысхаттары, Құрмет грамоталары, медальдары мен бағалы сыйлықтарының барлығы Алғабек ағаның үйінде сары майдай сақталып, сөренің бір жақтауында рет-ретімен тізіліп тұр.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Алғабек Тоқболатов өмірлік жары Динакүл Пралиева екеуі бір ұл, екі қыздан барлығы он төрт немере сүйіп отыр.
Зейнет жасында екенбіз деп үйде қол қусырып құр қарап отырған жоқ. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақшасын жайқалта егіп, мал шаруасын қоса дөңгелетіп отырған жайы бар. Мұны біз ауласына кірген бойда анық байқадық. Кейіпкердің айтуынша, мұндай шаруалар оған ерекше демалыс сыйлап, қанат бітіретін көрінеді.
Ұл-қыздарының барлығы оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу жандар. Бүгінде түрлі салада, әр қалада жемісті еңбек етуде. Атап айтар болсақ, тұла бойы тұңғыштары Әсел Тоқболатова жеке кәсіпкерлікпен айналысса, екінші қыздары Венера аудандық орталық ауруханада қызмет етеді. Ал, ұлы Еркін Алматы қаласында жеке фирманың қызметкері.
– Білімін ұдайы жетілдіріп отыратын мұғалім – қашанда сұранысқа ие. Сондықтан сабақ өту барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі методикаларды пайдаланатынмын. Сонда оқушыларды жалықтырып алмайсың. Дене шынықтыру сабағына деген ынта-жігерлерін арттыру үшін, түрлі ойындар ойнатып, жарыстарға дайындап жүрдім. Нәтижесінде шәкірттерім мені жерге қаратпай, бірталай сайыстарда бас жүлдені жібермей жүрді. Ал ұстаз үшін шәкіртінің жеткен жетістігі үлкен қуаныш. Мен шәкірт тәрбиесіне де, үйдегі бала тәрбиесіне де бірдей қарадым. Меніңше, бала тәрбиесінде қаталырақ болған жақсы. Керек кезде қаталдық танытып, жұмсақ мінез көрсету керек жерде жұмсақтық танытып ұл-қыздарымызды өсірдік. Ылғи да ақыл-кеңесімізді айтып, жол көрсетіп отырдық. Содан да болар ұл-қызымыздың артынан жаман сөз ермеді. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, үйлі-жайлы болды. Жұмыста да табысты болып жүргені жасырын емес,- дейді Алғабек Тоқболатов.
Ардагер спортшының жары Динакүл Пралиева бүгінде аудан орталығында ораналасқан “Венера” киім дүкенінің ісін жүргізіп отыр.
Осылайша ауыл халқына үлгі болып отырған ұстаз Алғабек Тоқболатов өмірге адам болып келген соң, адам болып қалу керек деген ойды берік ұстанады. Одан бөлек, шыншылдықты, турашылдықты жаны сүйеді. Ал, оның мұндай қасиетін бағалайтын ауылдастары да баршылық.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
журналист