Basty bet
АТА ЗАҢНЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ – АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУ

Биыл еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасының Халықтық Конституциясы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енгені белгілі. Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының басты қағидаттары – заңның үстемдігі, әділеттілік, тең мүмкіндік, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі болып табылады. Жаңа құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, құқықтық тәртіпті нығайту, адам мүддесін қорғау және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған қағидалар көрініс тапты. Конституцияның ең маңызды бағыты – ол адам капиталын дамыту. Білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, жастар саясаты мен әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне басымдық беру арқылы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру басты мақсат ретінде көзделген. Сонымен қатар, елімізде қабылданған жаңа Конституцияның аясында Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң бекітілгенін, сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде, бірқатар негізгі кодекстерге түзетулер енгізу жұмыстарының жүргізілгенін айта кеткен жөн. Солардың ішіндегі «Қазақстан Республикасының Президенті туралы заңы» бар. Онда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік және унитарлы мемлекет екендігі айқындалып, басқару үлгісі – президенттік республика делінген. Заңда Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметтерін айқындап, Президенттің жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге бір-ақ рет сайланатыны көрсетілген. Заңның талаптарына сәйкес, Президент Конституциялық Соттың төрағасын 8 жылға тағайындайды. Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын жоғарғы сот кеңесінің ұсынысымен 6 жылға және Бас Прокурорды өкілеттілік мерзімі 6 жылға Президент тағайындайды. Осы заңға сәйкес, конституциялық нормалардың негізінде Мемлекет басшысы Жоғарғы Соттың төрағасы мен Бас Прокурорды тағайындайды. Президент институтының басты жаңалықтарының бірі – Вице-Президент лауазымының енгізілуі. Президенттің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін айқындады. Қазақстан Республикасы Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ВицеПрезидент Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ, Президент айқындайтын өкілеттіктерді жүзеге асырады. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға сәйкес, Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгіледі. Қазақстан Республикасының Құрылтайы заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы болып табылады. Құрылтай жалпыға бірдей, тең және төте сайлау негізінде жасырын дауыс беру арқылы біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің де аумағы бойынша пропорционалдық өкілдік жүйе бойынша (партиялық тізім бойынша) сайланатын – 145 депутаттан тұрады. Жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он бес жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Сол сияқты «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы қабылданды. Заңда Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыруды және қызметін ұйымдастыруды белгіледі. Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган болып табылады. Қазақстанның Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады. Кеңестің құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондайақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адам өкілдік етеді (өңірлердің өкілдері). Халық Кеңесінің құрамы – 126 мүшеден тұрады. Оларды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Қазақстан Халық Кеңесінің сессиясында төрт жылдық мерзімге сайланады. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жылды құрайды. Бір сөзбен айтқанда, еліміз қазір аса ауқымды саяси өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан конституциялық реформалар – Қазақстан Республикасының жарқын болашағына бағытталған аса маңызды қадам. Бұл ретте Президенттің бастамаларына аса сергек қарап, оның сапалы жүзеге асырылуына жанашырлықпен атсалысқан абзал!
Абуғали ЕРАЛИЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы