Basty bet
Шаруаларды сапалы картоп тұқымымен қамту – басты міндет
Түктібай ауылындағы «Злиха» шаруа қожалығында облыстық семинар өтті
Ауасы таза, қоңыржай климатты қасиетті Жуалы ауданы картоп өсіруге өте қолайлы өңір саналады. Таулы өңір табиғатының ерекшелігін жақсы білетін жергілікті шаруалар жыл санап картоп алқабының көлемін ұлғайтуға күш жұмсау үстінде. Егістікке тек сапалы картоп тұқымын сіңірген шаруалардың өндірген өніміне Жамбыл облысымен қатар, Түркістан, т.б. өңірлерден сұраныс көптеп түсуде.
Биыл өңір шаруалары барлығы – 1 500 гектар алқапқа картоп тұқымын сіңірсе, оның 283 гектары Нұрлыкент ауылдық округінің шаруаларына тиесілі. Айта кету керек, ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында ілгеріде «Бурненский» совхозында картоп өсіруші болып жемісті еңбек ету арқылы айтарлықтай нәтиже мен жоғары жетістіктерге жеткен атақты еңбек майталмандары көптеп кездеседі. Картоп өсіру дәстүрін жалғастырушылар аталған ауылда әлі де бар.
Одақ кезінен қалыптасқан дәстүрлі еңбек салтын Түктібай ауылындағы «Злиха» шаруа қожалығы лайықты жалғастырып келеді. Аталған шаруашылық биыл «екінші нан» алқабын – 70 гектарға дейін ұлғайтып отыр. Ұзақ жылғы қажырлы еңбек пен жүйелі ізденістің нәтижесінде аталған шаруа қожалық «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болған.
Кеше «Злиха» шаруа қожалығында картоп өсіруші шаруашылықтарға арналған облыстық семинар өтіп, онда облысқа қарасты аудандардан картоп өсіруші шаруалар жиналып, өзара тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік алды.
Семинардың ашылуы және алғашқы бөлімі шарушылықтың Түктібай ауылында орналасқан картоп қоймасының маңында ұйымдастырылып, онда шаруашылықтың картоп өндірісіне арналған техникалары көрмеге қойылған. Атап айтқанда, картоп өндірісіне арналған жаңа маркалы қуатты тракторлар, картоп алқабының шөбін оруға және қазуға арналған жаңа техникалардың барлығы осында.
Облыстық семинарды аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов сөз сөйлеп ашты.
-Өздеріңізге белгілі, облыс әкімінің нақты көмек-қолдауымен 2020 жылы өңір шаруалары картоп өндірісіне арналған бірқатар техника, агрегаттарды жеңілдетілген бағамен сатып алған болатын. Өндіріске арналған техникаларға біздің ауданның шаруалары қол жеткізіп, соның есебінен картоп алқабының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр. Аудандағы картоп өндірісінің көлемін арттыруға «Злиха» шаруа қожалығының қосып отырған үлесі өте зор. Бұл шаруашылық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болып, аудандағы репродуктор ретінде танылды. Осыған сәйкес, аталған шаруашалық Еуропаның Нидерланды мемлекетінен жылына 20 тонна элиталы және І репродукциялы сапалы тұқымды осында әкеліп, оны жерсіндіру арқылы көбейтіп, өңірдің басқа да шаруашылықтарын өте сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп келеді. 2025 жылы 40 тонна сапалы тұқым сатып алуға сұраныс берілген. Басты мақсат-міндетіміз – облыстың картоп өсіретін шаруашылықтарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету,- деп атап өтті Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Келесі кезекте сөз алған шаруашылықтың жетекшісі Нұржігіт Бегалы: «Злиха» шаруа қожалығында картоп өндірісін ұлғайтуға мүмкіндіктердің барлығы қарастырылған. Қолда бар техникалардан бөлек, шаруашылық Германияның «Гримме» фирмасының өндіріске арналған техникаларын пайдалану үстіндеміз. Сапалы тұқым және озық технологияларды өндіріске енгізудің есебінен картоп өнімділігі жыл санап артып келеді. Шаруашылықта ауыспалы егістіктің әдіс-тәсілдері мен тиісті агротехникалық шаралардың барлығы қатаң сақталады. Ендігі кезекте шаруашылық ісін дамытумен қатар, картопты терең өңдеуге де көңіл бөлудің уақыты келді. Қазір бізде шағын өндіріс орнын ашып, картоптан құрғатылған фри өнімін шығарсақ деген жоспар бар. Біздің шаруашылықта өндірілген сапалы картоп отандық нарықта үлкен сұранысқа ие. Тұқымды да жыл санап жаңарта отырып, өндірісті ұлғайтсақ деген ниет бар» деді Нұржігіт Мамырұлы.
Иә, шаруашылық басшылары атап өткендей, көп жылғы ізденіс нәтижесіз болған жоқ. Тұқым шаруашылығы биыл егістік алқаптарға картоптың «Пикассо» және «Коломба» аталатын элиталы сорттарын егу арқылы рекордтық мол өнімге қол жеткізді. Дәл қазір шаруашылықта картоп жинау науқаны қызу жүргізілуде. Жиналған өнім шаруашылықтың сыйымдылығы 1 500 тоннадан асатын екі бірдей қоймасына жөнелтілуде.
Картоп өсірушілерге арналған облыстық семинардың негізгі бөлімі «Злиха» шаруа қожалығының картоп алқабының басында өтіп, онда іс-шараға қатысушылар картоп қазу процесіне және оның қандай топырақ пен ауа райында өндірілетінін көзбен көрді. Алқап басында да шаруашылық басшыларынан, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөз сөйлеп, озық тәжірибелерімен бөлісті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»